Қоқыстан арылған елдер

Қоқыстан арылған елдер
(0 Votes)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Шынын айтқанда, кейбір санасыз азаматтарымыз табиғатты, көшелерді әлі де ластап жатыр. Осындай адамдардың әрекетіне заң бойынша тосқауыл қою керек. Бір сөзбен, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет. 

Халқымыздың бойында жақсы қасиеттер өте көп. Мысалы, өзге елдер бізді қонақжай, ақкөңіл халық ретінде біледі. Дәл солай тазалық жұртымыздың қанына, жанына сіңген қасиет болуы керек», деген болатын. Президентіміз дұрыс айтады. Бар жақсы қасиеттерімізге енді «ең таза халық» деген атақты қосып алсақ тіпті жақсы болар еді. Тазалық – денсаулық кепілі. Оны сақтасақ, жан-жағымызға қоқыс шашпасақ, өміріміз де ұзарады. Қоқыс жалғыз бізде емес, әлемнің барлық елінде бар. Олар экологияны қалай жақсартып отыр? Жақында, 2024 жыл бойынша ең таза мемлекеттердің рейтингі шыққан болатын. Солардың бесеуін атап өтейік.

Әлемде тазалық рейтингісі жағынан Скандинавия жарты аралында орналасқан, 6 миллион халқы бар Дания королдігі бірінші орында тұр. Шағын елде ауыл шаруашылығы мен халықтың қажеттіліктері үшін құнарлы жерлердің жетіспеушілігі қатты сезіледі. Соған қарамастан, даниялықтардың өмір сүру деңгейі Еуропада ғана емес, әлемде де ең жоғары деңгейге ие. Ел соңғы жылдары энергетикалық ресурстарды үнемдеу, инновациялық технологияларды енгізу, эко-көлікті пайдалану және т. б. бірқатар жобаларды қабылдады. Соның ішінде қалдықтарды сапалы кәдеге жаратуға мән берілді. Айналаны қоқытқан кәсіпорындар мен жеке тұрғындарды ірі мөлшердегі айыппұлдар күтіп тұр. Финляндияда қалалардағы құрылыс алаңдарындағы тәртіпті, жиналған қалдықтардың мөлшерін қатаң қадағалап, мердігерлерді қоқысты уақтылы жоюға мәжбүр етеді. Оны қайта өңдеу барлық жағынан ынталандырылады. Қалдықтарды рұқсат етілмеген жерге тастаған тұрғынға айыппұл салынады. Мұндай шаралардың барлығы Финляндияның бірегейлігін, ерекше ландшафттарын сақтауға арналған. Айтпақшы, табиғатта демалуға, аң аулауға және балық аулауға белгіленген жерлерде ғана рұқсат етіледі және қоқыс тастамау мұқият қадағаланады. Бұл сонымен қатар мемлекеттің табиғатты қорғау саясатының бөлігі болып табылады. Швецияның экологиялық тиімділігі - 72,7. Табыстың жоғары деңгейіне байланысты адамдар жиһазды, тұрмыстық техниканы, гаджеттерді және т.б. құрылғыларды жиі ауыстырады. Соған қарамастан қоқыс үйінділері жоқ. Шведтер қоқысты зауыттарға жіберер алдында контейнерлер бойынша мұқият сұрыптайды. Қалдықтардың 99%-ы қайта өңделеді. Бұл әлемдегі ең жоғары көрсеткіш.

Австрия – 2030 жылға қарай жел мен күннен алынатын энергияға толығымен ауысуды жоспарлап отырған ел. Қалдықтарды бөлек жинау жүйесі республикада бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Халықтың оған үйреніп қалғаны соншалық, олар солай етуге міндеттіміз деп санайды. Макулатура, пластик, шыны, тамақ және қауіпті қалдықтар бөлек сұрыпталады. Қоқыстың көп бөлігі қайта өңделеді, қалғаны өртеледі. Швейцария әлемдегі қоқыс полигондарын «жеңген» жалғыз республика. Бір кездері бұл ел экологиялық апаттың алдында тұрған еді. Қазір бәрі өзгерді. Елде «Кім ластайды, сол төлейді» қағидатына негізделген ерекше әдіс бар. Бұл ірі корпорацияларға да, қарапайым азаматтарға да қатысты. Мемлекетте соңғы жылдары қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу бойынша 30-дан астам кешен ашылды. Қайта пайдалануға болмайтын қалдықтар зауыттар үшін отынға айналады. Қоқысты жағуға арналған жаңа қондырғылар ауаны ластамайды, ал, олардан өндірілетін энергия қала тұрғындарының тұрғын үйлерін жылумен қамтамасыз етеді. Өздеріндегі қоқысты жойып қоймай, тіпті, басқа елдерден арзан бағамен сатып алады.

Орысшадан аударған Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT