ХХІ ғасырда адамзат тап болған СOVID-19 коронавирус пандемиясы – әлемдік деңгейдегі аса маңызды сынақ болды. Әлем бойынша жұқтырған адамдардың саны қазірдің өзінде 100 миллионға жақындап келеді және өсу жалғасуда.
Барлық ел карантин жариялап, оқшаулау режимін және төтенше жағдай енгізді. Бұл жағдайдан Қазақстан да тыс қалмады. Өткен жыл бойы оқшаулау шараларымен індетті ауыздықтауға бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды.
Еліміздің денсаулық сақтау жүйесі тұтастай алғанда індетпен күресуге қабілетін көрсетіп бақты.
Атырау облысы короновирус ауруы мейлінше көп әрі жедел тараған аймақ қатарында өткен жылды аяқтап шықты. Жаңа 2020 жыл басталғалы бері бірде «сары», бірде «қызыл» аймақтан табылуы себепті аурудың таралып кетпеуі үшін де қажетті шаралар жасалуда. Десек те, карантиндік шектеу шараларына құлақ аспай жүрген азаматтардың әлі де табылып жатқаны жасырын емес. Бүкіл адамзат баласының көкейінде қазір де бір сұрақ бар: ол- бұл індет қашан жойылады? Қашан қалыпты өмірге қайта ораламыз? Оны барша адамзат баласы күткенімен, жауабын табуға әлемдік ғылым бас қатыруда.
Қазіргі уақытта қазақстандық мамандар жаңа коронавирустық инфекцияға қарсы сынақтар мен вакциналарды әзірлеуде.
«ҚазАқпарат» агенттігінің хабарынша, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елдегі эпидемиологиялық ахуалға күн сайын талдау жүргізіліп отырғанын, «Жалпы республикада өткен жылдың қараша айынан бастап коронавирус инфекциясын жұқтырған азаматтардың көбейгені байқалады. Қазан айымен салыстырғанда қарашада жұқтыру деңгейі 4,5 есе, қараша айымен салыстырғанда желтоқсанда 1,2 есе өскен. Жұқтыру деңгейінің арту тенденциясы қаңтар айында да сақталуда» деп мәлім етті.
Министр сондай-ақ, Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны 1 ақпаннан бастап егу жоспарланып отырғанын айтты. «Коронавирус инфекциясына қарсы вакцина егу шаруасын жеделдету мақсатында келесі бағытта жұмыс жүргізілуде: 2021 жылғы 19 қаңтарда Спутник V вакцинасының 20 мың дозасын әкелу жөнінде Қарағанды фармкешені мен РФ тікелей инвестиция қоры келісімге келеді. 20 қаңтарда бұл вакциналарды «СҚ-Фармация» компаниясына арнайы тәртіп бойынша бір рет әкелуге рұсқат беру көзделген. Осыдан кейін халықтың бұған дейін белгіленген топтарына 1 ақпаннан бастап коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салу жоспарлануда», - деді Алексей Цой. Министрдің айтуынша халыққа екпе жұмыстары вакцинаның жеткізілу мөлшеріне қарай салынады. Контингент келесі тәртіпте белгіленген: бірінші кезеңде инфекциялық ауруханалардың медицина қызметкерлеріне, жедел жәрдем қызметінің мамандарына, жан сақтау бөлімінің, алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметінің, ауруханалардың қабылдау бөлімінің, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мамандарына, нақтырақ айтқанда 100 мыңға тарта азаматқа вакцина салынады. Екінші кезеңде жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдеріне, ЖОО оқытушыларына, ведомстволық медицина қызметінің мамандарына, нақтырақ айтқанда наурыз айынан бастап шамамен 150 мың адамға екпе егіледі. Үшінші кезеңде мектеп-интернаттарының педагогтеріне, балалар мен мектепке дейінгі мекемелердің қызметкерлеріне, студенттерге, созылмалы аурулары бар азаматтарға (сәуірден бастап шамамен 600 мың адам) вакцинациялау жүргізіледі. Осылайша, жыл соңына дейін 6 миллионға жуық қазақстандық азаматқа вакцина салу көзделген.
Естеріңізге сала кетейік, ауданда күні бүгін эпидахуал бірқалыпты.
Өткен жылдың соңғы күндерінде Мақат кентінде 2 жағдай тіркелген болатын. Бірақ, бұл тоқмейілсуге негіз бола қоймас. Әркім өзі мен отбасын індеттің «қармағына ілінбеуден» сақтап жүргені дұрыс.
Г.САЛИКОВА
Сурет: ашық дереккөз