Биыл Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа нұсқасы таныстырылған болатын. Ұлыс күнін 14 наурыздан 22 наурызға дейін тоғыз күн, тоғыз атаумен мерекелеу белгіленген-ді.
Бұл арқылы наурызды тек сахналық сипатта ғана тойламай, ұлттық мерекемізді жаңғыртудың жаңа дәстүрін қалыптастыру көзделді. Осы мақсатта 17 наурыз «Дархандық күніне» орай ауданның «Úmit-ART» волонтерлар тобы қайырымдылық акциясын жалғастырды. Жалпы бұл күні игі істер атқарылып, қайырымдылық жасалып, волонтерлыққа ұмтылатын іс-әрекеттер атқарылуы тиіс.
![]()
Осы мақсатты орындау үшін еріктілер күннің суығында қызмет етіп, көшеде жүргендерге ыссы шай мен тәтті тіскебасар ұсынып, мейірім шуағын сыйлады. Ерікті жастардың ерікті ісіне қызметкерлер ізгі ілтипатын білдірді. Сондай-ақ, жастар жалғызбасты қарияның үйіне барып, қол көмегін көрсетті. Олар ауладағы қоқысты шығарып, айналасын ретке келтіріп берді. Бұл күні әртүрлі игі істердің жанынан табылып жүрген «Asar» волонтерлар тобы да қарап қалмады.
![]()
Аудан орталығындағы «Демеу» қайырымдылық дүкеніне қолғабыс етіп, қайырымды істерімен көзге түсті. Дүкен ішін жинастырып, киімдерді реттестіріп, жайлы жағдай туғызды. Сондай-ақ, еріктілер дүкенге құр қол бармай, киім-кешек апарды.
Игі істің алғысына шабыттанған еріктілер алдағы уақытта қайырымдылық шаралары жалғасын табатынын жеткізді.
М.ІЗТҰРҒАНОВА


