Халықтың реформалардың нәтижесін сезінгені жақсы

(0 Votes)

Біз осы кезеңге дейін «реформа» дегенді жәй сөз ғана емес, ресми термин ретінде қабылдап келдік.  Жасыратыны жоқ, 30 жылдың ішінде біраз «реформа» орнайды дедік, оның ізімен талай бағдарлама қабылданды. Алайда, көпшілігі қағаз жүзінде қалды. Нақты іске асқаны да бар. Алайда бұқараның көңілінен шыққан бағдарламалар некен-саяқ екені бәрімізге мәлім.  

Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа саяси реформалардың алды етіп Қазақстан Президентінің өкілеттілігін шектеуі еді.  Яғни «билік халықпен санасады» деген тұжырымдамаға басымдық берді.  Енді «Мықты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» үштігі жұмысының нәтижесін көреміз деген үмітіміз басым. Негізі халық үнін үкіметке жеткізетін адам ол – депутат десек, биылғы парламентке сайлауға түскен азаматтардың арасында тартыс қызу өткенін көрдім. Сайлау кезінде еркін журналист ретінде науқанның қалай өткенін көрдім. Бұрынғы мемлекеттік қызметте болған кездегі сайлау науқанын салыстыра айтсам, биыл бұрынғыдан ерекше өтті.  Жаңа Парламент қалыптасты, жаңаша жұмыс бастады, бірақ маңыздысы – нәтиже, ал оған кішкене уақыт керек.  

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше  Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың негізгі отырысында  да елдегі реформалардың бағдары өзгермейтінін атап өтті.

«Бәріміз бір ел болып орасан зор жұмыс атқардық. Қазақстан осыдан 2-3 жыл бұрынғы, тіпті, бір жыл бұрынғы қалпынан айтарлықтай өзгерді. Біз аз уақытта зор серпіліс жасадық. Бұған ынтымақ-бірліктің және сындарлы қоғамдық диалогтың арқасында қол жеткіздік», – деді Мемлекет басшысы.

Расында, сөзімнің басында айтып өткенімдей, көпшілік реформалардың табысты боларына күмәнмен қараған еді. Бірақ, ел Президентінің «біздің бағдарымыз өзгерген жоқ. Ауқымды саяси жаңғыру жоспарын рет-ретімен жүзеге асырамыз» деген сөзі одан әрі күш-қуат беріп халқымызды жігерлендіре түскендей.

Қандай мәселе болсын депутаттарға ысырып отыра бермей, өзіміз де өткір мәселе қозғауымыз керек. Қазір азаматтық қоғам институттары мен БАҚ өкілдерінің рөлі артып келеді. Халықтың тұрмысы оңалмаса экономика жақсарады дегенге сенбеймін. Сондықтан, әр адам – қоғамның бір бөлшегі. Өз ойымызды ашық айтып, мәселе қозғауымыз керек деп ойлаймын. Сонда алға ілгерілеу болады.

Назымгүл Қайсағалиева,

«Жаңа уақыт» қоғамдық қорының төрайымы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT