Ұлт санасы Ұлы даламен қалыптасты

(0 Votes)

Халқымыздың төл тарихын зерделеп, оған деген ынта ықыласымызбен берілу – заңды құбылыс.

Елімізді жас деп атай отырып, оның тарихының тереңде екенін ұмыт қалдырмауымыз керек. Тәуелсіз ел ретінде жас болғанымен, ұлттық таным, төл рухани құндылықтардың тамыры тереңде екендігін әрқашан санамыздан шығармауымыз керек.

Тарихтың өзі дәлелдеп өткеніндей, тарихын білмеген, өзінің ұлттық қасиеттерінен айырылған халық қасіретке ұшырайтыны белгілі.

Тарихсыз қоғам, халық, мемлекет болмайды.

Өйткені Отан тарихы — оның əлемдік қауымдастықтағы орнын айқындайды.

Сан түрлі дерек көздерін саралап, тарихтың ақиқатын аршу қаншалықты маңызды болса, оны келер ұрпаққа жеткізу де соншалық маңызды. Олай болса, кез келген өркениетті елдердей төл тарихымызға  құрметпен, жауапкершілікпен қарап, ерекше назар аударуымыз қажет. Өйткені, өткен тарихын құрметтей білген ұрпақ келер ұрпаққа өз дəуірін сыйлата білері анық.

Біз  Кеңес заманында өз тарихымызды, шынайы жаза алмай, өзгелердің жазып кеткен жылнамаларына жүгінумен келдік. Бұрын өзгенің айтқанын қайталаумен болдық. Біздің тарихымыздың өз мемлекетінің мүдделері тұрғысынан жəне өз таным-түсінігі-деңгейінде жазғанына мəн бермедік.  Кезінде Ұлы Даладан шыққан айтулы тұлғалардың есімдері дəріптелмеді. Осы Ұлы Даладағы өсіп-өнген халықтың тегінің тұтастығы ашылмады. Тіпті, күні кешегі Кеңес үкіметі біздің бай тарихымыз туралы шынайы, ақпараттар бермеді.

Бүгінде жаһандану процесі жүріп жатқан кезде ұлттық мүдде, ұлттық тəрбие, ұлттық рухты сақтап қалу қиын екені даусыз. Сондықтан, Тəуелсіз еліміздің əрбір азаматы өз елінің, өз жерінің тарихын білуі міндетті. Оқушыларымыздың санасында «Менің елімнің тарихы — менің тарихым» деген түсінік болуы керек.

 Елінің, халқының өткенін анық білетін, рухани дүниесі бай азаматтарды қалыптастыру - бүгінгі күннің талабы жəне ондай азамат ел тірегі болмақ.

Қазақ тарихының жарқын беттері аз емес. Біздің ата-бабаларымыздың жалпы адамзаттық өркениетке қосқан үлесі қомақты.

Болашақ ел тағдыры - жастардың қолында. Халқымыздың сан ғасырлық тарихын өмір шындығына сай зерттеу мен насихаттау арқылы  Тəуелсіз Отанымыздың нағыз патриоттарын тəрбиелеуге қызмет ететін боламыз.

Қорыта  келгенде, Ұлттық сананы қалыптастыру үшін Ұлы Дала тарихын ұрпақ санасында тірілту керек, сонда ғана біз мақсатымызға жетеміз.

Е.МЫРЗА

Коллаж: Г.Жансұлтан

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT