Аудан волонтерлары короновирустың таралуына жол бермеу және алдын алу мақсатында 21-22 наурыз күндері игі іс атқарды. Олар көпреттік маскаларды аудан тұрғындарына тегін таратты.
Ерікті жастар елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде өзгелерге осылайша көмек беруді жөн санапты. Бұл қайырымдылық шарасына Доссорлық кәсіпкер Эльмира Мусина және Мақат кентіндегі «Айсұлу» жиһаз салонындағы тігіншілер үн қосып, қызметіне ақы сұрамастан маскаларды тегін тігіп берді.
«Аsar» волонтерлар тобы Мақат кентіндегі тұрғындарға 80 маска таратса, «Umit ARТ» волонтерлар тобы Доссор кентінің тұрғындарына 100 маска үлестірді.
Жастар көше бойында, қоғамдық жұмыста жүрген қызметкерлерге, құрлыс алаңдары мен аялдамаларда тұрған көпшілік қауымға осылай қолдау көрсетті.
Таратылған бетперделер шыт матадан тігілген. Ерекшелігі бір реттік емес. Масканы тағып келгеннен кейін жуып тазалап, үтіктеп бірнеше рет қолдануға болады.
Мұндай маскаларды тігу аса бір қиын іс емес. Ғаламтордан қарап, әр адам өзіне дайындап алуына мүмкіндігі бар. Адам көп жиналатын орындарда, қоғамдық көлікте, сауда нүктелерінде осындай маскаларды тағып жүру өміріңізге төнген қауіпті сәлде болса сейілтетіні анық.
Айта кетейік, ауданда коронавирус қауіпінің алдын алу және төтенше жағдайлар орын алған жағдайда шұғыл түрде жұмыстар жүргізу, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау шаралары қолға алынған.
Соның ішінде ерікті кәсіпкерлер мен ерікті жастар да аянып қалмай, өз қолдауларын көрсетуде. Белсенділер әлемдік пандемия кезінде қолдан келгенше жанашырлық таныту – міндетіміз деп отыр.
Мұндай қайырымдылық шаралары алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.
М.ІЗТҰРҒАНОВА