Мақатта теміржолшылар күні атап өтілді

(1 Vote)

Тамыз айының бірінші жексенбісінде еліміз бойынша көлік қызметкерлерінің күні аталып өтілгендігі белгілі. Тоғыз жолдың торабында орналасқан біздің ауданымыздың тұрғындары үшін де бұл мерекенің орны ерекше. Өйткені, аудан орталығы Мақат кентінің өркендеуі теміржолмен тығыз байланысты. Осы салада ұзақ жыл еңбек еткен династиялардан бөлек, әр әулетте жоқ дегенде бір теміржолшы кездеседі.

Құрметке лайық мамандық иелерінің кәсіби мерекесіне орай аудандық мәдениет үйінде теміржолшылар күніне арналған салтанатты шара ұйымдастырылды.
Алдымен аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бекәділ Жайкин сөз алып, мерекелік тілегін жеткізді.
«Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің жауапкершілігі мол, қауіп-қатері де жоқ емес. Себебі тепловоз жүргізушілері, олардың көмекшілері мен жолсеріктер миллиондаған жолаушылардың өміріне және тасымалданатын мыңдаған тонна жүктерге жауапты.
Аманат арқалаған әр қызметкерге осынау мерейлі мерекеде деңдеріңізге саулық, еңбектеріңізге толағай табыс тілейміз», - дей келе бірқатар еңбек адамдарын аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады.
Келесі болып сахнаға шақырылған Атырау қосалқы бөлімі бастығының орынбасары Самат Құлмұханов та мерекенің құрметіне ізгі тілегін айта өтіп, қызметкерлерге кәсібі бойынша үздік және адал еңбегі үшін төсбелгісін, Қазақстан теміржолына қарасты «Жүк тасымалы» ЖШС батыс филиалы Атырау қосалқы бөлім бастығының алғыс хатын, теміржол кәсіподағы саласының 30 жылдық мерейтойына арналған марапатын, «Жүк тасымалы» ЖШС бас директоры, басқарма төрағасы В.Петровтың Құрмет Грамотасын, «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы және акционерлік қоғамның басқарма төрағасы Н.Сауранбаевтың Құрмет грамотасы мен алғыс хатын, «Жолаушы локомотивтері» ЖШС басқарма төрағасы М.Медеубаевтың алғыс хатын табыстады.
Теміржолшыларды құттықтап келгендердің бірі «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Әсел Қаржауова үздік қызметкерлерге өзінің атынан, аудандық мәслихат хатшысының атынан және «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Абдолла Идресовтың атынан алғыс хаттарды табыстады.
Кеш концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Қыздар триосының «Қазақ елі» әнін орындауымен басталған концертте Қайырбек Бағытов «Қазақстаным», Мереке Тілеуқұлова «Желдірме», Данияр Еримов «Жұмбақ сезім», теміржол саласының қызметкері Есбол Жұмағали «Аманат», Гүлжан Бисаханова мен Айнұр Сәдуақасова «Жаса, қазағым!», Бауыржан Ізім «Аягөз, қайда барасың?», Гүлжанар Нұрмағанбетова «Жақсы адамдарым», Сайфолла Балмағанбетов «Қайдасың?» және Шакизада Қонысбаева «Бір болайық» әндерін шырқады. Сонымен қатар Алсу Жылқыбай тарту еткен «Ерке сылқым» биі де шараның шырайын келтірді.
Теміржолшылардың ұранына айналған «Машинист әнін» өнерпаздар мен көрермендер қосыла шырқаумен кеш мәресіне жетті.

А.Жұмабекұлы

9a974f22-cf07-4add-9f26-93aceda8445d

b7eee698-d4b8-48a1-8184-1ac17954db0f

4fb67c37-c345-4b52-9b82-7e67104c817b

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521