1979 жылы Ауған мемлекеті басшылығының сұрауымен КСРО билігі Ауғанстанға өз әскерін енгізді. Отқа оранған он жыл ішінде қаншама қандас ағаларымыз қыршыннан қиылды. Олар интернационалдық борышымызды өтеуге бардық деп сеніп, өлімнен тайсалмай, ажалмен сан мәрте бетпе-бет келді.
Ауған соғысының аптабында ысылған ауданымыздың азаматтары жетерлік. Олардың отты жылдары өткерген оқиғалары - өскелең ұрпаққа өшпес үлгі. Солардың бірі Бтанов Әлімжан Аманжанұлы. Ағамыздың әсерлі әңгімесін тыңдау үшін шаңырағына бас сұқтық. Жеңгеміз кезекті еңбек демалысында санаторийға аттаныпты. Әлімжан аға сонда да қонақжайлық қасиетінен жаңылмай, төрден орын ұсынып, дастархан басына шақырды.
Сәлімжан Аманжанұлы 1969 жылы 4 наурызда Маңғыстау облысы, Сарықамыс ауылында дүниеге келген. 1971 жылы ата-анасы Мақатқа көшіп келіп, осы жерден өсіп-өнеді. Ол шекарашы болып әскерге аттанарда бар болғаны 18 жастағы бозбала еді. Алғашында Тәжікстан Республикасының Хорог қаласында 6 ай әскери дайындықтан өтіп, әрі қарай өз еркімен Ауған шекарасына аттанады."Әскерге ауылдан пойызбен аттандық. Әрі қарай Әндіжан, Ош, Оштан әрі қарай автокөлікпен алып кетті. Тау көрмеген қырдың баласы үш мың метр биіктікке көтерілгенде жүрегім айнып, бас кезінде тек ыстықтай шай іше беретін болдым. Барып тұрған жеріміз кәдімгі Памир тауы, бұлт дегенің аяғымыздың астында. Жанымызда өзім секілді одақтың түкпір-түкпірінен келген кіл жалындап тұрған жастар. Барлығы ауғанға барамыз деп жатырғанда, тартынып қалмаймын ғой. Басында сәл қобалжу болды, кейіннен үйреніп кеттім",-дейді ол. Шекара ұрыстың нағыз қайнаған ортасы болмаса да, соғыс өртінің кез-келген тұстан бұрқ ете қалуы ғажап емес еді. Себебі бұл арадан тек дұшпанның ғана емес, есірткі таситындардың да жолы кесіледі. Ал шекарашы сәл осалдық танытып, есірткі Тәжік шекарасынан өтсе болды, қаулаған өрттей кеңес одағын қуалап кетуге дайын тұр. Ағамыздың әскери борышын өтеген жер Даудж деген кішкентай қыстақ еді. "Кишлак тұрғындарының арасында кейбіреуі күндіз кәдімгі адам секілді араласып жүреді де, кешкісін қаруын асынып, душманға айналып шыға келеді. Арасында барлау жұмыстарына шығып тұрамыз. Жергілікті тәртіп сақшылары бізге өздерінің аудармашылары арқылы осындай жерде күдікті адам бар "бұл біздің ауылдың тұрғыны емес",-деп көрсетеді. Біз соларды кейде апталап аңдимыз. Бізге ұрысқа тікелей араласуға болмайды. Біз тек белгіленген нүктені жоямыз, немесе атқылаймыз ",-дейді ардагер.
1988 жылдың сәуірінде ауған жеріне табан тіреген ағамыз 1989 жылдың ақпан айына дейін тоғыз айдай әскери борышын өтеді. Бұл кезде Кеңес әскері де ауған жерінен шығып жатыр еді. Осылайша ол сұрапыл соғысқа соңғы нүктені қойғандардың бірі болып елге оралды. "Біздерге алғаш барған кезімізде бұл арада 200 жылдың үстінде соғыс жүріп жатыр. Бұлардың еңбектеген баласынан, еңкейген кәрісіне дейін қару ұстанып біледі деп өте мұқият болуды ескерткен. Кішкентай қыстақ. Балалары бала болып білім алып, ойнаудың орнына егіннің басында өгізге соқа тіркеп, жер жыртып жүреді. Жағдайлары өте мүшкіл, біздің жағдайымыз мың шүкір",-деп еске алады сол кездерді.
"Ауған жерінде жүріп есімде қалғаны - бірде кезекті барлау жұмысына шықтық. Арамызды 50-100 метрден бөліп тастады. Күдікті деген душманды төрт күн аңдыдық. Бұқтырылған етті (тушенка) құрғақ спиртпен қыздырып аламыз да талғажу ете береміз. Қазір ауызға айту оңай болғанымен бұл - басымызды бәйгеге тігу оқиғасы еді. Себебі шылымның шоғын екі шақырым жерден көретін әлгілер кез-келген сәтте бізді жайратып салуы мүмкін еді. Абырой болғанда, ұрыс болмады",-дейді Әлімжан аға.
Ағамызды қазіргі жастардың әскерден қашқақтайтын қылығы қынжылтады екен. Әскерге баруды Отан алдындағы борышым деп сезінуің керек қой. Бұрындары "әскерге барсаң да барасың, бармасаң да барасың",-деп желкелеп әкететін еді. Егер сол заңды қайта қолданысқа енгізсе, мен қос қолдап қолдар едім. Ұл баланың мінезі мен тәртібін қалыптастыратын жер -әскер",-дейді ардагер жауынгер. Айтуынша, ағамыздың өздеріне бөлінетін үкіметтің назарына көңілі сәл толыңқырамайды. "Бізді жылына бір іздеп келетін сендер(тілшілер) ғана. Үкімет тарапынан төленетін жәрдемақыны көбейтсе екен деген ұсынымыз бар. Арасында санаторийларға жіберіп тұрса",-дейді ол.
Сөз соңында Әлімжан Аманжанұлы "Еліміз аман, аспанымыз ашық болсын. Жер бетіндегі барлық соғыс оты сөнсе екен",-деген ізгі тілектерін жеткізді. Аман отырыңыз, ардагер аға!
А.САДЫКОВ