Мақаттық жастардың мақсаты бір

(0 Votes)

Жастар - қоғамның қозғаушы күші. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы да өз сөзінде "Жастарға жаңа мүмкіндіктер беруіміз керек. Біздің елімізде бәсекеге қабілетті әрі талантты жастар көп. Сондықтан осындай креатив жастарға кеңінен жол ашып, жағдай жасау керек. Олар жастық шақтың күш-қайратын егемен елімізді өркендетуге жұмсайды деп сенеміз" деп жастарға сенімді көзқарас қалыптастырудың жолын көрсеткен болатын.
Сондықтан, белсенді жастарға қолдау көрсету мақсатында ауданымыздағы «Жастар ресурстық орталығы» да жүйелі жұмыстар жүргізуде. Осы орайда, аталған орталықтың маманы Әлия Жеңісбекқызымен сұхбаттасқан едік.

-Әлия Жеңісбекқызы, алдымен статистиканы сөйлетсек. Жалпы, аудан халқының қаншасын жастар құрайды?
- Статистикаға келер болсақ, аудан халқының саны 30 мыңнан асса, шамамен 15-20 пайызға жуығы жастар. Дәлірек айтсақ, қазір ауданда 7 мыңнан астам жастар бар.
-Жастар мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Орталық осыған байланысты жастармен қандай жұмыстар жасауда?
- Жастар ресурстық орталығы болғаннан кейін жастармен тығыз байланыстамыз. Біздің мақсатымыз - ауданның көркем өнерпаздары мен спортшыларын, қоғамдық істерге араластырып, еңбекке баулу.
Бұл тұрғыда әртүрлі бағдарламалар аясында жұмыстар жүреді. Қызықты тренингтер ұйымдастырып, іс-шараларға тартып, жастардың өзіндік қырларын ашуға өз үлесімізді қосып жүрміз. Жастарды орталығымызға жинап, беделді спортшылар мен өнерпаздарды шақырып, сұхбаттастырамыз.
Ал, еңбекке баулу үшін «Жасыл ел» жастар жасағындағы мектеп оқушылары, студент жастар қоғамға, қоршаған ортаны қорғауға өз үлестерін қосып жатыр. Аудандағы түйткілді мәселелерге байланысты жоғарыда атап өткендей тренингтер, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, барынша жастарды жаман нәрседен аулақ болуға шақырудамыз.
- Олардың қоғамдық істерге белсенділігі төмендеп кеткен жоқ па?
- Қазіргі жастардың расымен ойлау қабілеті басқа. Шетелге еліктейтіндер көп. Олардың арасында "өзім білемін, өз өмірім" деген принциппен жүретіндері де бар. Бұдан әлеуметтік желінің әсері айқын сезіледі. Қазір небір оқиғаларды әлеуметтік желіден көріп алып отырмыз ғой. Жастар да ұялы телефонға тәуелді. Оларға телефонның өмірінен басқа нәрсе қызық емес. Қоғамдық жұмыстарға құлшынбайды.
-Елімізге түскен қиын-қыстау кезеңдерде ерікті жастардың ерліктеріне куә болдық. Қазір еріктілердің жұмысы туралы естіп, көріп жүргеніміз жоқ. Мүмкін сіздер еріктілермен жұмыс тоқтатқан боларсыздар? Жалпы еріктілермен қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Ауданда қанша ерікті жас бар? Олар немен айналысып жатыр?
-Иә, еріктілер жылында талай «ерлік» жасалды. Елімізде аты жаман індет өршіп, сол қиын тұста дәрігерлер дамылсыз еңбек еткен болса, соның қатарларында дәрігерлерге, ауру ошақтарына азық-түлік тасыған еріктілер болды. Олардың қоғамда айтарлықтай еңбегі көрінді.
Қазір ауданда мешіт жанынан құрылған еріктілер бар. Апта сайын жұмаға жиналған жамағат жақсылық акциясын ұйымдастырады. Одан бөлек, "Асар" және "Үміт-Арт" еріктілер тобын айтуға болады. Олар «Балалар жылына» орай тәттілер таратып, көңіл-күйлерін көтеріп, арбатта сыйлықтар таратты.
Біздің орталық жастары да кәсіпкерлер мен өзге де демеушілер тарапынан қолдау болса, әрдайым аудан жұртшылығына көмек көрсетуге дайын. Ара-тұра "Жақсылық жасап жарысайық" қайырымдылық акциясын ұйымдастырып жүрміз. Көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты қарттарға, аналарға көмек көрсетеміз. Аудан жастары, еріктілер әрқашан көмек қолын созуға дайын.
-Әр өңірде жұмыс істеуге, оқуға ұмтылмайтын, ештеңеге құштарлығы жоқ, бір сөзбен айтқанда «NEET» жастар бар. Біздің ауданда осындай санаттағы қанша жастар бар? Олармен қандай жұмыстар жүргізілуде?
- Жастардың арасындағы ең өзекті болып отырғаны осы жұмыссыздық мәселесі. Пандемия басталғалы тек жастар арасында емес елімізде жұмыссыздық деңгейі алдыңғы орынға шықты. Үлкендер жағы еңбектің нанын табудың өзге жолдарын қарастырды. Қысқасы үйде бос жатқан жоқ. Ал, жастар керісінше, жатып ішерге айналды. Өздері жалқау жастардың одан бетер жалқаулықтары басып кетті. Жалпы жастарды екіге бөліп қарастырамыз. Біріншісі "Аутрич" - яғни ешқандай жерде жұмыссыз ретінде тіркелмеген, Қолында белгілі бір маман атанғанын дәлелдейтін дипломы жоқ, бірақ екі қолға ұстайтын бір күрегі барлар. Былайша айтқанда күнделікті нәпақасын тауып жүрген "алтын" жастар. Ал, екіншісі, жалқау, ата-анасы қанша оқытып, диплом алып бергенімен, бойын еріншектік пен жалқаулық басқандар. Яғни, "NEET" санатындағы жастар. Мұндай адамдар барлық өңірлерде де кездеседі. Біздің ауданда да жоқ емес.
Олармен жұмыста әлеуметтік желілерде конкурстар жариялап, әр түрлі қызықты ойындар арқылы қызықтырамыз. "Жасыл ел" жастар жасағына тартып, еңбексүйгіштікке, қоғаммен байланыс орнатып, жаңа достар табуға септігімізді тигізудеміз. Осы жылы "Жасыл ел" еңбек жасағына 175 квота бөлінді.
Бұдан бөлек, ауданда оқу бітірген жас мамандарды жұмысқа тартуға бірнеше жобалар қарастырылған. Мәселен, "Дипломмен – ауылға!", "Жастар тәжірибесі", "Алғашқы жұмыс орыны" деген сияқты жақсы бағдарламалар бар. Осы жобаларды аудан жастарына кеңінен насихаттап, әлеуметтік желіге тұрақты түрде ақпараттарды таратып отыруды жүйеге қойдық.
-Сұхбатыңызға рақмет! Жастармен біте қайнасып жасап жатқан жұмыстарыңыз берекесін берсін!

Сұхбаттасқан
А.Жұмабергенова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521