Атырау облысында халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік жағдайды жақсарту бағытында кешенді жұмыстар жалғасуда.
Жыл басынан бері облыс көлемінде 31 374 жаңа жұмыс орны ашылып, оның ішінде 22 мыңға жуығы тұрақты жұмыс орындары ретінде тіркелді. Бұл көрсеткіш біздің өңірде қолға алынған экономикалық және әлеуметтік бағдарламалардың тиімділігін дәлелдеп отыр. Жалпы алғанда, 49 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылды.
Халықты кәсіби оқыту және кәсіпкерлікке ынталандыру бағытында да маңызды қадамдар жасалды. Атап айтсақ, 1637 азамат «Бастау-Бизнес» жобасы аясында оқытылып, олардың кәсіпкерлік саласында өз ісін бастауына жағдай жасалды. Нәтижесінде 291 облыс тұрғынына жалпы сомасы 428,1 миллион теңгені құрайтын қайтарымсыз гранттар берілді. Бұдан бөлек, 822 отбасыға әлеуметтік көмек көрсетілді.
Ірі өндірістік жобалардың аяқталуына байланысты еңбек нарығындағы өзгерістерге де ерекше назар аударылды. «Болашақ» кеңею жобасының аяқталуына байланысты болжам бойынша 18 713 азамат жұмыстан босатылады деп күтілген болатын.
2024 жылғы 1 қарашадағы жағдайға сәйкес, 11 155 адам жұмысынан босатылды, оның ішінде 4104-і – Атырау облысының тұрғындары. Жұмыссыз қалған азаматтардың 90%-ы әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылды. Бұл көрсеткіш біздің азаматтарға уақтылы және тиімді көмек көрсету бағытындағы жұмыстың нәтижесін айқындайды.
Сонымен қатар, өңірде кәсіпкерлер мен жұмыс берушілерді қолдау үшін де бірқатар жұмыс жүзеге асуда. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықты қайта оқытуға, сондай-ақ, экономикалық белсенділікті арттыруға ықпал етеді.
Алдағы уақытта облыс тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету және әлеуметтік жағдайларын жақсарту бойынша кешенді бағдарламалар аясында жұмыстар жалғасын табады. Мемлекет тарапынан әр азаматтың еңбек нарығындағы орнын табуына, лайықты жұмысқа орналасуына және әлеуметтік қолдау шараларына қол жеткізуіне барлық жағдай жасалынады. Мұндай талап-міндет – бүгінгі күннің басты назарында.
Гүлболат АМАНҒАЛИЕВА,
облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы