«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауданымызда тек қоршаған ортаны таза ұстау ғана емес, елді мекендерді көркейту, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытында да игі істер қолға алынуда. Соның жарқын дәлелі – жаңа ойын алаңының салынуы. Бұл бастама балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беріп қана қоймай, ауыл ажарын ашып, тұрғындарға қуаныш сыйлады.
Нарын ауылында спорт сүйер қауым үшін қуанышты жаңалық орын алды. Ынтымақ көшесінің тұрғындарының ұзақ уақыт күткен арманы орындалып, жаңа кіші аяқ доп алаңы пайдалануға берілді. Бұл нысан ауыл жастары мен спорт жанкүйерлері үшін үлкен мүмкіндік болмақ.
Алаңның құрылысын жергілікті ауданымыздың «Байғана» ЖК жүргізді. Заманауи талаптарға сай салынған спорт алаңы ауылдағы бұқаралық спортты дамытуға, жастардың салауатты өмір салтын ұстануына зор үлес қоспақ. Салтанатты ашылу рәсімінде ауылдық округ әкімі Асқар Абуов сөз сөйлеп, бұл нысанның ауыл өміріндегі маңызына тоқталды.
– Бүгінгі күні ауылымызда тағы бір спорт нысанының бой көтеруі – баршамыз үшін үлкен қуаныш. Бұл алаң тек футбол ойнайтын орын ғана емес, ауыл спортын дамытуға, жастарды бірлікке, достыққа, салауатты өмірге тәрбиелеуге үлес қосатын бірден-бір орын. Осындай игі бастамалар ауылдың болашағына, ұрпағымыздың денсаулығына қызмет етеді деп сенемін. Баршаңызға жаңа алаңда сәтті ойындар мен жарқын жеңістер тілеймін,- деді ауыл әкімі.
Ашылу салтанатында керме лентаны қию ауылдың сыйлы азаматтары, теміржол саласының ардагерлері –Шапағат Хайрушев пен Мереке Мұханбетжановқа берілді. Жиналған ауыл тұрғындары спорт нысанын салып берген мердігерлерге және жергілікті атқарушы билік өкілдеріне алғыстарын білдірді. Олар бұл алаңның балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуге, ауылда спорт мәдениетін дамытуға ықпал ететінін атап өтті.
Ашылу рәсімінен кейін алаңдағы алғашқы ойынды Нарын ауылы құрамасының футболшылары бастады. Шаршы алаңдағы алғашқы доп тебу сәттері көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Спорт мерекесі бұнымен шектелмей, «Нарын әкімінің кубогы» үшін ауылішілік кіші аяқ доп жарысымен жалғасты. Жарысқа ауыл спортшыларынан құралған командалар қатысып, қызықты әрі тартысты ойын өрбітті. Жаңа алаң – Нарын ауылының спорт тарихындағы маңызды қадам. Ол тек футбол алаңы ғана емес, ауыл тұрғындарының басын қосатын, жастардың бойына спорт рухын сіңіретін орта болмақ.
Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ