Елдің келешегі кішкентай істен қалыптасады

(0 Votes)

Қазақстанның жаҺандық бастамаларын, оның ішінде бітімгершілік бастамаларын, Қазақстан Республикасының халықаралық қоғамдастықтардағы қызметін қалың бұқараға түсіндіріп, әрі қарай ілгерілетуге ықпал етудің мәні өте жоғары. Еуразия құрлығының жүрегінде орналасқан еліміз оңтүстік шығысында Қытаймен, іргелес Қырғызстанмен, Түрікменстан, Өзбекстан және Ресеймен шектеседі. Шекараның жалпы ұзындығы – 12187 шақырым. Әлемдік мұхитпен тікелей жалғаспайтын жер жүзіндегі ең ірі мұнай өндіруші елдің батыс өңірінде көмірсутегі шикізатының айтарлықтай қоры бар. Бүгінде Қазақстан жылына 90 миллион тоннадан астам мұнай және газ конденсатын алатын әлемдегі ірі мұнай өндіруші мемлекеттер қатарына жатады. Қазіргі анықталған мұнай қоры жөнінен әлемде тоғызыншы орында тұр.

Бүгінде Қазақстан «Жаңа Жібек жолы» атты ауқымды жобаны жүзеге асыруда, ол елдің құрлықтағы басты байланыстырушы буыны ретіндегі тарихи ролін жаңғыртып, оны өңірлердің аса ірі іскерлік және транзиттік хабына – Еуропа мен Азия арасындағы өзіндік көпірге айналдыруға тиіс. Елдің айрықша әсем ландшафтық байлығы мен бірегей мәдени-тарихи мұрасын дамытудың жаңа мүмкіндіктеріне айналдыра алатын Қазақстанның туристік кластері де айтарлықтай әлеуетке ие. Қазақстан – бүгінде болашағы айқын, келешегі кемел дамып келе жатқан, бәсекелестік пен мәдени қарым-қатынастармен байланыстыратын, дүние жүзіне танылған мемлекет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 20 шілдеде «Орталық Азия + Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастығы кеңесінің» бірінші саммитінде Қазақстанның сыртқы саясатында ұстанып отырған саясатына кеңінен тоқталған еді.

Жиддадағы жаһандық бастамалар

Сауд Арабиясы Корольдігіндегі портты қала – Жиддада өткен Орталық Азия мен Шығанақтағы араб мемлекеттері басшыларының бұл кездесуі ең алдымен, уақыт талабы және көпжақты ынтымақтастықты мүлде жаңа деңгейге көтеру жолында өзара түсіністік бар екенін көрсеткендей. Бүгінде біздің елдеріміз екіжақты форматта берік әрі үйлесімді мемлекетаралық қатынас орнатты. Сенімді әрі белсенді саяси диалог нәтижесінде сауда-экономикалық ынтымақтастық дамып, мәдени-гуманитарлық байланыстар тұрақты түрде нығайып келеді.

– Жаһандық орнықты даму мәселесі бойынша мемлекеттеріміздің халықаралық аренадағы көзқарастары – ортақ немесе жақын. Жалпы, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі мақсаттары да бір. Тарихи байланыстар, ортақ рухани құндылықтар, достық пен бауырластық – қарым-қатынасымыздың берік негізі екені сөзсіз. Қазақстан бүгінгі кездесуге ерекше мән береді. Шығанақ елдерінің саяси ықпалы, экономикалық және инвестициялық әлеуеті зор. Олар – көптеген негізгі бағыттар бойынша біздің ең маңызды серіктесіміз. Орталық Азия мемлекеттерінің ішкі аймақтық ынтымақтастығын жандандырып, өңірдің жаһандық маңыздылығын күшейту қажет деп санаймыз. Бұл көпжақты ықпалдастықты тереңдету үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Осы іске «Орталық Азия +» диалог форматы елеулі үлес қосатыны сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Орталық Азия мемлекеттерінің әлеуеті мен Шығанақ елдерінің орасан зор мүмкіндігі көпжақты серіктестікті биік белеске шығара алатынына Президент Тоқаев та сенім білдіріп, осы диалог форматындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарына қатысты өз пікірін ортаға салды. Алдымен, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтудің маңызына тоқталды. Соңғы жылдары біздің аймақтың Ынтымақтастық кеңеске мүше елдермен сауда-саттығы қарқынды дами бастағанын ерекше атап өткен жөн. Бірақ, көрсеткіштер біздің әлеуетіміздің әлі де толық пайдаланылмай отырғанын көрсетеді. Тауар айналымын айтарлықтай арттыру үшін бізде барлық мүмкіндік бар. Ол үшін өзара сауда номенклатурасын ұлғайту қажет. Мысалы, Қазақстан қысқа мерзімде құны шамамен 400 миллион АҚШ доллары болатын 100 түрлі тауар экспорттауға дайын. Президент инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру мәселесін екінші басым бағыт ретінде атады. UNCTAD баяндамасына сәйкес былтыр Орталық Азияға тартылған таза инвестиция 40 пайызға артып, 10 миллиард доллар болған, оның 60 пайызы Қазақстанға тиесілі.

– Тәуелсіздік жылдары Шығанақ елдері Қазақстан экономикасына 3,6 миллиард долларға жуық қаржы салды. Сондықтан, біз инвестициялық байланыстарды одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Осыған орай экономиканы әртараптандыруға бағытталған ауқымды реформалар жүргізілуде. Шетелдік капитал үшін барынша қолайлы жағдай жасап жатырмыз. Жуырда Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасында Іскерлік кеңес құрылды. Ол екі елдің сауда және инвестициялық әлеуетін арттыруға арналған маңызды алаң болмақ. Біз Кеңеске мүше мемлекеттердің барлығымен осындай ынтымақтастық орнатуға дайынбыз. Серіктестерімізді «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін белсенді пайдалануға шақырамыз, – деді Президент.

Мемлекет басшысының пікірінше, көлік-транзит саласын дамыту маңызды. Қазір аталған аумақтағы мемлекеттер көлік бағыттарын әртараптандыру үшін белсенді шаралар қабылдап жатыр. Түрлі инфрақұрылымдық және логистикалық жобалар қолға алынды. Атап айтқанда, Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік дәлізін одан әрі дамытуға баса мән береді және бұл бағыт арқылы жүк тасымалын дәйекті түрде ұлғайтуға ниетті. 2030 жылға қарай жыл сайын 500 мың контейнерге дейін жүк жеткізу межеленіпті. Бұдан бөлек, Қазақстан «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін дамыту шараларын қабылдауда. Энергетика саласындағы ынтымақтастықты нығайту да келесі басым бағыт ретінде ерекше маңызға ие. Орталық Азия мемлекеттерінің аумағында 30 миллиард тоннадан астам барланған мұнай қоры және 20 триллион текше метрден астам газ қоры бар. Бұл аймақтың мұнай мен газ көлемі жағынан әлемде Араб түбегінен кейін екінші орында екенін көрсетеді.

Сондықтан, Жиддадағы кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев:

– Қазақстан ОПЕК+ келісімінің қатысушысы ретінде осы ұйымға мүше елдермен ынтымақтастықты жоғары бағалайды. Біз жан-жақты қарым-қатынасты тереңдете түсуге дайынбыз. Елімізде энергия ресурстарын тасымалдау бағыттарын әртараптандыру үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге Қазақстан өндіруші жаңа қуат көздерін дамытуға және жаңғыртуға баса мән береді. Геологиялық барлау және өндіру ісіне озық тәжірибе мен технологияны енгізуге айрықша көңіл бөледі. Сондай-ақ заманауи мұнай-химия өнеркәсібін өркендетуге басымдық береді. Қазақстан Шығанақ елдерінің ірі энергетикалық компанияларымен тығыз қарым-қатынас жасауға дайын. Әсіресе, «жасыл энергетика» саласында бірлесіп жұмыс істеуге ниетті. Мысалы, Саудияның «ACWA Power», Әмірліктердің «Masdar» және Қатар компаниялары жобаларының келешегі зор. Жуырда Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кеңесі өтті. Сол жиында мен Қазақстанда Халықаралық энергетикалық форум өткізуді ұсындым. Ынтымақтастық кеңесіне мүше елдердің мұнай мен газ экспорттайтын кәсіпорындарын осы іс-шараға қатысуға шақырамыз, – деп, негізгі мәселелерді атап көрсетті.

Мемлекет басшысы азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты мәселеге де арнайы тоқталды. Сондай-ақ Қазақстан Араб елдеріне ауыл шаруашылығы тауарларын экспорттау көлемін ұлғайтып, олардың құрылымын әртараптандыруға мүдделі екенін айтты.

– Еліміз – әлемде бидай мен ұн өндіретін ең ірі он мемлекеттің бірі. Араб әріптестеріміздің «органик» және «халал» өнімдерін өндіру, өңдеу және сертификаттау тәжірибесі мен мүмкіндігі мол. Сондықтан оларға сұраныс жоғары. Осы орайда стандарттарды, техникалық реттеу және сертификаттау жүйесін үйлестіру маңызды. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет деп санаймыз. Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының әлеуетін пайдаланып, бұл міндеттерді тиімді іске асыра аламыз. Ұйымның қазіргі Төрағасы ретінде белсенді жұмыс жүргізіп жатқаны үшін Қатар басшылығына шынайы ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ оның қызметін жандандыруға Сауд Арабиясының зор үлес қосқанын айрықша атап өткім келеді. Жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, осы саладағы ынтымақтастықты дамыту үшін Ауыл шаруашылығы министрлерінің кездесу тетігін құруды ұсынамын, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Аймақаралық туризмді дамыту – өзара ынтымақтастықтың келесі басым бағыты екені анық. Өйткені, Орталық Азияның туристік әлеуеті зор. Мұны тиімді пайдалану біз үшін аса қажет. Сондай-ақ, туризм индустриясы – аймақ экономикасының тез дамып келе жатқан саласының бірі. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан туризмнің мәдени-танымдық, экологиялық, спорттық, сауықтыру және іскерлік салаларын бірлесе дамытуға дайын.

– Бұл туристік бағытты ілгерілетуге ықпал етеді. Бүгінде Қазақстан Ынтымақтастық кеңесіне мүше барлық мемлекет үшін визасыз режим енгізді. Сонымен қатар, сіздердің астаналарыңызбен тікелей әуе қатынастарын жолға қойды, – деп, мемлекет басшысы Сауд Арабиясының басшысына да ықылас танытып қойды.

Президент сөзінің соңында ұсынылған бастамалар Қазақстанның өзара орнықты даму мен өркендеуді қамтамасыз етуге бағытталған ынтымақтастықты нығайтуға деген ұмтылысын растайтынын жеткізді.

Отыз жылдағы оңды істер

Шынында, Қазақстан бейбітшілік пен келісім, тұрақтылық пен қауіпсіздік идеяларын белсенді түрде жүзеге асырып келеді. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 30 жылда республика бітімгершілік бастамаларын, оның ішінде ядролық қарусыздану мен оны таратуды тоқтату саласындағы бастамаларын алға тартты. Осы ретте Қазақстанның әлемдегі бітімгершілікке жету әрі оны сақтау жолындағы ең маңызды қадамдары мен шараларын атап айтар болсақ, былай түзіледі:

• Семей ядролық полигонының жабылуы. Қазақстанның қарусыздандыру процесіне қосқан зор үлесінің нәтижесінде 1991 жылы 29 тамызда Семей ядролық полигоны жабылды;

• Ядролық сынаққа жан-жақты тыйым салу туралы шарт (ЯСЖТШ). Қазақстан шартқа алғашқылардың бірі болып 1996 жылы қол қойып, оны ратификациялады және шартты ратификацияламаған немесе қол қоймаған (және оның күшіне енуі ратификациялауға байланысты) мемлекеттерді мүмкіндігінше тезірек орындауға шақырды. 2015 жылы Қазақстан мен Жапонияның сыртқы істер министрлері Нью-Йоркте ЯСЖТШ күшіне енгізуге қатысты ІХ конференция өткізді. ЯСЖТШ күшіне ену барысындағы Қазақстан мен Жапонияның бірлескен жұмысындағы маңызды қадам – 2015 жылдың қазан айында ел Президенті мен Жапония премьер-министрі Синдзо Абэнің бүкіл әлемде ядролық сынақтарға заңнамалық тұрғыда тыйым салуға қатысты бірлескен мәлімдемесі болды;

• Орталық Азия – ядролық қарудан азат аймақ. 2006 жылы Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы келісімге қол қойылды;

• АТОМ жобасын құру. 2012 жылғы 29 тамызда Астанада өткен «Ядролық сынақтарға тыйым салудан – ядролық қарудан азат әлемге» халықаралық парламенттік конференциясында АТОМ жобасы іске қосылды. Жоба аясында жер бетіндегі ядролық қаруға қарсы кез-келген адам ядролық сынақтардан біржола бас тартуға және ЯСЖТШ мерзімінен бұрын күшіне енуге шақыратын әлемнің үкіметтеріне онлайн-петицияға қол қоя алады. 2016 жылы әлемнің 120-дан астам елінен 300 мыңнан астам адам онлайн-жоба петициясына қол қойды;

• Еске алу акциясы. ATOM жобасының бастамасы бойынша, 29 тамызда Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы әрекет күні бүкіл әлемде жергілікті уақыт бойынша 11:05-те барлық ядролық сынақтардың құрбандарын еске алу үшін бір минуттық үнсіздік акциясы өткізіледі;

• Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі жағдайды шешудегі Қазақстанның практикалық үлесі. 2013 жылдың ақпан-сәуір айларында кезекті «алтылық» мемлекеттері мен Иран арасында Алматыда кезекті келіссөздер жүргізіліп, оның нәтижелері келіссөздер процесін бұғаттауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде «P5+1» тобы және Иран (БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің бес тұрақты мүшесі және Германия арасында) Бірлескен іс-қимыл жоспарына (JCPO) қол қойды. 2015 жылдың соңында Қазақстан осы жоспарды іс жүзінде жүзеге асыруға тікелей қатысты;

• Қазақстан мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) арасындағы келісім. Атомды қауіпсіз және бейбіт мақсатта пайдалану процесіне Қазақстанның қосқан үлесін көрсететін тағы бір маңызды бастама – Астана мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) арасында 2015 жылы 27 тамызда Астана қаласында қол қойылған Өскемен қаласындағы Үлбі металлургиялық зауытына төмен байытылған уран банкін орналастыру туралы келісім;

• БҰҰ-ның ядролық қарусыз әлем туралы жалпы декларациясын қабылдау. Қазақстан БҰҰ Бас Ассамблеясы 2015 жылдың желтоқсанында қабылдаған Ядролық қарусыз әлем құру туралы жалпы декларациясына бастамашы болып, оған демеушілік етті. Сонымен қатар, Қазақстанның бастауымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы әрекет күні деп жариялау туралы резолюцияны бірауыздан қабылдады;

• БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі қызмет. 2016 жылғы 28 маусымда Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болып сайланды. Осылайша, республика жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауапты миссия жүктелген әлемдегі ең беделді 15 елдің қатарына енді. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде алдағы жұмыс үшін төрт басым бағытты жариялады: ядролық, энергетикалық, су және азық-түлік қауіпсіздігі;

• Сириядағы азаматтық қақтығыстарға қатысты мәселені шешу барысында Қазақстан бейбіт келіссөздер жүргізуде, соның ішінде Таяу Шығыс аймақтарында маңызды роль атқарады.

Қазақстанның Сириядағы азаматтарын елге қайтару аясында атқарған «Жусан» операциясын да өзге мемлекеттер аса жоғары бағалады. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, көптеген елдер Қазақстанның ядролық қарудан бас тарту тәжірибесін зерделеуге ниет білдіруде. Нигериялық сарапшы Коллер Шеху Мусаның ойынша, Солтүстік Корея мемлекеті халықаралық қауымдастықтан, аймақтық маңызды елдерден, бейбітшілік процесін басқаратындардан көп нәрсені талап етеді. Сондықтан, оларға өздеріне сенімді болу үшін осындай сұрақтар қою өте маңызды. Мұны «сенім шаралары» деп атайды. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалығы кезінде терроризмнен азат әлемге қол жеткізу үшін 2018 жылдың қыркүйегінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге міндеттейтін арнайы кодекс әзірлеу ұсынылды. 70-тен астам елдің басшылары осы құжатқа қол қойды. Бұдан басқа да көптеген ұсыныстарды шетелдік сарапшылар жоғары бағалайды. Осылайша, Қазақстан Республикасының бітімгершілік аясындағы жаһандық бастамалары әлем назарын аударып отыр. Қазақстанның бітімгершілікке саясаты бүгінгі күні де жалғасын табуда, ал даму жолындағы елімізге халықаралық сарапшылар оң бағасын беруде.

Мол табыс келтірген сала

Ел экономикасының негізгі күретамыры – мұнай-газ өнеркәсібі екені белгілі. Биылғы 8 маусымда Астана қаласында республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Eni S.p.A» компаниясының бас атқарушы директоры Клаудио Дескальциді қабылдаған еді. Кездесу барысында компанияның Қазақстандағы қызметіне қатысты мәселелер, сондай-ақ Қашаған және Қарашығанақ кен орындарындағы маңызды мұнай-газ жобаларын іске асыру жоспары қарастырылды. Мемлекет басшысына еліміздің мұнай-газ саласын одан әрі дамыту жөніндегі консорциум жұмысының негізгі бағыттары туралы ақпарат берілді. Атап айтқанда, Қарашығанақта қуаты 4 миллиард текше метр болатын газ өңдеу зауытын салу перспективалары талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев «Eni S.p.A» компаниясы Қазақстанның энергетика саласындағы стратегиялық серіктестерінің бірі екеніне тоқталып, оның еліміздің ірі кен орындарын игеруге үлес қосқанын атап өтті. Мемлекет басшысының қатысуымен Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында гибридті электр станциясын салу жобасына қатысты «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен «Eni S.p.A» компаниясы арасындағы қағидалар туралы келісімге қол қойылды. Мұнай-газ өнеркәсібінің кешенді дамуы Қазақстанда өзге де салалардың өркендеуіне игі ықпал етіп келеді. 2023 жылдың 1 наурызында Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Отандық кәсіпкерлер кеңесінің мәжілісінде мұнай-газ саласын дамытудың өзекті мәселелері мен жоспарлары талқыланды.  Оны ашқан Үкімет басшысы мұнай-газ өнеркәсібі ел экономикасының негізгі салаларының бірі болып қала беретінін атап өтті. Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі үш жарым еседен астамға, яғни жылына 25 миллион тоннадан – 90 миллион тоннаға дейін өсті. ОПЕК деректері бойынша, Қазақстан бүгінде мұнай экспорттаушы мемлекеттердің алғашқы ондығына еніп отыр.

«Жалпы, елімізде мұнай-газ саласы әлемдік трендтерге сай белсенді дамып келеді. Ол үшін өндірістің тиімділігін арттырудан бастап, қайта өңдеу өндірістерін кеңейтуге дейін қажетті шаралар қабылдануда», – деді ол.

Энергетика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, геологиялық барлауға қосымша инвестициялар тарту үшін көмірсутектерді, оның ішінде газды барлау және өндіру жөніндегі күрделі жобалар үшін реттеушілік және фискалдық преференциялар пакетін көздейтін «Жақсартылған модельдік келісім-шарт» енгізілген. Биыл инвестиция көлемі $6 миллиард болатын осындай алғашқы келісім-шартқа қол қойылды. Сондай-ақ, шамамен $2 млрд. инвестициялық құны бар тағы бір келісім-шартқа қол қою пысықталуда. Бұдан басқа, салада электрондық аукциондар өткізуді оңайлату жөнінде шаралар қабылданды. Осы жылы кеніштерді жылдам қолданысқа беру үшін жер қойнауын пайдалану саласындағы рәсімдерді жеңілдету жұмыстары жалғасады. Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі мұнай-газ секторын шикізаттық бағыттан қосылған құны жоғары өнім шығаруға қайта бағдарлау үшін белсенді дамуда. Атап айтқанда, өткен жылдың соңында қуаты 500 мың тонна полипропилен өндіретін әлемдік деңгейдегі ірі мұнай-химия зауытының бірі іске қосылды, ол республиканың ішкі қажеттілігін толығымен жабуға мүмкіндік береді. Қосымша $12 млрд. инвестиция сомасына полиэтилен, бутадиен және полиэтилентерефталат өндіру бойынша тағы 4 ірі жоба іске асырылып отыр. Алдағы уақытта Энергетика министрлігі ұлттық экономиканың түрлі салаларының қажеттіліктерін мұнай-газ химия өнеркәсібінің мүмкіндіктерімен өзара байланыстыру және импортты алмастыру, жаңа өнімге стандарттарды енгізу, сондай-ақ нормативтік базаны жетілдіру жөніндегі шаралар қабылдауды жоспарға енгізді. Премьер-Министр сол басқосудың соңында мұнай-газ саласының қарқынды дамуы бүкіл экономика үшін маңызды үдеріс екенін атап өтті. Осыған байланысты, ол қосымша инвестициялар тарту үшін жақсартылған модельдік келісім-шартты қолдануды жеделдету және бизнеске әкімшілік қысымды төмендету бойынша жұмысты жалғастыруды тиісті құрылымдарға тапсырды.

«Жақын арада мұнай-газ саласы бойынша 800-ге жуық артық талапты қысқарту жоспарлануда. Бұл шаралар бизнес-қоғамдастықпен және «Атамекен» ұлттық палатасымен тығыз байланыста қабылдануда. Үкімет бұдан әрі де осындай сындарлы негізде жұмыс істеуге дайын», – деді Премьер-Министр.

Атыраудың үлесі – 22%

Жыл басынан бері негізгі капиталға 1 триллион теңгеден аса қаржы түскен. Оның жартысына жуығы сыртқы инвестиция десек, Атыраудың үлесі 22 пайыздан асады екен.  Жақын болашақта облыста мұнай өндіру көлемі 12 миллион тоннаға артады. «Келешек кеңею-Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару» жобасы осындай нәтиже бермек. Жоспар мұнымен шектелмейді. Мұнда бірыңғай индустрияландыру картасы бойынша құны 14,9 миллиард теңге болатын үш жоба іске қосылады. Газ химиясы кешені ісе қосылғалы полиэтилен, каучук сияқты өнімдер өндіріле бастады. Олардан халық тұтынатын тауарлар шығарылады. Ірі инвестициялық жобалар бұған дейін шетелдерден тасымалданып келген түрлі пластикалық бұйымдарды елде шығарылуына мүмкіндік береді. Атырауда іске қосылған Қазақстанның тұңғыш интеграцияланған газ химиясы кешені аумағында 3 жоба жасақталады. Оның екеуі биыл, біреуі 2024 жылы пайдалануға беріледі. Жыл басынан бері облысқа 474,3 миллиард теңге сыртқы және 665,2 миллиард теңге ішкі инвестиция тартылған. Бұл былтырғыдан 6,7 пайызға көп. Кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында биыл 208 жоба қолдау тапқан. Оған бюджеттен 9,5 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді. Несие сомасы – 21 миллиард теңге шамасында. Қазір мұнайлы өңірде бірнеше инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр. Былтыр «Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы» және «Кәсіпкерлікті қолдау картасы» шеңберінде жалпы сомасы 815,2 млрд. теңге болатын үш жоба іске қосылды. Осылайша, 748 адам жұмыспен қамтылды. Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында жыл аяғына дейін жалпы сомасы 14,9 млрд. теңге болатын тағы үш жоба іске қосылмақ. Нәтижесінде, қосымша 207 жұмыс орны ашылады. Солардың бірі – құны 9,9 млрд. теңгелік құс фабрикасы. Фабрикада құс етінен жартылай фабрикаттар дайындалмақшы. Кәсіпорын қуаты жылына 5 мың тоннаға дейін өнім өндіреді. Бір кезде бекіресімен аты шыққан Атырау облысы балық шаруашылығына да жіті көңіл бөле бастады. Өңірде 2020-2025 жылдарға арналған балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы бар. Бағдарлама аясында Атырау бекіре шабақтарын өсіретін зауыттың материалдық-техникалық базасын жаңғырту арқылы жылына 12 миллион дана бекіре шабағы өсіріледі. Балық өнімдерін өңдеуде де ілгерілеушілік бар. 2025 жылға дейін балық өсіретін 8 кәсіпорын және 1 балық өңдеу цехын ашу жоспарланып отыр. Нәтижесінде, тауарлы балық өсіру 7 мың тоннаға дейін артып, жаңадан 300 тұрақты жұмыс орны ашылатын болады. Атырау облысы үшін ішкі нарықты ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамту – басты бағыттардың бірі. Былтыр облыста 120 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Оның 68,3 миллиард теңгесі – мал шаруашылығына тиесілі, 49,1 миллиарды – егіншіліктің еншісінде. Өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің нақты көлем индексі – 100,8 пайыз. Саладағы барлық құрылымдардың саны 3240-тан асады. Оның 2 мыңы шаруасын тұрақты және табысты жүргізіп келе жатқан іргелі құрылымдар. Бұл алдымен ауыл тұрғындарының әлеуетін арттырса, екіншіден тұрғындарды таза, сапалы, әрі арзан өніммен қамтуға бағытталған қадамдар. Былтыр облыста сиырдың саны 195,3 мың, ұсақ жандық 616,6 мың, түйе 36,3 мың және жылқы 107,7 мың басқа жетіп, түліктің барлық түрінен де өсім байқалды. Төрт түліктен өндірілген өнім көлемі де айтарлықтай ұлғайған. Атап айтқанда, тірілей салмақта 48,9 мың тонна ет, 65,4 мың тонна сүт, 21,2 миллион дана жұмыртқа өндірілді. Қазір облыста асыл тұқымды түлік өсірумен шұғылданатын 42 шаруашылық бар. Оның 23-інде сиыр, 10-ында қой, 5-де жылқы және 4-де түйе бағылады. Бұлардың әрқайсысының ортақ табысқа қосып отырған үлестері қомақты. Түйіндеп айтқанда, облыста жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалардың барлығы әлеумет әлеуетін арттыруға бағытталған. Күнделікті тірлік қамымен жүргенде, бұлардың жүзеге асырылуы Атырау жұртшылығына әсері болар-болмас қана деп сезінуіміз әбден мүмкін. Дейтұрғанмен, мұның өңірдің өсіп-өркендеуіне қосар үлес салмағы ауқымды. Шындап келгенде, Қазақстанның шетелдік инвестициямен байланысы да Атырау облысының тыныс-тіршілігімен тығыз байланысты. Сондықтан, жаһандық бастамалар, тұтастай алғанда Қазақстанның халықаралық және сыртқы саясатында мұнайлы аймақтың алатын орны аса маңызды.

Арыстанбек КЕНЖЕ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT