Келесі құрылтай Қызылордада өтеді

(0 Votes)

Биыл ұлы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бес жыл бұрын ұлы ойшылдың туғанына 175 жыл толуына орай Семейде абайтанушы ғалымдармен кездесіп, Абай институтын құру туралы ұсыныс айтқанын еске алды. Бүгінде бұл бастама цифрлық платформа форматында іске асырылып, елдегі диаспоралар мен басқа да шетелдіктерге қазақ тілін үйрету құралы ретінде жұмыс істеп тұр. Оның айтуынша, ендігі мақсат – осы жобаны толыққанды мәдени-ағарту мекемелеріне айналдыру. Бұл құрылым Конфуций, Гёте, Сервантес институттары сияқты жұмыс істеуі керек.

«Абай институты негізгі серіктес елдердің бәрінде төл мәдениетімізді насихаттайтын орталық болуға тиіс. Бірқатар елде, мысалы, Қытай, Түркия, Моңғолия және басқа да мемлекеттерде осындай орталықтар ашылатын болды. Сыртқы істер министрлігі мен «Отандастар» қорына Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, шетелде осындай орталықтар ашу мәселесі бойынша тиісті жұмысты жалғастыруды тапсырамын.

Тағы бір мәселе. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы белсенді жұмыс істеп жатыр. Бұл – қуантарлық жайт. Осы ұйымның бастамаларын біз тұтас қоғам болып әрі қарай қолдауымыз керек. Мәдениет дегеніміз жай ғана ғимараттар мен мекемелер емес, бұл – ұлттық сана-сезімді жаһандық ауқымда нығайта түсетін мықты тұғыр. Біз ЮНЕСКО-мен ынтымақтастық аясында Қазақстанның материалдық және материалдық емес мұраларын халықаралық тізімдерге енгізуге айрықша мән беріп жатырмыз. Үкімет түрлі ұлттың барша адамзатқа ортақ білім қазынасына қосқан зияткерлік үлесін көрсететін «Әлем жады» тізіміне деректі мұраларымызды енгізу жұмысын жандандыру қажет.

Жаңа заманда біздің алдымызда жаңа міндеттер тұр. Көптеген ел өзінің салт-дәстүрі мен қазіргі инновацияларды өзара үйлестіру арқылы дамудың даңғыл жолына түскенін тарихтан көріп-біліп отырмыз. Сол секілді біз де төл мәдениетімізді қазіргі әлемдегі шынайы жағдайға бейімдеуіміз қажет», деді Президент.

Сонымен қатар ол кейінгі жылдары ұлттық бірегейлігіміздің маңызды факторы тарих ғылымының дамуына ерекше көңіл бөліп жатқанымызға, бұл құрылтай ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына жүз жыл толуымен тұспа-тұс келгеніне тоқталды. Халқымыздың «қазақ» деген байырғы атауы да бір ғасыр бұрын қайтарылғанын еске салды.

«Біздің мемлекеттігіміз мыңжылдық­тардан бастау алады, оның тамыры тым тереңде жатқаны даусыз. Бірақ осыдан бір ғасыр бұрын ұлтымыздың өз атауының оралуы тарихи әділдік орнату жолындағы маңызды қадам болғанын ашық айтуымыз керек. Бұл істе сол кездегі Үкімет басшысы Сәкен Сейфуллин айрықша рөл атқарды. Ол «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деген мақала жазып, арнайы идеологиялық науқанды бастап берді. Мұндай маңызды оқиғалар ел жадында сақталуға тиіс. Осы ретте құрылтайдың келесі отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынамын.

Осы жиында мен көрнекті қаламгер Төлен Әбдіктің жыл басында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатын атап өткім келеді. Жазушы «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деп орынды пікірін айтты. Осы ретте қосымша айтарым: Өз ұлтыңды өзгелерден биік қою түптің түбінде жарға жығады. Қазақ халқы өзгелерден кем емес, бұл – ақиқат, бірақ артық та емес деп айтуымыз керек. Қазақ халқын данышпан деп айтсақ, қателеспейміз. Дегенмен дүниежүзінде данышпан халықтар аз емес. Бұл да – ақиқат. Мұндай пікір кейбір адамға ұнамауы мүмкін. Алайда көпшіліктің көңілінен шығамын деп тура сөзден жаңылуға болмайды. Шын мәнінде, әр ел басқа жұрттан даму деңгейіне қарай озбақ. Жалпы, біз төл тарихымызға көкжиегі кең, тамыры терең өркениеттік көзқараспен қарауымыз керек. Бұл – өте маңызды. Сонда ғана халқымыздың өткеніне, бүгіні мен болашағына мүлде жаңа көзқарас пайда болады», деді Мемлекет басшысы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT