Атырау облысында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай қайырымдылық акциясы өтті. «Теңіз жүрегі» бастамашыл тобының еріктілері 15 тыл ардагерін арнайы барып құттықтап, оларға сыйлық сертификаттары мен мерекелік гүл шоқтарын табыстады.
Акция «Теңізшевройл» компаниясының қаржылай қолдауымен ұйымдастырылды. Әрбір қатысушыға «Зерде» дәріханалар желісінен сатып алуға арналған 100 мың теңге көлеміндегі сертификат, сондай-ақ «Лидер» супермаркеттерінен азық-түлік алуға арналған 200 мың теңгелік сертификат берілді. Волонтерлер тыл еңбеккерлеріне гүл шоқтарын табыстап, алғыс пен құрмет сөздерін білдірді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара аймақта үшінші жыл қатарынан өтіп келеді және соғыс жылдарында тылда еңбек етіп, Жеңіске өлшеусіз үлес қосқан жандарды қолдауға бағытталған.
«Біз үшін тыл еңбеккерлерінің ерлігі ұмыт қалмауы маңызды. Олардың жанқиярлығы мен табандылығы – бұл ұрпақтан ұрпаққа жетуі тиіс ұлы тарихтың бір бөлігі», – деді «Теңіз жүрегі» қорының жетекшісі Рысты Жексенбаева.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай шаралар ардагерлерге қуаныш сыйлап қана қоймай, жастардың бойында алғыс пен патриоттық сезімді тәрбиелейді.