Көктемнің жадыраған шуақты күндерінде аудан аумағында көктемгі абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазарту жұмыстары жүргізілуде.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында елді-мекендерге 15 млн ағаш отырғызу жөнінде тапсырма берген болатын. Осы тұрғыда республика көлемінде жүріп жатқан "Мекенім - жасыл орманым" атты ағаш отырғызу акциясына мақаттықтар да белсене атсалысуда. Акцияның мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптасыру және қоршаған ортаға сүйіспеншілікті арттыру.
Өткен апта да Мақат кентіндегі «Азаттық» көшесінің бойына ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілді. Акцияға Мақат кенті әкімі аппараты, желілік-өндірістік басқармасы, газ-энерго жөндеу басқармасы, техникалық қызмет көрсету пункті, кенттегі мектептер және балабақша қызметкерлері қатысты. Ұйымдастырылған бұл игі шараның басы-қасында аудан әкімі Р.Ибрагимов, кент әкімі Е.Ермағамбетов, аудан әкімінің орынбасары Б.Жайкин және аудан әкімі аппаратының басшысы Ж.Бөлекбаев бой көрсетіп, кенттің көркейіп, көгалдануына өз үлестерін қосты.
Жалпы кент аумағында акция аясында 500 түп ағаш отырғызылады. Сондай-ақ, алдағы сенбілікте орталық алаңға барқытгүл, шырайгүл және көпжылдық раушан гүлдері егілмек. Ендеше, баршамыз салауатты өмірді қолдап, қоршаған ортаны аялайық! Ә.ҚАСЫМ