Олжас Бектенов Ұлытау облысында шахтадағы апат салдарынан қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, үкіметтік комиссияның жұмысы туралы есепті тыңдады

Олжас Бектенов Ұлытау облысында шахтадағы апат салдарынан қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, үкіметтік комиссияның жұмысы туралы есепті тыңдады
(0 Votes)

Үкімет отырысында күн тәртібіндегі мәселеге кіріспес бұрын Олжас Бектенов Ұлытау облысында шахтаның опырылу салдарынан қаза тапқан жұмысшылардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

«Үкімет атынан шахтадағы апат салдарынан қаза тапқан кеншілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Марқұмдардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетіледі. Оқиға орнында тиісті қызметтер жұмыс істеп жатыр», — деп атап өтті Премьер-министр.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен апаттың себептерін тексеру және зардаптарын жою бойынша үкіметтік комиссия құрылды. Жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың есебі тыңдалды.

Биылғы 17 ақпанда «Қазақмыс» корпорациясының «Жомарт» кеніші шахтасында апат орын алғаны атап өтілді. 7 адам қаза тапты. Бұл ретте 402 адам өз бетінше эвакуацияланды.

Аталған жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Оқиға орнында Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық жедел штабы құрылды. Сенім телефонына 23 қоңырау түсті.

Премьер-министрге үкіметтік комиссия апаттың себептерін тергеу бойынша жұмысты бастағаны, тиісті сараптамалар жүргізілетіні баяндалды. Алдын ала мәлімет бойынша, шахтада табиғи газ жарылған. Комиссия басшысы мен мүшелері оқиға орнында болып, қаза тапқандардың отбасыларымен кездесу өткізді.

Қазір шахтадағы жұмыс тоқтатылды. Екі арнайы шағын комиссия құрылды: біреуі апаттың себептерін, екіншісі қауіпсіздік ережелерін бұзу фактілерін анықтайды. Шағын комиссиялар өз жұмысын 10 күн ішінде аяқтауы керек.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қаза тапқандардың отбасыларына қажетті қолдау шаралары көрсетілуде.

Сондай-ақ «Қазақмыс» корпорациясы ұжымдық шартқа сәйкес, жерлеу рәсімін ұйымдастыру, жылдық орташа жалақының 10 еселенген мөлшерін төлеуге, балалардың оқу ақысын төлеу, қаза тапқан жұмысшылардың несиелері мен қарыздарын өтеуге көмек көрсетеді.

Сонымен қатар қолданыстағы заңнама шеңберінде кеншілердің отбасыларына бюджеттен мемлекеттік жәрдемақылар және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қорынан әлеуметтік төлемдер тағайындалады, сондай-ақ жерлеуге арналған төлемдер жүргізіледі.

Жалпы Комиссия жұмысы аяқталғаннан кейін тергеу нәтижелері ұсынылады.

«Оқиғанының мән-жайын мұқият тексеріп, зардаптарын жою керек. Қанат Алдабергенұлы, жүргізіліп жатқан жұмыстар барысы туралы үнемі баяндап отырыңыз», — деп атап өтті Премьер-министр.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT