Әйелдер қауымын әдемі әсерге бөлейтін көктемнің жарқын да шуақты мерекесі 8 наурыз күні аудан еріктілері көпке үлгі боларлық игі іс тындырды.
«Úmіt-ART» волонтерлар тобы Мақат, Доссор кенттері және Бәйгетөбе ауылдық округінде тұратын асыл әжелерді мерекелерімен құттықтап, шаңырақтарына барды. Гүл шоқтары мен тәттілерді ала барған еріктілер аналарға ән шырқап, тілектерін жеткізді. Әр отбасының береке-бірлігін қалыптастырып, халқымыздың дәстүрі мен салтын, оның мәдениеті мен тарихын тілін қадірлеуді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатырған әжелер жастарға шынайы ризашылықтарын білдіріп, ақ батасын жаудырды.
Одан әрі еріктілер теміржол вокзалына барып, гүл шоқтарын мереке күні қызметте жүрген жолсеріктер мен жолаушыларға таратты.
Көктемнің жайма шуақ күнінде «Асарлық» еріктілер де аудан халқы көп шоғырланатын жерлерде нәзік жандылардың құшағын гүлге толтырып, мерекемен құттықтады. Аналарға ізгі тілектерін жеткізіп, әдемі әсер сыйлай білді. Волонтерлар көктемгі мерекеде әйел азаматтарға жақсы көңіл-күй сыйлау арқылы ерекше әсерге бөленгендерін айтады.
М.ІЗТҰРҒАНОВА