Атырау облысында медициналық қызмет сапасын арттыруға және дәрігерлерді қолдауға бағытталған кешенді шаралардың нәтижесін көру – қуанышты жағдай. Облыстық мәслихат депутаты ретінде мен бұл бастамаларды толықтай қолдаймын және оның алдағы уақытта да жалғаса беретініне сенімдімін.
Атап айтқанда, өңірге 140 білікті дәрігердің тартылуы – денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың жемісі. Әсіресе, жас мамандар мен өзге өңірлерден келген дәрігерлерді ынталандыру мақсатында көрсетіліп жатқан қолдау ерекше маңызға ие. Ауылдық жерлерде жұмыс істеуге келіскен дәрігерлерге 10 миллион теңгеге дейін, аудан орталықтарына келгендерге 8,5 миллион теңге, ал облыс орталығындағы медицина қызметкерлеріне 5 миллион теңге көлемінде бір реттік көмек көрсету – өңірдің медицина саласын жаңа деңгейге көтеретін шешім деп есептеймін. Бұл жөнінде облыс әкімі Серік Шәпкенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте де атап айтқан болатын.
Сонымен қатар, медицина қызметкерлеріне арналған бірегей тұрғын үй бағдарламасының енгізілуі – үлкен қолдау. Бұл бағдарламаның арқасында 42 дәрігер баспаналы болып, 105 қызметтік пәтер сатып алынды. Мұндай бастамалар жас дәрігерлердің өңірде тұрақтап, қызмет етуіне жағдай жасап, олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған маңызды қадам. Әсіресе, алғашқы жарнаны талап етпейтін, жылдық 5% мөлшерлемемен 25 жылға дейін рәсімделетін ипотека – ел бойынша сирек кездесетін қолайлы шарттардың бірі.
Жергілікті бюджеттен денсаулық сақтау саласына бөлінген 5,1 миллиард теңге де маңызды рөл атқарады. Бұл қаржының бір бөлігі медициналық ұйымдарға қажетті жабдықтар мен 45 жаңа санитарлық көлік сатып алуға жұмсалды. Мұндай қадамдар медициналық қызметтердің сапасын арттырумен қатар, ауылдық жерлерде шұғыл көмек көрсетудің жылдамдығын айтарлықтай жақсартады.
Денсаулық сақтау саласына жасалған бұл инвестициялар – халықтың әл-ауқатын арттыру мен өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған игі істер. Мәслихат депутаттары ретінде біз осы бастамалардың жүйелі әрі тиімді іске асырылуын жіті бақылап, сала қызметкерлеріне алдағы уақытта да қолдау көрсетуді жалғастырамыз.
Халық денсаулығы – елдің басты байлығы. Сондықтан медицина қызметкерлерінің әлеуметтік мәртебесін арттыру, олардың еңбек жағдайын жақсарту және заманауи медициналық инфрақұрылым қалыптастыру бағытында жұмыс жалғаса береді. Бұл тек қазіргі емес, болашақ ұрпақтың игілігі үшін жасалып жатқан маңызды бастамалар.
Гүлнафис ТАҢБАЕВА,
Атырау қалалық мәслихатының депутаты