Биылғы Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысы қарсаңында төрт бағытты қамтитын шағын секциялық жиындар өтті.
Құрылтай мүшелері көтерген мәселелер мен айтқан ұсыныстар пысықталды. Әрі алдағы кезеңде атқарылатын іс-шаралар жоспарына енгізілді. Бұған дейін Ұлытауда өткен алғашқы жиында 42, Түркістанда - 106 ұсыныс түскен. Атырауда өткен басқосуда 149 бастама көтеріліп, 9 заң қабылданды. Оның ішінде әйел құқығы мен бала қауіпсіздігі, вейп саудасына тыйым салу, вандализм мен ойын бизнесін шектеу туралы құжат бар.
«Ал Бурабай төрінде қаузалған мәселелер мен бастамалар да аяқсыз қалмайды» дейді белсенділер.
Құрылтай барысында, оған қатысушылар арасынан Парламент Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым, Қостанай автомобиль көлігі колледжінің директоры Дмитрий Павленко, Қарағанды облысы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Бекзат Алтынбеков, Team Qazaqstan жобасының жетекшісі Олжас Сүлеймен, құқық қорғаушы қайраткер Айгүл Орынбек және Қолданбалы экономика зерттеулері орталығының ғылыми жетекшісі Жақсыбек Құлекеевтер сөз сөйлеп, елдегі түйіткілді тақырыптарды көтерді.
Сайып келгенде, құрылтай дәстүрінің қайта жаңғыруы халықтың ерік-жігерін бір арнада топтастырып, мемлекеттік маңызы бар өзекті мәселелерді шешуді көздейді. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде елдегі қоғамдық консолидацияны одан әрі нығайтуды көздейтін ұсыныстар мен стратегияларды әзірлеуде шешуші рөл атқарады. Өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін және өзге де нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алады. Қоғамдық консолидацияны одан әрі дамыту үшін идеялар мен қадамдарды тұжырымдауды мақсат етеді. Ұлттық құрылтай ел тұрғындарының кең ауқымды пікірі мен көзқарасы тоғысатын негізгі ұлттық диалог алаңына айналды. Бұл Президенттің жоспарына сәйкес мемлекет пен халық арасындағы байланысты нығайтып, Қазақстанның даму жолында нәтижелі де өзара тиімді ынтымақтастыққа септігін тигізетіні сөзсіз.
Бауыржан АМАНҰЛЫ