Салмағы ауыр саяси науқан

Салмағы ауыр саяси науқан
(0 Votes)

Келесі айда ел азаматтары соңғы бірнеше жыл бойы айтылып келе жатқан атом электр станциясын салуға қатысты референдумға қатысып, өз таңдауын жасайды. Референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар тізімі бойынша жергілікті атқарушы органның қызметі, референдумды ұйымдастыру барысындағы өзгерістер, ақпараттық, материалдық-техникалық қамтамасыз ету барысын білмек болып, Атырау облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Азамат Айманакумовпен сұхбаттасқан едік.

– Азамат Мақсотұлы, мақсат ортақ – референдумға қатысуға халықты шақыру, елдік мәселеге тікелей араласып, өз пікірін ортаға салуға ықпал ету. Білуімізше, бүгінгі таңда біздің есебіміз бойынша республикада сайлаушы саны 12 миллионнан асып тұр. Ал, Атырау облысында қанша сайлаушы бар?

– Атырау облысында 6 қазанға тағайындалған республикалық референдумды ұйымдастыру жұмыстары Орталық референдум комиссиясының күнтізбелік жоспарына сәйкес жүріп жатыр.

Облыста референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар саны – 411 880. Бұл тізім әлі нақтыланады.

Барлығы 9 аумақтық (63 мүше), 274 учаскелік (1974 мүше) референдум комиссиясына барлығы 2037 комиссия мүшесі тартылған. 274 референдум учаскесінің 134-і немесе 49% – облыс орталығында, азаматтардың уақытша болу обьектілерінде құрылған 11 жабық учаске де қалада. Биыл облыста 2 сайлау учаскесі жабылып, жаңадан 7 учаске ашылды, 39 учаскенің шекарасына өзгеріс жасалды.

Күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне орай 8 референдум учаскесінің орналасқан орындары ауысты.

– Нақты тізім қай уақытта алынады?

– Заңнамаға сәйкес, тізімдерді қалыптастыру және оның дұрыстығына жауаптылық жергілікті атқарушы органдарға жүктелген. Оны әкімдіктер нақтылап берді. Өзге өңірлерден келген вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер және студенттер, әскерилер, басқа да дауыс берушілер өтініштеріне сәйкес тізімдерге қосылды.

Күнтізбелік жоспарға сәйкес, 15 қыркүйекте, яғни дауыс беруге 20 күн қалғанда әкімдіктерден акт бойынша азаматтардың тізімдері алынды. Оны референдум комиссиялары қабылдаған күннен бастап, яғни 15 қыркүйектен бастап, учаскелік комиссиялар өз жұмыстарын бастады.

Дауыс беруге 15 күн қалғанда, яғни 20 қыркүйектен кешіктірмей азаматтардың тұрғылықты жері бойынша құрылған учаскелерде референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдері оларға танысуға ұсынылады.

Дауыс беруге 10 күн қалғанға дейін, яғни 26 қыркүйекке дейін учаскелік референдум комиссиялары азаматтарды дауыс беру уақыты мен орны туралы хабардар етуі тиіс. Бұл жұмыстар мерзімді басылымдарда, интернет сайттарда ақпараттық хабарламалар беру, шақырту қағаздарын тарату арқылы жүргізіледі. Жұртшылықтың басым бөлігінің әлеуметтік желілерді пайдаланатынын ескере отырып, оларда ақпараттық контенттер, шағын түсірілімді видеороликтер жарияланады және бұлар байланыс чаттарында қайталанады.

Әрбір референдум учаскесінде дауыс беру күні мен орны туралы ақпараттары бар арнайы шақырту қағаздарын тізімге енгізілген азаматтардың назарына жеткізу үшін тұрғын үйлерге, оның ішінде жеке тұрғын үйлер, пәтерлерге жеткізу жоспарланды. Бұл – әрбір науқанда жасалатын жұмыс.

– Облыста қанша үй бар? Оның саны нақтыланды ма?

– Бүгінгі күні тұрғын үйлердің саны мен мекен-жайлары туралы ақпараттарды облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы, цифрландыру және архив басқармалары, қала, аудандар әкімдіктері ұсынды. Қазір облыста 184 137 тұрғын үй бар, оның 94419-ы – жекеменшік секторда, ал 2034 көп қабатты үйде 89718 пәтер бар.

Шақыру билеттерін таратуда пәтер иелері кооперативімен, учаскелік полиция, миграция бөлімдерімен бірлескен жұмыстар жүргізіледі. «Сайлау туралы» Конституциялық заңында сайлаушыларды дауыс беру күні, уақыты және орны туралы хабарландыру учаскелік сайлау комиссиясының тікелей құзыретіне кіреді.

– Мүмкіндігі шектеулі азамат­тардың дауыс беруін қамтамасыз етуде қандай жұмыстар жасалып жатыр?

– Алдағы саяси науқанда мүмкіндігі шектеулі жандарға дауыс беруде қолайлы жағдай жасау – басым бағыттың бірі. Референдум комиссияларының материалдық-техникалық жабдықтармен, методикалық құралдармен толықтай қамтамасыз етілуі бақылауға алынған.

Дауыс беру кезінде мүгедектігі бар азаматтар үшін жағдайлар жасау шаралары жасақталуда. Оны ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын облыс әкімі бекітті. Бұл мәселе 4 қыркүйекте өткен облыс әкімдігі жанындағы үйлестіру кеңесінде қаралып, жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар берілді.

181 референдум учаскесінде азаматтардың өздерін тұрғылықты жері бойынша іздеуі бойынша сервистік қызметтер және Атырау қаласындағы 5 учаскеде тіркеуде жоқ азаматтарды өтініштері арқылы тіркеу бойынша дауыс беруді жүзеге асыру жоспарланған.

ОРК-нің эскизі бойынша облыс бойынша 142 ақпараттық бильборд ілінді.

Учаскелер орналасқан ғимараттарға 548 күнтізбелік баннер, 6570 инфографикалық плакат ілінді. Комиссия мүшелеріне арналған оқыту семинарлары басталды. Референдум комиссияларының 1152 мүшесін арнайы оқытудан өткізу жоспарланған. Сонымен бірге, комиссияның барлық 2037 мүшесі каскадтық әдіспен оқытылады. Қазірге дейін ұйымдастырылған 20 семинарға 844 комиссия мүшесі қатысты. Байқаушылар, мүгедектігі бар азаматтар, мемлекеттік органдар, БАҚ, саяси партиялар, ҮЕҰ, жастар өкілдері үшін семинарлар 23-27 қазан аралығында ұйымдастырылады.

– Акредиттеу бойынша да айтып өтсеңіз?

– Облыста референдумды байқауға 6 ұйым аккередиттелген. Тағы бір ұйымның өтінімі қаралу үстінде. Аккредиттелген ұйымдардың тізімі комиссияның интернет-ресурсында орналастырылды. Үгіт-баспа материалдарын орналастыру үшін жергілікті атқарушы органдар 152 орын белгілеп берді, олар стендтермен, тақталармен, тұғырлықтармен жарақтандырылған. Үгіт науқаны кезінде азаматтармен кездесулерді ұйымдастыру үшін келісім-шарт негізінде 82 үй-жай белгіленген.

Дауыс беруге арналған бюллетеньдер референдум комиссияларына 4 қазанға дейін жеткізіледі. Егер өзге уақыт белгіленбесе, учаскелік референдум комиссиялары дауыс беруді 6 қазан күні сағат 7-ден 20.00-ге дейін өткізеді. Ал, Атырау қаласындағы №5546 әскери бөлімде орналасқан №75 сайлау учаскесінде дауыс беру тиісті талапқа сәйкес сағат 6.00-де басталады.

Референдумға қатысты материалдар аумақтық референдум комиссияларының atyrau.gov.kz сайтына орналастырылып келеді. Науқан барысы қолданыстағы заңнама аясында ұйымдастырылып отыр.

Жалпы, ел дамуының маңызды мәселелері референдум арқылы шешілгені дұрыс. Бұл халық пен билік арасындағы алтын көпір десек қателеспейміз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Рита ӨТЕУҒАЛИ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521