Бүгін, 2025 жылғы 23 маусымда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды Zakon.kz.
Президенттің сөзінше, "Заң және тәртіп" қағидатын жаппай дәріптеуіміз керек. Қазақ халқы қай заманда да заңға бас иген, дала заңын сақтаған халық. Бұл – біздің қанымызға сіңген қасиет.
"Түрік қағанаты, Алтын Орда мен Қазақ хандығы мықты мемлекеттік құрылымы, бірегей құқықтық жүйесі бар қуатты ел болғаны бәрімізге аян. Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын, Әз Тәукенің Жеті жарғысын Ұлы даланың конституциясы деуге болады. Атадан балаға жалғасқан бұл заңдар мемлекеттілік дәстүрін нығайта отырып, қоғамдық дамуға ерекше ықпал еткен. Ұлы далада еркіндік пен әділдік, ар-намыс пен адамгершілік, тілеулестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұрған." Мемлекет басшысы
Сондықтан "Заң және тәртіп" қағидаты ұлтымыздың рухы мен дүниетанымына толық сай келеді. Біз ата-бабамыздың бірегей құқықтық мұраларын мұқият зерделеп, жан-жақты насихаттауымыз керек. Бұл – халқымыздың құқықтық сана-сезімін арттыратын маңызды фактордың бірі деді президент.
"Заң – қысым көрсетуге немесе қудалауға арналған құрал емес. Заң – әр адамның құқығы мен бостандығының қорғаны. Біз осы ақиқатты терең түсінетін азаматтық және мәдени орта қалыптастыруымыз қажет. Тәртіп – жалпыға ортақ құндылыққа, ал заңға бағыну – әркімнің өмір салтына айналуға тиіс. Мемлекеттік аппарат пен бүкіл қоғам жұмылып жұмыс істесе, еліміз көздеген мақсатына жетеді. Озық ойлы ұлт болу үшін әдептілік, өзара құрмет, ұстамдылық, сыпайылық сияқты қасиеттерді барынша дәріптеген жөн. Азаматтарымыз әдеп пен заңды мәжбүрлікпен емес, саналы түрде сақтауы керек. Қасым-Жомарт Тоқаев
Заң мен тәртіп басты құндылыққа айналса, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, есірткі саудасы, лудомания сияқты қатерлердің тамырына балта шабылады.
"Біз былтыр Ұлттық құрылтайда осы әлеуметтік кеселдермен ымырасыз күрес мәселесін талқыладық. Өскелең ұрпақтың бойына жасампаздық қасиеттерді сіңіріп, оларды тәртіпке баулу қажет. Бұл – ата-аналар мен білім беру жүйесінің ортақ міндеті. Балалар қоғамдық құндылықтардың мән-мағынасын ұстазынан үйренеді. Олардың мінез-құлқы негізінен мектеп қабырғасында қалыптасады. Сондықтан Үкімет білім мекемелеріндегі тәрбие жұмысын қайта зерделеп қарауы керек. Жас ұрпақты заңды сыйлауға үйрету мәселесіне баса мән берген жөн. Балалар мектептен "Адал азамат" болып шығуы қажет". Президент
"Заң және тәртіп" қағидаты жауапкершілікті сезіну мәдениетімен тығыз байланысты.
Елімізде "Таза Қазақстан" жалпыұлттық науқаны жүріп жатқанын білесіздер. Бұл маңызды бастама халықтың кең қолдауына ие болды.
"Таза Қазақстан" – озық ойлы қоғам құруға арналған идеологиялық тұғырнаманың ажырамас бөлігі. Бұл – тек қоршаған ортаның тазалығын емес, ой мен сана тазалығын сақтау деген сөз. Себебі қоғамдық әдеп пен заңға деген құрмет айналадағы тазалықтан басталады. Мемлекет басшысы
Президенттің сөзінше, жалпы, халықтың құқықтық мәдениетін көтеруге жан-жақты қараған жөн.
"Бүгін мен "Заң және тәртіп" апталығын жариялауды ұйғардым. Осы апта қоғамда заң мен тәртіпті насихаттау аптасы болмақ. Алдағы жеті күн құқықтық мәдениетті нығайтуға, сондай-ақ құқық қорғау органдарының абырой-беделін арттыруға арналуы керек. Алайда, бұл бір реттік акция емес. "Заң және тәртіп" апталығына азаматтардың құқықтық сана-сезімін көтеретін маңызды, жүйелі шара ретінде қараған жөн". Қасым-Жомарт Тоқаев