Жер сырына үңілген Жолдасқали

Жер сырына үңілген Жолдасқали
(0 Votes)

Ел Президентінің бастамасымен жылдың «Жұмысшы мамандықтар жылы» аталып, оның аясында қолға алынған үлкен-кіші іс-шаралардың бәрі ел еңсесін тіктер еңбек иелерінің, сонымен бірге еңбектің де абыройын асырып, орнын биіктете түскеніне бәріміз куәміз. Сондай жандардың қатарындағы Жолдасқали Серікқалиұлы Абилхайыровтың еңбек жолы – барлау-бұрғылау саласындағы табандылықтың, адалдықтың, өнегелі өмірдің шынайы көрінісі десек болғандай. Осыдан біраз бұрын ғана ол көп жылғы адал еңбегінің жемісін көріп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін алды. 

Жолдасқалидың өнегелі еңбек жолы – жеке тағдыры ғана емес, бүтін бір буынның, бүтін бір салаға өмірін арнаған азаматтардың ортақ шежіресі. Жердің «сырын» ұққан осы бір жан біздің жерлесіміз екенін де мақтана айтсақ болар жайт.

Иә, ол 1964 жылы Атырау облысы, Исатай ауданы, Тұщықұдық ауылында дүниеге келген. Әкесі Серікқали – мұнайшы, анасы қарапайым еңбек адамы еді. Жасынан еңбекпен біте қайнасып өскен ұл мектепті тәмамдаған соң, әке жолын жалғауға бел буып, Саратов қаласындағы мұнай-газ саласы бойынша білім беретін оқу орнына түседі. Арман жетегіне ілескен ол жалғыз болмады, дәл осы оқу орнында бірге білім алған тағы екі жерлесі – Самиғолла Абилов пен Амантай Рахметов те болашақтарын мұнай саласымен байланыстырды. Үшеуі де Саратовтан мұнайшы мамандығын алып шыққан бойы қолға жолдама алып, Маңғыстау облысына «отработкаға» жіберіледі. Бұл – кеңестік дәуірдегі заңдылық еді, оқуды бітірген жас маман кемі үш жыл бойы елдің мұнай-газ өндірісін дамытып жатқан стратегиялық маңызды аймақтарда еңбек етуі тиіс болатын. Сол үш жыл үш азамат үшін де Маңғыстауда тамыр жайған тағдырға айналып кетті.

Қиырдағы құм мен шөлейттің арасында басталған еңбек жолы олардың өміріне өз таңбасын қалдырды. Олар мұнайдың тілін меңгеріп, жер астының сырын ұқты. Бұрынғы кеңестік жүйеден кейінгі өтпелі кезеңнің барлық ауыртпалығын иықтарымен көтере жүріп өз мамандықтарына адалдық таныта алды. Жолдасқали қарапайым жұмысшыдан бұрғылау қондырғылары бастығына дейін көтерілсе, Самиғолла мен Амантай да әр салада жауапты қызметтер атқарды. Бүгінде үшеуі де Маңғыстаудың мұнай өндірісінде жетекшілік қызметтерде, елге сыйлы, ұрпағына өнеге болған азаматтар. Өмірлік серіктерін тауып, осы топырақта шаңырақ көтеріп, ұрпақ өсірген олар қазір бір-бір үйдің ғана емес, тұтас әулеттің тірегі. Маңғыстау – енді олардың да туған жеріндей болып кеткен. Жерсініп қана қойған жоқ, жерге еңбек сіңірді, елге қызмет етті.

Жақсының жақсылығын айтсақ, Жолдасқали Серікқалиұлының еңбек жолы – қиындық пен шыдамның, іскерлік пен ұйымдастырушылықтың айқын үлгісі. Қарапайым бұрғышыдан бірнеше буынды тәрбиелеген жетекшіге дейінгі жол – адал еңбек пен қажымас қайраттың, жасымас жігердің жемісі. Сонау 90-жылдардың қиын кезеңінде қабаттар бос шығып, өндіріс тоқтап қала жаздағанда да, жалақы кешігіп, жағдай ауырлағанда да ол еңсесін түсірмей, бригадасын шашыратпай, ұжымын сақтап қалды. Бұл нағыз көшбасшылық қасиеті болатын.

Бүгінде Жаңаөзен қаласында тұратын Жолдасқали азамат – төрт баланың әкесі, немерелерінің ардақты атасы. Інілері Жәрдемғали мен Нұрболат та мұнай саласын таңдаған. Биыл алпыстың асуына аттаған, қарындастарына қамқор, ағайынға тірек бола білген Жолдасқали тек кәсіби емес, адами тұрғыдан да көпшілікке үлгі. Еңбекпен етене өмір жолы – жас ұрпаққа бағыт, өз ісіне адалдықтың шынайы бейнесі. Жуырда ғана мұнайшылардың кәсіби мерекесіне орай көрген құрметі, кеудесіне таққан ордені - қарапайым еңбек адамын ел танитын, ұрпақ қадірлейтін деңгейге жеткізген жоғары марапат, еңбек марапаты.

 

Ақтолқын АХМЕТЖАНОВА

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT