Қоғамымыз үшін қауіпті кесел, айықпас дертке айналған сыбайлас жемқорлықпен күрес қай кезде де күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселе, жалпыға ортақ міндет. Сол себепті, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бұған баса мән беріп, ұдайы назар аударып отыр. Соның айғағындай, Мемлекет басшысының жақында ғана жарияланған халыққа Жолдауында да ол айқын көрініс тапты.
Онда бұл іске бүкіл қоғам болып жұмылуымыз қажеттігі алға тартылды. Тек бас біріктіріп, тізе қосып қарекет қылғанда ғана жегі құрттай жайлап, тереңдеп кеткен жемқорлықтың тамырына балта шауып, жолына тосқауыл қоюға болатыны даусыз. Осыны меңзеген Президент бұл мәселенің ешқандай Жарлықпен, Заңмен, ресми құжатпен реттелмейтінін, сыбайлас жемқорлық сипатындағы әрекеттер жасамау, қашан да адалдық танытып, ешкімнің ала жібін аттамау әрбір азаматтың ар- ожданына, ұстамдылығына, адамгершілігі мен парасат- пайымына байланысты болмақ. Мұны толығымен түйсініп, ұғынғанда ғана әрекетімізден оң нәтиже шығатыны сөзсіз. Ол үшін қауіпті кеселдің орын алу деректері және оның салдарымен күресіп қана қоймай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырып, соны әркімнің сана- сезіміне сіңіру, сөйтіп, азаматтарды оған төзбеушілікке, тұтастай алғанда парақорлық көріністеріне жиіркенішпен қарауға тәрбиелеу шарт.
Әрине, бұл бағыттағы іс-шаралар бұған дейін де жоспарланып, жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Солардың санатында өткен жылдың ақпан айындағы Президенттің Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саясатының 2022-2026 жылдарға арналған Тұжырымдамасын атауға болар еді. Құжатта ең маңызды деп танылған алты негізгі міндет белгіленген. Біріншісі – сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік қағидатын қалыптастыру. Яғни, құндылықтардың сипатын мазмұндық тұрғыдан өзгерте отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәдениетін арттыру, мемлекеттік аппараттың парасаттылық деңгейін биіктету, бизнестің қоғам алдындағы жауапкершілігін көтеріп, белсенділігін күшейту. Екіншісі - сыбайлас жемқорлықтың бас көтеруіне мүмкіндік бермеу, нақтылай кетсек, бюджет, яғни қазына қаражатын тиімсіз жұмсау, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету, қаржылай қолдаудың тиімділігін жоғарылату. Үшіншісі - жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жетілдіру. Төртіншісі - сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте азаматтық қоғамның рөлін күшейту, яғни халықтың пікірін есепке алу, қоғамдық бақылау институтын дамыту. Бесіншісі осы шараларды іске асырудың тиімді мониторингін қалыптастыру. Алтыншысы - сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның қызметі мен құзыретін жандандыру.
Өз кезегінде аудан әкімдігі тарапынан жоғарыда аталған міндеттерді орындау мақсатында тиісті шаралар қабылданып, оларды орындаудың кесте-жоспары жасақталған.. Атап айтсақ, әкімдік жанынан құқық бұзушылық профилактикасы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылып, тоқсан сайын оның отырысы өткізіледі. Мәселен, комиссияның биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы жоспарлы отырысында жол-көлік оқиғаларын, соның салдарларынан қаза болу мен жарақаттанудың санын азайту, алкогольден масаң күйде көлік басқарумен күрес нәтижелері, отбасы-тұрмыстық қарым қатынас саласындағы құқық бұзушылықтар, тұрғын үй-коммуналдық саласында сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілікті қалыптастыру бойынша атқарылған жұмыстар барысы талқыланды. Бұған қоса, сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдерін анықтау мақсатында аудан әкімі аппаратында арнайы жұмысшы тобы құрылған. Осылайша, аудан әкімдігіне қарасты барлық мемлекеттік мекемелерге сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Жүргізілген талдау жұмыстарының қорытындысымен уәкілетті органдарға ұсыныстар енгізілді. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс жасау үшін бюджеттен тиісті қаражат бөлініп, ол бойынша да жұмыстар жалғасуда. Ең маңыздысы, уәкілетті органдардың өкілдері, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару Академиясының Атырау облысы бойынша филиалы оқытушыларының қатысуымен аудан әкімдігінің барлық мемлекеттік қызметшілеріне арналған оқу курстары, семинарлары ұйымдастырылуда.
Түйіндей айтқанда, қоғам кеселіне айналған сыбайлас жемқорлықпен күресуге барлық адам өз үлесін қоса алады. Әр азамат, әр тұрғын жеке-дара сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік таныта білсе, яғни, қоғам мен мемлекеттің күш-жігері бірігетін болса, жоғарыда аталған міндеттердің мүлтіксіз орындалатыны кәміл.
Қайрат НҰРЛЫБАЕВ,
Махамбет ауданының әкімі