Қауіпсіз болса қажет құрылыс

Қауіпсіз болса қажет құрылыс
фото: iapn.kz
(0 Votes)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында қазіргідей әлемде энергия тапшылығы туындап тұрған сәтте елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көзі болатын атом энергеткасын дамыту керектігіне тоқталды.

Үдей түскен сұранысты тек атом энергетикасы қамтамасыз ете алатынын еске салып, аталған қуат көзін өндіретін өндірісті салу Қазақстан үшін тиімділігін алға тартты. «Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр. Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін. Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын. Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни, референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын» деген Президент халық үшін маңызды мәселеде Үкіметтің ұсынысын қолдап, АЭС салуға қатысты жалпыұлттық референдумды алдағы 6 қазанда өткізуге деген жарлығын шығарды.

Иә, аталған стансаны салудың артықшылығы мен ықтимал тәуекелдігі жөнінде ел арасында, өсіресе болашақ құрылыс жүргізуге таңдалған Алматы облысында қызу талқылаулар болғанынан хабардармыз. Шыны керек, қоғам бұл мәселе төңірегінде екіге бөлінді. Энергетика саласындағы жетекші сарапшылар мен қоғам белсенділері және қарапайым халық өкілдері өз уәждерін дәлелдерін келтіре айтты. Басқосу барысында еліміздің атом энергетикасын дамытудың жоспарлары мен перспективалары, құрылысты қай елдің салатындығы, оның қауіпсіздігі, экологиялық тазалығы және экономикалық тиімділігі, қаржыландыру мәселесі кеңінен талқыланды. Сонымен бірге, АЭС-тен пайдаланылған суды кәдеге жарату, қалдықтарды көму, атом электр стансасына қызмет көрсету үшін қажетті құзыретті мамандардың болуына жұрт назарынан тыс қалмады. Мені отандастарымыздың осындай өз өмірлері мен ұрпақтарының болашақтарына қатты алаңдаушылық білдірулері қуантты.

Біздің қоғамымызда атомға байланысты қорқыныш Семей ядролық сынақ полигонының зардабынан, Чернобыль АЭС-інде болған апаттан кейін пайда болды. Екеуінің де келтірген зияны орасан, кесірі әлі де бірнеше ұрпаққа жалғасады. Ядролық сынақтың айналасындағы адамдарға тигізген зауалын дәрігер ретінде Азғыр ауылы тұрғындарының өмір тұрмысынан жақсы білемін. Чернобыль апатын ауыздықтауға қатысқан ауылдастарымыздың денсаулықтарынан кінәрат табылуы, біразының өмірмен ерте қоштасуы да сол көзге көрінбейтін тажалдың зардабы. Сол кездегі мерзімдік басылымдардың жазғанындай, жарылыстың орын алуы қауіпсіздік мәселесіне орынды көңіл бөлмегендіктен болған көрінеді. Атап айтқанда, стансаның сутегі тұратын қазандығының, яғни атом реакторының сырты қалың қорғасынмен қапталуы тиіс болған екен. Ал, бұл талаптардың дұрыс сақталмауынан өне бойы қысымда тұратын қазандық шыдас бермеген. Маманы болмасам да менің білуімше АЭС атом ядросының энергиясын қарапайым ток көзіне айналдырады. Атом электрін алу үш кезеңнен тұрады. Біріншісі, ураннан ядролық энергия алу, одан жылу энергиясына өту кезеңі, ал одан кейін механикалық энергияға өту жолы. Бу турбинаны қозғап, электр генераторын жұмысқа келтіреді. Осындай түрлі процесстер жүретін станса қауіпсіздік ережелері қатаң сақталып жүргізіледі деген ойдамын. Көпшілікті де толғандыратыны сол қауіпсіздік жайы. Алдағы жалпыхалықтық референдумда Үкімет ұсынысын қолдаған жағдайда әлемдік тәжірибелерді зерделеп барып қолға алынғаны жөн.

Алпысбай ДОСҚАЛИЕВ,

невропатолог дәрігер

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT