Премьер-министр Президентке экономиканың болашағы зор салаларындағы негізгі жобаларды іске асыру барысы туралы баяндады

Премьер-министр Президентке экономиканың болашағы зор салаларындағы негізгі жобаларды іске асыру барысы туралы баяндады
(0 Votes)

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов экономиканың болашағы зор салаларындағы негізгі жобалардың іске асырылуы туралы баяндады. 

Мұнай-газ химиясы және көмір химиясы саласында биыл құны $7,4 млрд болатын полиэтилен өндіретін зауыт салу жоспарланған. Сонымен қатар құны $1,3 млрд бутадиен өндіретін зауыт салу жөніндегі жобаны әзірлеу басталады. Қазақстан Даму банкінің қолдауымен инвестор Павлодар облысында алкилат шығаратын зауыт құрылысын бастағалы отыр. «Qarmet» компаниясы жылына 200 мың тонна көмір өңдейтін жобаны іске асыруға кірісті. Жалпы құны $262 млн болатын жоба аясында көмір химиясы өнімдерінің 15-тен астам түрін шығару көзделуде. Премьер-министр қытайлық China Energy компаниясы Қазақстанда көмір химиясы бойынша $4 млрд-қа инвестициялық жобаларды іске асыруға қызығушылық білдіріп отырғанын баяндады. Қазіргі таңда оңтайлы көмір кенінің орны таңдалуда.

Мемлекет басшысының қайта өңдеу деңгейін арттыру бойынша алға қойған міндеттерін ескере отырып, Абай облысында құны $1 млрд-тан асатын мыс балқыту зауытының жобасын іске асыру басталды, ол бүгінде экспортталатын мыс концентратының барлығын дерлік қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Павлодар облысында жобалық қуаты 160 мың тонна ферросилиций болатын ферроқорытпа зауытының құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ осы өңірде қуаты 300 мың тонна алтын-мыс концентраты мен 15 тонна алтын өндіруге жететін гидрометаллургиялық комбинат салу бойынша жобалау жұмыстары басталды. «Qarmet» металлургиялық комбинаты жоғары деңгейде өңделген металдарды, оның ішінде автомобиль жасауға қажетті болат өндіру көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту үшін кәсіпорынды жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. 2024 жылы автомобиль және вагон құрылысында, сондай-ақ тұрмыстық техника өндірісінде қолданылатын 25 мың тонна қоспалы болат өндірілді.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу үшін еліміздің өңірлерінде бірқатар жобалар іске асырылуда. Қостанай облысында – құны $132 млн болатын бидайды қайта өңдеп, крахмал өнімдері мен биоэтанол шығаратын жоба іске асырылуда, Түркістан облысында биыл қуаты 150 мың тонна құрайтын жүгері өңдеу зауыты ашылады. Сондай-ақ Астанада өндірістік қуаты 320 мың тоннаға жететін крахмал, глютен және жеміс шырынын терең өңдеуге арналған бидай мен бұршақ дақылдарын қайта өңдеу зауытын салу жобасы басталды. Сонымен қатар 2025 жылы Солтүстік Қазақстан облысында тәулігіне 1,2 мың тонна күнбағыс өңдейтін зауытты іске қосу жоспарланып отыр. Бірқатар инвесторлар өнеркәсіптік қарасора өңдеу жобаларына қызығушылық білдіруде. Бірнеше компанияға жасанды жағдайда қарасора өсіруге лицензия берілді. Аталған өнімнен май, мал азығын, тыңайтқыштар және талшық алуға болады.

Көлік-логистика әлеуетін ашу жөніндегі міндеттерді іске асыру шеңберінде биыл «Достық – Мойынты» және Алматы қаласын айналып өтетін темір жолдардың құрылысын аяқтау жоспарлануда.

Премьер-министр «Дарбаза – Мақтаарал» және «Бақты – Аягөз» жобаларын іске асыру жалғасып жатқанын айтты.

«Мойынты – Қызылжар» жаңа теміржол желісін салу, сондай-ақ «Алтынкөл – Жетіген» учаскесінің екінші жолдары салуға кірісті. Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі аймақтарының туристік әлеуетін ашу мақсатында үш әуежайдың құрылыс жұмыстары қолға алынады. Сондай-ақ әуе хабын құру жобасы пысықталуда. Биыл Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту басталғаны туралы баяндалды.

Президент алға қойған міндетке сәйкес, Үкімет энергетика секторындағы желілердің тозу деңгейін азайту жөнінде бірқатар тиісті шара қабылдауда. Мәселен, 2032 жылға дейін кезең-кезеңімен пайдалануға бере отырып, Көкшетау, Семей, Өскемен қалаларында 3 ЖЭО салу жобаларын іске асыру басталды. Биылдың өзінде 166 МВт бу және гидрогенерация, сондай-ақ ЖЭК бойынша 10 нысанда 450 МВт қуат пайдалануға беріледі. Премьер-министр жел электр стансаларының негізгі компоненттерін шығаратын зауыт құрылысы басталғаны туралы хабарлады. Сондай-ақ қазіргі уақытта Батыс Қазақстанның электр желілерін бірыңғай энергия жүйесіне қосу бойынша жобалау жұмыстары жүргізілуде. Жақын арада Алматы облысында бірінші АЭС салу бойынша тиісті келісімдер жасау жоспарлануда. Екінші АЭС құрылысының ықтимал орындарын анықтау үшін өңірлерді талдау жұмыстары аяқталуға жақын

Мұнай-газ саласында 2024 жылы ҚазМұнайГаз Қызылорда, Атырау және Ақтөбе облыстарында төрт жоба бойынша бұрғылауд жұмыстарын бастады. Бұл жобалардың жиынтық геологиялық ресурстары мұнай эквиваленті бойынша 800 млн тоннадан асады.

Премьер-министр биыл алғашқы қазақстандық тақтатас мұнайын өндіріледі деп күтілетінін, бұл мұнай мен газ саласына инвестициялар тарту үшін қосымша серпін беретінін атап өтті. Сонымен қатар шикізат қоры шамамен 19 млрд текше метр газды құрайтын «Батыс Прорва» және «Барханная» кен орындарында газ өндіру басталады. Сондай-ақ Қарағанды облысында жерде сирек кездесетін металдардың 17 түрі бар ірі кен орны табылды. Бүгінгі таңда аймақта электромобилдерге арналған аккумуляторлар өндірісінде қолданылатын графит концентратын өндіру үшін тиісті құжаттама әзірленіп жатыр. Қашаған мен Жаңаөзенде газ өңдеу зауыттарының құрылысы жалғасуда. Олжас Бектенов Қашағандағы екінші Газ өңдеу зауыты және Қарашығанақтағы ГӨЗ жобалау жұмыстарын бастау үшін инвестициялар күтілетінін атап өтті. Жалпы, келешегі бар сегіз жүзден астам жоба Үкіметтің бақылауында тұр.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT