Он бір ірі операцияға қатысқан жауынгер

(0 Votes)

Ауған соғысы – Кеңес Одағы кезіндегі тарихтың ең қайғылы бет­те­рі­нің бірі. Он жылға жалғасқан шайқаста ауған әскерлерінің құра­мында Қазақстаннан 22 мыңға жуық жауын­гер интерна­цио­нал­дық міндетін атқарды. Олардың 1000-ға жуығы сұрапыл шайқаста ерлікпен қаза тауып, 21 адам хабарсыз кетіп, мыңдаған әскер елге ауыр халде оралған. 1989 жылы 15 ақпанда КСРО халқы Ауғанстаннан қайтқан жауынгерлерді қарсы алып, биыл ауған жерінен толықтай шыққанына 32 жыл толып отыр. Он жылға жуық бөтен ел­дің мүддесін қорғаған жауынгерлердің қатарында ауданымыздың азаматтары да болды.

Соғыс өртін көзбен көрген ардагерлеріміздің бірі - Қуаныш Досмағамбетов. Ол 1960 жылдың 6 тамызында Доссор поселкесінде қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Ұзақ аккумулятор жөндеуші, ал анасы Барша мектепте қызмет атқарған.

Ол 1967-1977 жылдар аралығында «ВЛКСМ-ның 40 жылдығы» атындағы орта мектепте білім алады. 1979 жылдың сәуір айында Совет Армиясы қатарына шақырылып, осы жылдың желтоқсан айына дейін Чехословакияда әскери борышын өтейді. Кейін 1980 жылдан бастап Ауғанстан жеріне ерікті түрде соғысқа жіберіледі. Ол жақта Қуаныш Ұзақұлы миномётшы болып қызмет етеді. Өзінің сол кездегі бастан өткен оқиғаларын өз аузынан есту үшін ардагермен біраз әңгімелескен болатынбыз.                                     

«Ол жақта ашық соғыс жоқ, жаудың қай тұстан тап келетінін білмейсің. Көбіне олар засада құрып, тұтқиылдан тап беретін. Айнала тау-тау. Жасырынуға ыңғайлы жер көп еді»,- деп ұйқысыз түндер мен ұмытылмас сәттерін баяндап берді.

Қатқан қара нан мен суды қанағат тұтқан жерлесіміздің күні солай өте берді. Бір жылдан аса уақытын соғыс алаңында өткізген Қуаныш Досмағамбетов 11 рет тағдыры қыл үстінде тұрған ірі операцияға қатысқан. Әскерилер ол кезде бір жерде тұрақтамай, тау-тасты аралап, Ауған жерінің Саманган, Акмазар және т.б жерлерінде әскери іс-қимылдар ұйымдастырған екен.

«Бастан өткізген оқиғалардың бір үзіндісін айтып берейін. Біздер Кабулға қарай кететін тас жолды күзетіп тұрғанбыз. Себебі сол жолмен жүретін Кеңес әскерінің көліктеріне көбіне шабуыл жасалатын. Біз қарауылдап тұрған жер таудың бір қиылысы еді. Түскі мезгіл болатын, батальонға барып тамақтанып жүргенде атыстың дауысы естілді. Комбат біздерге дереу «барыңдар, атып жатыр»,-деп бұйрық беріп, бізге БТР қосып жіберді. Біздің горнизон мен батальонның арасы үш шақырым болатын. Мен бірінші БТР-да болатынмын. Біздер атыс болған жерге жақындағанда Ауған жерінің солдаттары қашып келе жатыр екен. Тоқтатып сұрасақ, ондағылар душмандар деді. Біз алға қарай жылжи бердік, кенет БТР кілт тоқтады. Алда отырған офицер мен жігіттер «өмірге қайта келдіңдер»-деп, БТР-ді тез артқа бер деп бұйырды. Өйткені бізге оқ атылған екен. Артқа қарай шегініп едік. БТР бір затқа соқтықты. Пулемётчик артты қарап еді, екінші БТР жанып жатыр екен. Сөйтсек, бізге атылған оқ осында тиген екен. Содан атыс басталып кетті. Батальоннан қосымша көмек сұрадық. Бізге тағы танк және БТР жіберді. Мен БТР-дің астыңғы люгін ашып қарап едім, екінші БТР-дің жігіттері жорғалап келе жатыр екен. Бәрі де жараланған, соларға көмек көрсетіп, жараларын таңып, батальоннан келген санитарный БТР-ға салып жібердім. Айта берсең, бастан өткізген бұндай оқиғалар өте көп. Соның ішіндегі бұл бір үзіндісі ғана»,- дейді ол. Осылай басынан өткен қиыны мен қызықты сәттерін, жантүршігерлік оқиғалары мен ұмытылмас күндердің бір парағын баяндап берді.

Оқ пен оттың ортасында жүрген жерлесіміздің маңдайына елге аман-есен оралу жазылған екен. Әскери борышын адал атқарып, отанға оралған сері жігіт шаңырақ құрып, қызметке араласады. Бүгінде екі қыз тәрбиелеп өсірген соғыс ардагері тәуелсіз елде бейбіт өмір сүріп жатқанына, балаларының соғыс көрмей өскеніне, түн ұйқысының тыныштығына шүкіршілік етеді. Еңбегі мен ерлігі үшін Қуаныш Ұзақұлы алғыс хат және медальдармен марапатталған.

«Ерлік - жан дүниенің ұлы қасиеті» дегендей, өмірінің өлшеулі бір бөлігін, жалындаған жастық шағының жартысын  оқ пен от арасында өткізіп, елге аман – сау оралып, туған жерімен қауышқан майдангер ағаларымызбен кездесіп, сұхбат жүргізу – біз үшін бір мәртебе, ғанибет.     

М.ІЗТҰРҒАНОВА

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT