"Мұндай көлемде кiтап шықпаған"

(0 Votes)

Көрнекті ақын, қарымды қаламгер Ғалым Жайлыбай осындай пiкiрде. Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында елiмiздiң белгілі тұлғаларының қатысуымен "Киелі мекен, қасиеттi өлке - Құрманғазы" кiтабының тұсаукесер рәсімі өткізілді.

 Шара аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйiнiң директоры Жалғас Сағындықов бастаған өнерпаздар орындаған күймен ашылып, ауданымыз туралы деректі бейнебаян назарға ұсынылды.

Аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Атырау облысы және Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, "Өрендi өлкетанушылар" клубының төрағасы Өмірзақ Қажымғалиевке сөз берiлдi.

Аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің оқырман қамту бөлімінің меңгеруші Людмила Рахметова "Киелi мекен, қасиеттi өлке - Құрманғазы" кiтабының үш томына қысқаша шолу жасады. Үш кiтаптың тұсауы аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов, көрнекті ақын Ғалым Жайлыбай, сенатор Әлiбек Нәутиев, аудандық мәслихаттың төрайымы Гүлжанат Қалиева, Ұлттық академиялық кiтапхананың директоры Ғазиза Нұрғалиевамен кесiлiп, кiтапхана сөресiнен орын тапты.

Қазақстан Республикасы Абай атындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерi, Түркi әлемiнiң "Түрiк бiрлiгi" сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай: - Қазақстан Жазушылар одағын басқарғанда талай үлкен шаралар өткiзiп жүрдім. Бірақ, мұндай кең көлемде шыққан кiтапты кездестiрмедiм. Әрине әр ауданның өз энциклопедиясы бар. Алайда, мұндай терең зерттеліп, үлкен көлемде қамтылмаған. Бұл кiтапқа баға жетпейді.Осындай кiтапты өз қаражаттарыңызға шығарып жатсыздар. Мұның тұсаукесерiн бұдан да үлкен көлемде, конференция түрiнде өткiзген дұрыс болар едi. Кiтапқа төккен тер, шығарған қаражат өзiн ақтайды. Ертең оны басшылыққа алып басқа да кiтаптар жазылуы мүмкін. Мұнда бәрi де құнды материалдар. Осындай жиынға қатысқаныма, тiлек айтып жатқаныма қуаныштымын. Бүгінгi шара қазақ руханиятына қосылған бiр қазына, - деп ризашылығын білдірді.

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесi, "Құрмет" орденiнiң иегері, ондаған кiтаптардың авторы, танымал ақын Таңатар Дәрелұлы дастанынан үзiндi оқыды. Басқа да сөйлеушiлер кiтапқа жақсы баға берiп жатты. Ауданымыздың бiр топ қаламгерлерiнiң кiтаптары кiтапхана сөресiне қойылды.

Аудан әкімінің Алғыс хатын аудан әкімінің орынбасары Амангелді Хайдарұлы, академик-жазушы Өмiрзақ Қажымғалиұлы Ғалым Жайлыбай, Ерболат Қаменов, Талапбек Әженов, Марат Өмiрзақұлына табыс етті.

Салтанатты шараны ұйымдастырудың басы-қасында жүрген қоғам қайраткері, жерлесіміз Сәрсенбай Еңсегенов, аудандық музейдің басшысы Жазира Хайрошева, С. Көшекбаев атындағы мәдениет үйiнiң директоры Жалғас Сағындықов, аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Анар Мусина және басқаларына ризашылық білдірiлдi.

Шара аудан өнерпаздарының концертіне ұласып, Таңатар Дәрелұлының ауданымыздың гимнiне айналған "Асыл мекен - Құрманғазым" атты әнiмен аяқталды.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT