Мемлекеттік қызметтегі ашықтық пен тиімділік

Мемлекеттік қызметтегі ашықтық пен тиімділік
(0 Votes)

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін ерекше атап өтті. Бұл маңызды құжат ел дамуында шешуші рөл атқаратын бірқатар жүйелі мәселелерді айқындады.

Мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін арттыру мәселесін Мемлекет басшысы алғаш 2019 жылғы Жолдауында көтеріп, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсын­ған еді. Бұл идея «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген іргелі қағида аясында көрініс тапты. Жолдаудың сегізінші бағытындағы айтылған пікірлер де оған айқын дәлел.

Президент Жолдауында «Қазақ­стан халқы қазір мүлде жаңа саяси жағдайда өмір сү­ріп жатыр. Кейінгі 5 жылда ауқымды реформалар жасалды. Еліміздің саяси жүйесі түбе­гей­лі өзгерді. Жұрттың сана-сезімін­де бетбұрыс болып жатыр. Халық­тың құқықтық мәдениеті артып келеді», деді.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мемлекеттік аппараттың халыққа бет бұруына ықпал жасап, елі­мізде жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуына жол ашқан, мем­лекет басқару ісінде сапалы өзгеріске бастаған маңызды идея болғанын көріп отырмыз. Президент бас­тамасымен қазір мемлекеттік аппараттың жұмысы ашық, әділ, адамға бағдарланған сипатта тұрақты жаңғыртылып жатыр.

Жолдауда қоғам мен билік құры­лымдары арасындағы қа­рым-қатынас мәдениетінің өз­гергені, мемлекеттік қыз­мет­ші­лердің азаматтармен тікелей сөйлесуі қалыпты жағдайға айналғаны, мемлекеттік қызмет­шілер мінез-құлқының жаңа моделі қалыптасқаны, олар жауап­­кершілікпен, проактивті, ашық және тиімді жұмыс істей бастағаны айтылды. Бұл мем­лекеттік қызметшілерге алдағы уақытта да ашықтық, әділ­дік қа­ғи­датын ұстанудың маңыз­дылығын көрсетеді.

Осы орайда Мемлекет бас­шы­сының «Мемлекет пен қо­ғам арасындағы диалогтің сапа­сын одан әрі арттыра түсу үшін бәріміз адал әрі әділ болуымыз, тек заң аясында әрекет етуіміз, берген уәдеміз бен ісіміз үшін жауап бере білуіміз керек» деген пікірінің мемлекеттік қызметшілерге ма­ңызы зор.

Осы бағытта мемлекеттік қызметті әрі қарай жүйелі түрде дамыту үшін биыл шілде айында елімізде мемлекеттік қызметті дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекі­­тіл­ді. Агенттік мұны жүзеге асыру аясында «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң әзір­леуді көздеп отыр. Ол мем­лекеттік қызметтің миссиясы, мін­деттері мен талаптарын жа­ңаша айқындайды. Бұл заң қазіргідей еңбек қатынастарын, яғни мемлекеттік қызметке кіру, өткеру және тоқтату мәселелерін реттеумен шектелмей, ең бастысы мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқының адамға бағдар­ланған үлгісін бекітеді. Яғни енді мемлекеттік қызметшілердің азаматтардың талап-тілектеріне құлақ асып, адамға бағдарлануы заңмен міндеттеледі. Бұл мем­лекеттік қызметшілер мен аза­маттардың қарым-қатынас мәде­ниетін жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізеді. Сонымен қатар мемлекет ұсынатын игіліктер мен қызметтердің бюрократиясыз, әуре-сарсаңсыз қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Осының бар­лығы ашықтық, әділдік қағидат­та­ры­ның қоғамдық санада әрі қарай терең орнығуына жол ашады.

Біз мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін бағалауда Мемлекет басшысының «Әрбір шешім, әрбір жоба ең алдымен елге пайдалы болуы қажет» деген пікірін ескеруіміз қажет. Себебі халық үшін ең бастысы – нәтиже.

Жолдауда мемлекеттік орган­­дардың азаматтардың өтініш­терін қарауына қатысты оларды талдау қажеттілігі ұсы­нылды. Бұл туралы Жолдауда өтініштерді қарауға қатысты жұмыстың бірыңғай экожүйесі қалыптаса бас­тағанының маңыз­дылығы, мұның халықтың қажет­тілігі мен талап-тілегін нақты біліп отыруға мүмкіндік беретіні, осы орайда мемлекеттік органдар өз жұмысын жетілдіру үшін азаматтардың өтініштерін талдауға көбірек назар аударуға тиіс екені айтылған.

Азаматтардың өтініштеріне тұрақты талдау жүргізу – қор­даланған түйткілді мәселелерді жүйе­­леп, оларды реттеуге, бол­дыр­мауға және сол арқылы нақ­ты шешімдер қабылдауға жол ашады. Яғни қордаланған мәсе­ле­лердің салдарымен ғана күресіп қоймай, олардың себебін анық­тауға мүмкіндік береді. Тал­дау жүргізудің маңызы да осын­да.

Мемлекет басшысы Жолдауда мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру мәселесінің әлі де өзектілігін, үміткерді қыз­метке тағайындаған кезде оның кәсіби және моральдық қа­сиеттерін мұқият ескеру қа­жеттігін, оның бұрынғы жұмысын қалай атқарғаны да қаперде болуы керектігін назарға алды. Агенттік бұл бағытта тұ­рақты жұмыс жүргізеді.

Дархан ЖАЗЫҚБАЙ,

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT