Тәуелсіз Қазақстан Республикасының негізгі бағыты елдің ынтымағы мен бірлігінде. Тәуелсіз еліміздің орнатқан қағидалары да сол бейбітшілік пен тыныштықтың аймағында құрған заңды ережелер.
Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті - бейбітшілік мекені. Ата-бабамыз өз жеріне тағдыр айдап келген барша өзге ұлт адамдарын сыртқа тепкен емес. Керісінше, бауырмалдық қасиеттерінің нәтижесінде кең құшақ ашып, туыс болып, сіңісіп кетті.
Жалпы, ұлтаралық қатынас көп ұлтты Қазақстан Республикасында ерекше көңіл аударуды қажет ететін мәселелер қатарынан. Қазақстан жерін мекендейтін халықтардың достық, туысқандық қарым-қатынасы, оларды біртұтас мақсатқа жетелейтін жетекші ұлттық мүдде болуы қазіргі саясаттың маңызды бөлігіне айналды.
Кез келген мемлекет үшін қоғамдық келісімнің маңыздылығы ерекше. Халық үшін бейбіт заманда мамыражай өмір сүруден артық ешқандай бақыт жоқ. Сондықтан елімізде татулық пен тұрақтылыққа Тәуелсіздік алған жылдан бастап ерекше мән беріліп келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы - бұл бағытта ел саясатын жүзеге асырушы орта.
Қазақстанның даму, өсу, өркендеу жолындағы басым бағыттарының бірі - ұлттық келісім, ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетінің жоғары деңгейі екені даусыз.
Әрине, ұлттық келісімге келгенде, әрбір адамның азаматтық құқығы сақталуы шарт екендігі түсінікті. Сонымен қатар елдегі саяси тұрақтылықтың кепілі ретінде ұлтаралық келісіммен бірге халықтың әл-ауқатының жақсаруы да өз әсерін тигізеді.
Қазақстандағы ұлтаралық қатынастар саласындағы саясат өзінің толық мағынасында көп ұлтты жəне көп дінді мемлекет екенін қастерлей отырып, қоғамдық-саяси тұрақтылық жағдайды сақтауда бай тəжірибеге ие болды.
Қазақстанды Отаным дейтін көкірегінде сəулесі бар адамдардың бұған көзі толық жетті.
«Бірлік еткен озар, бірлеспеген тозар» демекші, бірлік бар жерде тыныштық бар. Қазақстанда көп ұлттардың келісімі, туыстық бірлігі, достығы одан әрі дамуы тиіс. Ел экономикасын одан ары дамытуға қызмет қылуымыз қажет. Сондай-ақ, елдегі саяси тұрақтылықты және Қазақстанда мекен ететін барлық ұлыстар мен ұлттардың бір жұдырықтай жұмылып, елімізді әлемнің дамыған, зайырлы мемлекеттері қатарына қосуға ұмтылуымыз қажет.
«Ынтымақ болмай, іс оңбас» деген де бабамыздан сөз қалған. Шындығында, бүгінгідей қатерлер аяқ астынан туындап жататын алмағайып заманда береке мен бірлік, татулық пен достық ауадай қажет. Өйткені, Тәуелсіздіктің тірегі - тұрақтылық.
Ал ұлттар арасындағы бірлікті қамтамасыз ету - демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудың маңызды шарты. Сондықтан да, елдің бірлігін одан сайын нықтап, сол арқылы қазақтың тірлігінің берекелі болуына жол ашалық!
Гүлзада САЛИКОВА,
газеттің бас редакторы