Аудандық орталық емхананың іші қашанда ығы-жығы. Ауруына ем іздеп немесе ауырмайтын жол іздеп жүрген бір адам. Соңғы рет бұл ұжымға «тәжвируспен» күресіп жүрген жандардың көрінісін газет бетіне түсіру үшін табан тіреген едім. Бұл жолғы әңгіме өрбіткелі отырған жанның да аудан жұртшылығына бір адамдай еңбегі сіңген. Ол кеше ғана жыл қорытындысы бойынша өз саласының үздігі атанды...
Сексенінші жылдардың орта тұсында мұнайлы мекеннің бір топ бойжеткендері ақ халатты абзал жан атансам деген арманның жетегімен Ресейдің Аргаяш атты қалашығына аттанды. Солардың ішінде аудандық орталық емхананың бас мейірбикесі Шолпан Есенқызы да бар еді. Ауылдық жерден аттанған қыздарға алғашында орысша білім алу оңайға түспеді. "Тобымыз түгелге дерлік, қазақ қыздарынан құралған еді. Бас кезінде орысшаға тіліміз келмей, сабақты жаттап алып айтып беретінбіз. Әсіресе, философиядан беретін ұстазымыздың сөзін түсіну сәл қиындық тудыратын еді",-деп езу тартты.
Сабылысқан емхананың ішінде жауапты маманның бірер минутын тауып сұхбаттасудың өзі оңай емес. Әңгіме енді қызып, қызықты жеріне келе бергенде бірі қажетті дәрмектің 50 данасын сұрады, бірі бір қағазға қол қойдырды. Кезегін күтіп тұрған әлі қаншама іс бар. "Еңбек жолын оқуымды бітіргеннен кейін сол Аргаяшта гинекология бөлімінде бастап, үш жылдай тер төктім. Мен ғана емес, дипломдарымызды қолымызға ала сала, біразымыз сол жақта қалып қойдық. Сөйтіп, бір күні кезекті еңбек демалысыма келгенде "осы жасағаның да жеткілікті",-деп үйдегілер кері жібермей қалды. Мақат аудандық орталық емханасына тоқсаныншы жылы келдім. Содан бері міне, 31 жылдай уақыт өткен екен",-деп кейіпкеріміз өткен күндеріне көзін зыр жүгіртіп өтті.
Бұл ұжымның инфекциялық бөлімінде медбике болып бастаған Шолпан Тағаниязова 1994 жылы реанимация ашылып, сол жерге ауысады. Ол тек жансақтау бөлімінде ғана емес, бір кездері Комсомол ауылына фельдшер болып аттанды. Фельдшерлік жұмыстың артынша жедел-жәрдемде де атқарды. Кейін, жалпы бөлімге ойысып, хирургия бөлімшесінде қызмет қылды. Сан түрлі саланың "жілігін шаға" жүріп, ақыры 2016 жылдың наурыз айынан аудандық орталық емхананың бас мейірбикесіне тағайындалды.
"Бұрынғы кезбен салыстырғанда шүкірміз. Заман дамыған сайын емханамыз түрлі құрылғылармен жасақталып, жаңадан бітірген көптеген жас мамандармен толығып жатырмыз. Бұрын құрылғыларымыз толық болмағандықтан, ота тек шұғыл түрде келген науқастарға жасалып, былайғылары қалаға жіберілетін. Ал қазір барлығын өзімізде жасауға тырысамыз. Өйткені реаниматорымыз бар, хиругтеріміз жеткілікті. Бұрын тіпті қарапайым шприцтердің өзін қайнатып кері пайдаланатынбыз",-деп тәжірибелі бас дәрігер еліміздің егемендігін алып, енді ғана тәй-тәй басқан шақтары мен бүгінгі таңдағы айырмашылықтарына да тоқталып өтті.
Адам жанына араша түсіп жүрген ақ халаттымыз тұрғындардың әлі де сақтық шараларына немқұрайлы қарайтынына қынжылатынын жасырмайды. "Тіпті емханаға кірер кезде бетперде тағуды ауырсынатындар табылады. Тығылып той қылатынымыз тағы бар. Аты жаман аурудың жақсы емес екендігін барымызша ақпараттандырып жатсақ та, оған сенбейтіндердің әлі де бар екендігі қайран қалдырады. Біз айтпаған күннің өзінде де індет кезінде көз жұмған тұрғындарымыздың өзі-ақ бұған немқұрайлы қарамауға сабақ емес пе",-дейді ол. Әлгі аласапыранның кезінде кейіпкеріміздің өзі де "бір аунап тұрған" екен. Абырой болғанда, дер кезінде Атырау қаласына жіберіліп, «беті бері қараған».
Қызығы мен шыжығы қатар жүретін бас мейірбикенің бүгінгі атқарып отырған жұмысы да оңай емес. Жалпақ тілмен айтқанда, Доссор мен Мақаттағы емхананың барлық мейірбикелері мен тазалықшыларына жауапты осы адам. Жұмыстарды ұйымдастыру, барлық керек-жарақпен қамтамасыз ету де Шолпан Есенқызының мойынында.
Қарапайым заңдылықтардан бастап, ем қабылдау процесіне дейін бас көз болатын ол, ұжымдағы мейірбикелерге жазықсыз жала жабылса да, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп "күйіп-пісуіне" тура келеді.
Күнделікті таңғы тексерістен кейін, бөлімдерге дәрі-дәрмек үлестіріп, қызметкерлерге гуманитарлық көмекпен келіп жатқан қорғаныс киімдерімен қамтамасыз етеді. Бас мейірбикеміз мұнымен ғана шектеліп қалмайды. "Талай жылғы тәжірибемді жаңадан келген жас мамандарға тереңірек үйретіп, шамам келгенінше білгеніммен бөлісіп отырамын. Мәселен, қыздарым тамырға түсуде қобалжып тұрса, қарап отырмай, барып көмектесемін. Өз кәсібімді де қалдырғым келмейді",-дейді кейіпкеріміз.
Антына адалдық танытып, елінің ақ алғысына бөленіп жүрген барлық дәрігерлеріміздің бір-бірінен бөліп алары жоқ, негізі. Олардың еңбегі айлықпен емес, зор байлықпен, оған араша түсумен өлшенеді. Еңбектеріңіз жана берсін, мейірімді жандар.
P.S Әңгіме Аргаяштан басталғанда әлгі мекенің атауына елең ете қалдым. Себебі менің марқұм анам да дәл осы жерде оқыған еді. Сөйтсем, Шолпан апамыз менің анаммен бір группада тіпті, жатақханада бір бөлмеде жатқан болып шықты. "Анаң өте ақжарқын әрі пысық қыз еді. Сенің көзің анаңа тартқан екен",-деп жүзіме күлімсірей қарағанда жаным жадырап сала берді. Өмір деген қызық қой. Бір кездері бір бөлмеде жатқан қыздың ұлы сан жылдан кейін сұқбат алады деп кім ойлаған...
А.САДЫКОВ
Сурет автордан