Үкіметте «ХАЛЫҚПЕН БІРГЕ!» жол картасының орындалу барысы қаралды

Үкіметте «ХАЛЫҚПЕН БІРГЕ!» жол картасының орындалу барысы қаралды
(0 Votes)

Үкіметте вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «ХАЛЫҚПЕН БІРГЕ!» сайлауалды бағдарламасының орындалуы бойынша жол картасын іске асыру жөніндегі штаб отырысы өтті. 

Жол картасы азаматтардың әл-ауқатын экономикалық және әлеуметтік дамытудың 10 бағытынан тұратын 205 шараны қамтиды. Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин атап өткендей, 2024 жылы макроэкономикалық көрсеткіштердің оң динамикасы байқалады. Өңдеу өнеркәсібінде 1,3 трлн теңгеге 180 инвестициялық жоба іске асырылып, бұл сектордың 6%-ға өсуін қамтамасыз етті. 11 айдың дерегіне қарағанда, тауар айналымы көлемі қазақстандық тауар экспортының 2,8%-ға ($73,9 млрд) өсуімен $127,5 млрд құрады. Инфляция қарқыны 2023 жылғы 9,8%-дан 8,6%-ға дейін бәсеңдеді. 12 айдағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 19,4 трлн теңге. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда, 7,5%-ға артық. 

Азамат Әмрин қол жеткізілген оң нәтижелер Жол картасын жүйелі іске асырудың арқасында мүмкін болғанын атап өтті.

Азаматтарға әлеуметтік қамқорлық бағыты бойынша былтыр әскери және медицина қызметкерлерінің жалақысы 40%-ға, мәдениет және мұрағат ісі қызметкерлеріне 20%-ға, мемлекеттік балық өсіру кәсіпорны саласында 80%-ға, азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарына 71%-ға өсті. Базалық зейнетақы төлемі мен жәрдемақыны 7%-ға, ынтымақты зейнетақыны 9%-ға индекстеу жүргізілді. Базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 60%-дан 65%-ға дейін, ал ең жоғары мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100%-ынан 105%-ға дейін ұлғайтылды. 

Мектепке дейінгі 78 мың орындық 641 ұйым ашылып, 375 мың орындық 254 мектеп пайдалануға берілді. Шағын қалаларда, аудан орталықтары мен ауылдарда 1 000 мектепті жаңғырту аяқталды. 

Халықты сапалы медициналық қызметпен қамту үшін 2 инсульт орталығы мен 4 коронарлық араласу орталығы ашылды. 

«Өз баспанасы және жайлы инфрақұрылымның болуы» төртінші бағыты шеңберінде сапалы тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру үшін шамамен 19 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Ауылда тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 6,5 млрд теңге сомасындағы 580 шағын кредит беріліп, 744 жұмыс орны құрылды. «Ауыл – ел бесігі» шеңберінде 500 ауылдық елді мекенде 200 млрд теңге сомасындағы 1,4 мың жоба іске асырылды.

Отырыста атап өтілгендей, соңғы екі жылда Үкімет пен «AMANAT» партиясы фракциясы мүшелерінің бірлескен күш-жігерінің арқасында әлеуметтік-экономикалық дамуға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға елеулі ықпал еткен 143 іс-шара іске асырылды. Дегенмен іс-шараның бір бөлігі былтырғы су тасқыны, бюджет тапшылығы және басқа да объективті себептердің салдарын жоюға байланысты орындалған жоқ. Отырыста барлық орындалмаған іс-шараны іске асырудың мүмкіндігі егжей-тегжейлі талданды. Жиынды қорытындылай келе, вице-премьер жауапты мемлекеттік органдарға осы іс-шараларды бақылауға алып, оларды тиімді шешу жолын айқындауды тапсырды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT