Ең жоғары мөлшерлеме – 27%
Бүгінде әлемнің 175-ке жуық елі тауарлар мен қызметтерге қосылған құн салығын салады. Оның мөлшерлемесі әр елдің экономикалық жағдайына байланысты әртүрлі. Бір мемлекеттер оны жоғары қойып, мемлекеттік шығындарды жабуға тырысса, басқалары халықтың әл-ауқатын қорғау үшін төмен мөлшерлемені сақтайды немесе белгілі бір тауарлар мен қызметтерді салықтан босатады. Зерттеулерге сүйенсек, Еуропадағы ең жоғары көрсеткіш Мажарстанда – 27%. Бұл өте жоғары көрсеткіш болғанымен, ел билігі әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен қызметтерге арнайы жеңілдіктер қарастырған. Мәселен, азық-түлік пен дәрі-дәрмек секілді негізгі қажеттіліктерге салық мөлшерлемесі төмендетілген. Мұндай саясат мемлекеттік бюджет кірісін арттыруға көмектескенімен, халыққа түсетін қаржылық ауыртпалықтың артуына байланысты сынға жиі ұшырайды дейді экономист Расул Рысмамбетов.
– Қосылған құн салығы – мемлекеттік бюджетті толықтырудың маңызды құралдарының бірі. Бірақ оның тиімділігі тек мөлшерлемесіне емес, сонымен қатар шекті деңгейіне де байланысты. Бұл салықтың мөлшерлемесі әр елде әртүрлі болғанымен, негізгі қағида бір: мемлекет бюджетке түсетін кірісті арттыру үшін ҚҚС мөлшерлемесін белгілейді, ал кәсіпкерлер мен тұтынушыларға түсетін ауыртпалықты азайту үшін әртүрлі жеңілдіктер қарастырылады. Мысалы, Оңтүстік Кореяда ҚҚС мөлшерлемесі 10% ғана болғанымен, шекті деңгейі нөлдік, яғни барлық кәсіпкер осы салықты төлеуге міндетті. Бұл жүйе мемлекетке тұрақты кіріс түсіргенімен, шағын кәсіпорындар үшін ауыртпалық болуы мүмкін. Ал кейбір елдерде ҚҚС мөлшерлемесі жоғары, бірақ белгілі бір кәсіпкерлік субъектілері мен тауарлар үшін салықтан босату немесе төмендетілген мөлшерлеме қарастырылған, – деп түсіндірді ол.
Дания мен Швецияда ҚҚС мөлшерлемесі 25% деңгейінде белгіленген. Бұл елдерде денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамтамасыз ету жүйелері өте жоғары деңгейде дамыған. Үкімет осы қызметтерді қаржыландыру үшін бюджетке мол қаржы жинауға тырысады, ал ҚҚС кірістің негізгі бөлігін құрайды. Яғни салықтың жоғары болуының себебі – азаматтарға берілетін тегін медициналық көмек, сапалы білім, әлеуметтік жеңілдіктер. Францияда болса стандартты ҚҚС мөлшерлемесі – 20%, алайда белгілі бір тауарлар мен қызмет түрлеріне жеңілдіктер қарастырылған. Мысалы, азық-түлік пен қоғамдық көлік тарифтеріне 5,5%, 10% төмендетілген мөлшерлемелер қолданылады. Ұлыбритания Еуропалық одақтан шыққаннан кейін де ҚҚС жүйесін сақтап қалды. Мұнда да мөлшерлеме – 20%, бірақ бірінші қажеттілік тауарлары – азық-түлік, балаларға арналған тауарлар, кітаптар нөлдік салық мөлшерлемесімен босатылған.
– Салық әкімшілігін күшейтудің бір мысалы – АҚШ-тағы Аль Капоне ісі. Оны құқық қорғау органдары емес, салық қызметі қылмыстық жауапкершілікке тартқаны көпке мәлім. Бұл салық органдарының тиімді жұмыс істей алатынын көрсетеді. Бірақ салықтық бақылауды күшейту сыбайлас жемқорлықтың өсу қаупін де тудырады. Салық органдарына қосымша өкілеттіктер беру керек, бірақ олардың жұмысын қатаң бақылау да маңызды. Егер қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптасса, салық әкімшілігін жетілдіру де оңайырақ болады, – дейді Р. Рысмамбетов.
Мәселен, Қытайда ҚҚС мөлшерлемесі бұрын 13-16% аралығында өзгеріп отырған, алайда кейінгі салық реформалары нәтижесінде 13% деңгейінде тұрақтандырылды. Қытай билігі ҚҚС мөлшерлемесін белгілеу кезінде бірнеше факторды ескереді: ішкі тұтыну деңгейі, экспорттық бәсекеге қабілеттілік және мемлекеттік кірістер. Мұнда салықты тым жоғарылату ішкі нарықтағы тауарлардың қымбаттауына әкелуі мүмкін, ал салықты төмендету – мемлекеттік бюджеттің тапшылығына себеп болады. Сондықтан да тепе-теңдікті сақтауға тырысады.
Жапония 2019 жылы тұтыну салығын 8%-дан 10%-ға дейін көтерді. Бұл шешім инфляцияны күшейту және тұтынушылардың сатып алу қабілетін төмендету қаупін тудырды. Дегенмен үкімет бұл қадамды әлеуметтік шығындарды, әсіресе қарттар мен денсаулық сақтау саласын қаржыландыру үшін қажет деп тапты. Яғни салық ауыртпалығын арттыру арқылы үкімет зейнетақы жүйесін жақсартуға және медициналық қызметтер сапасын көтеруге тырысып бағуда.
Ресей 2019 жылы ҚҚС мөлшерлемесін 18%-дан 20%-ға көтерді. Билік бұл өзгерісті ұлттық жобалар мен әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыру қажеттілігімен түсіндірді. Алайда салықтың көтерілуі тауарлар мен қызметтердің қымбаттауына алып келді, бұл өз кезегінде тұтынушылардың наразылығын тудырды. Ресейде халықтың төлем қабілеті бірқатар еуропалық елдермен салыстырғанда төмен, сондықтан ҚҚС-ның өсуі тұтыну деңгейін азайтып, шағын және орта бизнестің ауыртпалығын арттыруы мүмкін.
«Алтын ереже» жоқ
Сонымен тәжірибе көрсеткендей, ҚҚС мөлшерлемесін белгілеу – әрбір елдің экономикалық және әлеуметтік саясатына байланысты қабылданатын стратегиялық шешім. Жалпы, салық мөлшерлемесі қаншалықты жоғары болса, бюджетке түсетін қаржы да соғұрлым көп болады. Алайда тауарлар мен қызметтердің қымбаттауына әкеледі, нәтижесінде халықтың сатып алу қабілеті төмендейді. Керісінше, мөлшерлеме төмен болған жағдайда, тауарлар мен қызметтер арзандайды, бұл экономикалық белсенділікті арттыруы мүмкін. Бірақ мұндай саясат мемлекеттік бюджетке түсетін кірістердің азаюына, әлеуметтік бағдарламалардың қаржыландыру тапшылығына алып келуі ықтимал. Жалпы, күрделі парадокс. Әрбір мемлекет осы екі фактордың арасындағы тепе-теңдікті табуға тырысады.
– Кейбір елдерде әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен қызметтерге төмендетілген ҚҚС мөлшерлемелері немесе толықтай салықтық босатулар қарастырылған. Бұл жүйе тұтынушылардың шығындарын азайтады. Елімізде де азық-түлік өнімдерін өндірушілер мен ауыл шаруашылығы секторына жеңілдік беру мәселесі қарастырылып жатыр. Кейбір елдерде бұл салаларға нөлдік мөлшерлеме енгізілген тәжірибелер бар. Бірақ еліміз өзін азық-түлікпен толық қамтамасыз ете алмайтындықтан, бұл секторда ҚҚС-ны нөлдік деңгейде сақтау орынды болуы мүмкін. Дегенмен ауыл шаруашылығының ішінде жоғары табысты кәсіпорындар бар, оларға төмендетілген салық мөлшерлемесін қолдану тиімсіз. Сондықтан салық жүйесін өзгерткенде әр саланың ерекшеліктерін ескеріп, дифференциацияланған тәсіл қолдану маңызды, – дейді экономист.
Иә, көптеген дамыған мемлекетте ҚҚС немесе соған ұқсас салықтар (мысалы, АҚШ-тағы сату салығы) 12%-дан әлдеқайда жоғары. Мәселен, Еуропа елдерінде салық жүктемесі көп, бірақ олардың өмір сүру деңгейі де сәйкесінше жоғары. GfK зерттеу орталығының мәліметінше, былтыр Еуропадағы орташа сатып алу қабілеті 3,9%-ға өсіп, 18 768 еуроны құрады. Еуропа елдерінде орташа жалақы ТМД елдеріне қарағанда әлдеқайда көп. «Trading Economics» сайтының мәліметіне сүйенсек, Германияда орташа жалақы – 4479 еуро, Францияда – 3613 еуро, Испанияда – 2205 еуро, Польшада – 1916 еуро. Ал бұрынғы кеңестік елдерде бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен: Ресейде – 440 мың теңге, Өзбекстанда – 210 мың теңге, Қырғызстанда – 213 мың теңге. Бізде 2024 жылы орташа жалақы шамамен 420 мың теңгені құрады.
– Қазақстанда ҚҚС мөлшерлемесі республикалық бюджетке тікелей түседі, яғни өңірлік бюджеттерге бөлінбейді. Сонымен қатар елімізде корпоративтік табыс салығы (КТС) бар, ол кәсіпорынның таза пайдасынан алынады. КТС мөлшерлемесін көтеру туралы пікірлер болғанымен, бұл бизнестің табысын азайтып, инвестициялық мүмкіндіктерін шектейді. Сондықтан салықтың нақты мөлшерлемесін белгілеуде «Алтын ереже» жоқ. Әр ел өз экономикалық жағдайына, әлеуметтік саясатына және бюджеттік қажеттіліктеріне қарай салық жүйесін қалыптастырады. Егер мемлекет ҚҚС шекті деңгейін нөлге жақындатса және ставка оңтайлы белгіленсе, онда салық төлеушілердің саны артып, жалпы жүйе тиімдірек жұмыс істеуі мүмкін, – дейді сарапшы.