Қаржыға да ашықтық қажет

(0 Votes)

Президенттің «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға қол қоюы халықтың көкейіндегі қобалжулы сұрақтардың бірін дөп басты. Неге десеңіз, қалың бұқараны біздің тұрмыс жағдайымыз, басқа да кем-кетігіміз алаңдатады. Соның ішінде өзімізде өндірілетін қазба, жерасты байлықтары, өзге де табыстардың басым бөлігінің шетелге кетіп қалғаны өкінішті.

Осыған дейін «Қазақстанның бір азаматы шетелден мүлік алды, шетелден жұмыс орнын ашты, шетелге көшті» дегенде қол шапалақтап қуанушы едік. Соңғы уақытта мұндай хабарды естіген халық «тағы қанша қаржы далаға кетті екен?» деп алаңдайды. Бұл туралы көптеген бұқаралық ақпарат құралдарында айтылып та жүр. Тіпті, қаражаттың көлемі де көрсетіліп, жазылып жатыр. Мұндай жаға ұстатар сандарды көріп шошынып отырғанда мына заңның қабылдануы дер кезінде қолға алынған шешім екенін баса айтқым келеді.

Ендігі уақытта заң аясында шетелге заңсыз кеткен қаражаттар мен мүліктер елімізге оралып, экономикамыздың серпін алуына зор әсер ететіні сөзсіз. Бұдан кейін халықтың алаңдап отырған көңіл-күйі де басылар еді.

Бірақ, бір нәрсені қатаң ескеру қажет. Заң негізінде елге қайтарылған қаражаттар туралы «осыншама мөлшерде қайтарылды. Бұл сома мына бағытқа бөлініп, оның осынша көлемі жұмсалды, одан мынадай нәтиже көрдік» деген тәрізді нақты ақпарат болуы керек. Әйтпесе, бізде көбінесе «қаржы қайтарылды, орнына келді» деген жалаң мәлімет беріледі де, оның қайда, қалай және қандай мақсат-мүддеге жұмсалғаны туралы айтылмайды.

Қазір халықтың көзі ашық, көкірегі ояу. Оларды ашық ақпаратпен қамтамасыз етіп отырудан тиісті құрылымдар қорықпауы тиіс. Елге оралған активтердің жиынтығы – халықтың меншігі мен байлығы. Сондықтан, жоғары ведомстволық құқық қорғау органдары халықпен тығыз байланыста, нақты ақпараттар беріп отырса деген ұсыныс бар.

Елде заңсыз иемденілген мүліктер өте көп екенін естіп, біліп жатырмыз. Енді осы заң елге қайырымен, берекесімен қызмет етсе екен. Құқық қорғау органдары халыққа адал да әділ болуы керек.

«Ауруда шаншу жаман, сөзде қаңқу жаман» дейді атам қазақ. Халықтың ішіндегі алауыздық, билікке көңілдің толмауы ақпараттың ашық болмауы, кейде мәліметтердің бұрмалануының салдарынан туындайды. Сондықтан, Бас прокуратураның баспасөз қызметі цифрларды нақты көрсетіп, әділдік пен ашықтықты қамтамасыз еткені ләзім.

Мұрат САРМАНОВ,

«Қазақстан Фермерлер Одағы» қоғамдық бірлестігі

Атырау облыстық филиалының төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT