Қызметте – әріптес, отбасында – тірек: ағайынды Абдоловтар

Қызметте – әріптес, отбасында – тірек: ағайынды Абдоловтар
(0 Votes)

Бүгінгі таңда жол-көлік қозғалысы қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Күн сайын сан мыңдаған көлік жолға шығып, адамдар өз бағыттарына бет алады. Осы қозғалыстың тәртібі мен қауіпсіздігін сақтау — патрульдік полиция батальонының негізгі міндеті әрі үлкен жауапкершілігі.

Осы қарбалас өмірде тәртіп пен қауіпсіздікті қадағалап жүрген Атырау қаласы полиция басқармасында ағайынды — Қуат пен Өмірзақ Абдоловтар қызмет етеді. Бір салада еңбек етіп жүрген бауырлар жұмыста бір-біріне иық тірескен әріптестер ретінде қараса, отбасында тірек. Екеуі де Атырау облысы, Құрманғазы ауданына қарасты Сүйіндік ауылында дүниеге келген. Сүйіндік орта мектебін тәмамдаған соң, Отан алдындағы борыштарын бірге өтеп қайтты.

Қуат Абдолов 2014 жылдың сәуір айында қызметке кіріссе, Өмірзақ Абдолов сол жылдың қыркүйек айында Атырау қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция батальонына қызметке кіреді. Қызметте олар нағыз тәртіп сақшылары болса, отбасында асыл жар, сүйікті әке.

Қызметке орналасқан күннен бастап ағайынды Абдоловтар өздерін тек жақсы қырларынан танытып, азаматтармен де, әріптестерімен де тіл табысып, міндеттерін адал әрі абыроймен атқарып келеді. Бүгінде олар бірдей лауазымда, бір жұмыс уақытында қатар қызмет етіп жүр.

Айта кету керек, Өмірзақ Абдолов 2020 жылдың 11 қыркүйегіне қараған түні шамамен 03:40-та Атырау қаласындағы Балықшы-Жұмыскер көпірінде суицид жасамақшы болған бойжеткенді байқап, жедел әрекет етіп, оның өмірін аман сақтап қалған болатын. Кейін полицейлер бойжеткенмен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Ағайынды бауырлардың бірге қызмет етуі — береке мен бірліктің айқын көрінісі. Олар бірін-бірі жақсы түсінеді, қиын сәтте қолдау көрсетіп, жетістіктерге бірге ұмтылады. Бірге еңбек ету арқылы олар тек кәсіби тұрғыда ғана емес, отбасылық байланыстарын да нығайта түсуде. Ағайындылар арасындағы сенім мен сыйластық кез келген істің нәтижелі болуына ықпал етеді. Осындай ынтымақ пен бірлік арқылы олар өздерінің ғана емес, бүкіл қоғамның игілігіне қызмет етіп келеді.

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT