«AMANAT» партиясының “Кедергісіз келешек” жобасы аясында Мақат кентіндегі бірқатар әлеуметтік нысандардың мүмкіндігі шектеулі тұрғындарға қолжетімділігі зерделенді.
Зерделеу жұмыстарына «AMANAT» партиясы Орталық аппаратының партиялық бақылау департаментінің инспекторы Заур Гучияев, “Мүгедектер әлемі” үкіметтік емес ұйымының басшысы Күлбаршін Нұржігітова, облыстық партиялық бақылау комитетінің инспекторы Роман Мақсотов, облыстық партиялық бақылау комитетінің мүшесі Абзал Махсотұлы, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Әсел Қаржауова, аудандық партиялық бақылау комитетінің төрағасы Мереке Басанов, аудандық мүгедектер қоғамының төрайымы Тыныштық Ешанова қатысты.
Олар «Қазпошта» АҚ, аудандық аурухана, теміржол вокзалы, Мақат балалар жасөспірімдер спорт мектебі, Халыққа қызмет көрсету орталығына болып, мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына жасалған жағдайды бақылады.
Зерделеу жұмыстары Халыққа қызмет көрсету орталығынан басталды. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін автотұрақ, шақыру түймесі іске қосылған. Тактильді таяқшалар және көзі нашар көретін жандар үшін брайль қарпі орналастырылған. Десе де, пандус талапқай сәйкес болғанымен, есіктен кіре беріске жиналмалы пандус қарастыру қажет екені айтылды. Мақат кенті әкімдігінің ғимаратында орналасқан бұл мекемеде ең басты мәселе – дәретхананың келесі ғимаратта болуы мүмкіндігі шектеулі жандарға қиындық тудырып отыр.
Аудандық орталық аурухананың пандустары мен автотұрағы талаптан шықты. Шақыру түймесі де іске қосылып, дәретханада жабдықталған. Дегенмен тактильді тақтайшалар және көзі нашар көретіндерге арналған брайль қарпі орналастырылмағаны белгілі болды. Бұл мәселе бойынша аурухана басшылығы алдынғы мониторинг қорытындысы бойынша сұраныс жолданғанын, құрылғылар жақын арада келетінін жеткізді.
Ал, теміржол вокзалында автотұрақ қарастырылып, шақырту түймесі іске қосылған. Дегенмен мұнда мүкіндігі шектеулі жандардың перронға шығуы, өз еркімен вокзалдан пойызға дейін жетуі қиын. Дәретханасы да талаптан шықпайды.
Дегенмен көру қабілеті нашар жандарға Мақат станса вокзалының мнемосұлбасы іске қосылған. Ал, мұндай құрылғы тіпті қаладағы орталық вокзалда жоқ екенін айта кеткен жөн.
Мақат дене шынықтыру және спорт кешенінің ғимаратында мүмкіндігі шектеулі жандарға мүлдем жағдай жасалмағаны белгілі болды. Есік алдында мүгедектерге арналған көлік тұрағы жоқ. Ескі ғимаратта тактильді плиталар да төселмеген, есіктері арбамен кіруге тым тар. Мүмкіндігі шектеулі жандар бос уақытында спортпен айналысқысы келеді. Бірақ оларға жағдай жасалмаған. Жуынатын бөлме мен дәретхана да мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайсыздық тудырады.
Аудандық почта байланыс торабының да пандусы да мүлде талапқа сәйкес салынбаған. Автотұрақ жоқ. Тактильді тақтайшалар мен шақыру түймесі қарастырылмаған. Көру, есту қабілеті бұзылған мүгедектер үшін жағдай жасалу қажеттілігі басшылыққа ескертілді.
Бұдан бөлек, аудандық партиялық бақылау комитетінің төрағасы мен мүшелерінің өздері де аталмыш партиялық жоба аясында аудандағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралаған болатын.
Партия мүшелері барған аудандық прокуратура, «Ару» сауда үйі, Халық Банк филиалы, Нотариус бөлімшелерінің бірінде автотұрақ қарастырылмаған. Сондай-ақ, көбінде тактильді тақтайшалар мен шақыру түймесі жоқ. Пандусқа келер болсақ, тек аудандық прокуратураның пандусы ғана талапқа сай болып шықты. Оның өзіне таймайтын төсем төсеуді қажет етеді.
Мониторинг бойынша сын-ескертпелер айтылып, ұсыныстар берілді. Бұл зерделеудің орындалуы партияның тікелей бақылауында болады.
М.ІЗТҰРҒАНОВА,
Суреттер автордан