Тарих тасада қалмасын

(0 Votes)

29 сәуір күні Доссор кен орнындағы №3 ұңғымадан алғаш мұнай бұрқағының атқылағанына биыл - 101 жыл толды. Аталған ұңғыма 30 сағат бойы атқылап, 16 мың 700 пұт мұнай берген. Доссор кенішінің мұнайын өнеркәсіптік игеру де, алғашқы жұмысшы табының қалыптасу кезеңі де 1911 жылдан бастау алады. Осы жылдан 2013 жылы Доссорды консервациялауға дейінгі кезеңде мұнда шамамен 5,14 млн тонна мұнай өндірілген. Ал, Доссор атауын иеленген елді мекенде мұнайшылар қалашығының іргесі қаланып, күнделікті тұрмыс пен ырғақты жұмысқа қажетті нысандар бой көтере бастайды.


Аталмыш датаға орай 26 сәуір күні аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастырумен №3 ұңғыма басында тағылымды кездесу өтті. Аудан ардагерлері Дінғали Дәулетбав, Нұриден Байниязов және «Доссормұнайгаз» ӨБ-ның геолог маманы Рустем Абшиев Мақат мұнай және газ технологиялық колледжі студенттерімен кездесіп, Доссор мұнайының шығу тарихын баяндап, өткен күннен сыр шертті.
«Доссор кен орнында мұнайды өндірудің максималды деңгейіне 1915 жылы қол жеткізілді. 52 ұңғыма жұмыс жасап, 270 мың тонна көлемінде мұнай өндірілді. Доссор кен орнындағы мұнайдың физикалық-химиялық қасиеттері бойынша құрамында күкірт, парафин, қарамай және кокс аз және майлы, бензинді болып келді. Доссорда 1920 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында мұнай өндіру 6 есе артты: 59,987-ден 327,628 пұтқа дейін. Егер 1920 жылдың алғашқы айларында мұнай өндірудің барлық көлемі мұнай бұрқағы ағынымен қамтамасыз етілсе, қыркүйекке қарай оның көп бөлігі компрессорлар мен терең сорғылардың көмегімен өндіріледі. КСРО мұнай өндіру тарихында алғаш рет 1944 жылы Доссор және Мақат кен орындарында мұнай горизонттарының контурішілік суландыру әдісі қолданылды. Нәтижесінде ескі қордың ұңғымаларының орташа айлық дебиті 9 пайызға, ал, жаңасы 19 пайызға өскен екен. Бұл жерде қазіргі таңда 500-ден аса ұңғыманың орын бар. Жалпы есептегенде осы жерде мұнайдың 98,7 пайызы алынды. Бұл өте жоғары көрсеткіш»,-деді Р.Абдиев.
Ал, Діңғали Дәулетбаев ақсақал: «Алғашқы мұнай атқылаған жылдары көлік, теміржол қатынастары жоқ еді. Осы Доссордан 60-70 шақырым жерде кезінде теңіздің жағасында «Ракуш» деген порт болған. Сол арқылы мұнайды игеру үшін құрылыс материалдарын тасыған екен. Ракуштан осы жерге дейін түйе арбамен қатынаған. Қазақтар жұмысшыларға түйлерін жалдаған деседі. Ол кезде тіпті су да болмаған. Доссордан 35 шақырым жерде «Ащықұдық» деген жер бар. Сол жерден бөшкемен түйе арбамен әкелеріміз су тасыған. Ақысына олар жұмыртқа, ұн алатын болған. Артынан су құбыры жүргізіліп, бұл жер өркениетке қадам баса бастайды. Бұрынғы кездері мұнай соратын құрылғылар ағаштан жасалды. Ұзындығы 10-12 метр болды. Жас күнімізде осы жер әлі есімде бір қарағанда орман сияқты болып тұратын. Өйткені мұнай өндіріп жатқан ағаш ұңғымалар көп еді. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Доссор мұнайшылары майданға жанармайдың үздіксіз жөнелтілуін қамтамасыз ету үшін демалыссыз, күніне 12–13 сағаттан жұмыс істеген екен. Өйткені бұл жердің мұнайы өте сапалы болған. Кен орны қордың таусылуына байланысты бұл жер 2013 жылдың 22 қаңтарында консервацияланды»,- тарихтан сыр шертті.
Доссор кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұриден Байниязов еліміздің аяққа тұруына өз үлесін тигізген бұл ұңғыма басына әдемі ескерткіш қойылып, айналасы абаттандырылса деген тілегін жеткізді. Өйткені ғасырдан астам тарихы бар бұл жерге жеткілікті көңіл бөлінбей келеді. Ақсақалдын айтуынша Доссордың кент болып қалыптасуына және еліміздің экономикасының өсуіне зор ықпал еткен бұл ұңғыма көркейіп, ауданға келген қонақтарға зор әсер сыйлауы тиіс. Өйткені Доссордың тарихы осы ұңғымадан басталады. Ал, тарихты естіген бір бөлек және оны жарқыратып өскелең ұрпаққа қалдыру бір бөлек. Сондықтан жергілікті билік алдағы уақытта ауылдың түйткілдерін ғана шешіп қоймай, алғаш мұнай бұрқағы атқылаған №3 ұңғыманы тарихи ескерткішке айналдырып, оны сақ¬тауға, көркейтуге бас¬ты назар аударылса құба-құп болар еді.

М.ІЗТҰРҒАНОВА,
Суреттер автордан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT