5 жасынан бастап сахнаға шыққан Мақаттық Алсудың өнері көпке үлгі

(0 Votes)

Халықаралық жастар күніне орай біз де аудандағы мерекелік шараларды ұйымдастырып, өнер ордасының тыныс-тіршілігімен біте қайнасып жүрген белсенді жас – Алсу Абайқызымен әңгіме өрбіткен едік.

Еңбекке ерте араласқан аруымыз 2002 жылы Мақат кентінде дүниеге келген. Әкесі Абай – көлік жүргізуші болса, анасы – Гүлсім бастауыш сынып мұғалімі. Қоғамда өзіндік пікірін қалыптастырып үлгерген ол 2008 жылы М.Баймұханов атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, мектепті бітірген соң, 2017 жылы Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы саз колледжін хореография мамандығы бойынша тәмамдады.
Ел үмітін арқалаған жастардың бүгінгі қоғамда алар орны ерекше деп білетін Алсу тұлғалық дамуы мен шығармашылық шыңдалуына зор ықпалын тигізген ата-анасы мен ұстазы екенін айтып өтті.

–2 жасымнан бастап би билеп, ән айтып, концерттерге қатыса бастадым. Бойымдағы өнерді байқаған ата-анам мені би үйірмесіне қатыстырды. Содан соң, 5 жасымнан бастап түрлі байқауларда бақ сынап, жеңімпаз атанып, көптеген жүлделерге ие болдым. Бұл әрине, ең алдымен Алланың және ата-анамның арқасы. Одан бөлек, әрбір жеткен жетістіктерімде ұстазым Нұргүл Еркінқызының еңбегі зор, - дейді кейіпкеріміз.

Жас маман оқуды аяқтаған соң, 2021 жылы алғашқы еңбек жолын балабақшада бастайды.

–Еңбек жолымды аудандағы «Әсел-Амина» балабақшасында хореограф болып бастадым. Сонымен қатар, қызметте жүріп балалармен бірге көптеген жетістіктерге жетіп, бар білгенімді бүлдіршіндерге үйреттім. Негізінде, балалармен жұмыс жасаған қызықты болатын. Бірақ, кішкентайымнан сахнада жүргендіктен бе, мәдениет үйінде жұмыс жасағым келетін. Қазіргі таңда арманым орындалып, аудандық мәдениет үйінде мәдени ұйымдастырушы болып қызмет атқарамын. Көптеген мерекелік шаралардың басы-қасында жүріп, шығармашылығымды да шыңдай түскендеймін. Себебі, ұйымдастырушылықтан бөлек, аудандық театрда актриса болып, әртүрлі кейіпкерлерді сомдап жүрмін. Сонымен қатар, әріптестерден құралған “Қыздар” триосында ән шырқайтыным бар”, - дейді бірнеше өнерді бойына сыйдырған талантты қыз.

20 жастан енді асып үлгерген кейіпкеріміз бүгінде көптеген республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанып үлгерген. Атап айтсақ, 2015 жылы халықаралық “Күншуақ” байқауында бас жүлде иегері атанса, 2016 жылы Атырау қаласында өткен республикалық байқауда I орын, 2018 жылы “Қазақстан таланттары” халықаралық байқауында бас жүлде, 2019 жылы өткен руспубликалық “Дельфий ойындары” байқауында бас жүлде, 2019 жылы Ақтөбе қаласында өткен «Best Stars” байқауында I орын иегері атанған. Сонымен қатар, 2022 жылы II республикалық “Әлемді аялаған-ана” байқауында бас жүлдеге ие болса, күні кеше ғана республикалық “Көңілді жаз” байқауында тағы да жеңіс тұғырынан көрініп, байқау жеңімпазы атанды.
Алсудың алға қойған мақсаттары көп. Соның бірі – үлкен сахналарды бағындырып, Қазақстанның атын әлемге таныту.

–Есімімді Асылай деген әпкем әнші, биші болсын деп Алсу қойған. Талант аздық етеді, еңбек жетістікке жеткізеді. Сонда ғана адам алға қойған мақсаттарыңа жете алады, - дейді арманы асқақ бойжеткен.

Одан бөлек Алсу жастардың күш-қайраттары тасып тұрған кереметтей жастық шағында еріншектікке жол бермей, еңбектеніп, үнемі ізденіс үстінде жүру керектігін алға тартты.

“Еріншектік - күллі дүниедегі өнердің дұшпаны”, - деп Абай атамыз бекер айтпаса керек. Себебі, жастардың бойында мұндай жаман қасиеттер көп болса, үнемі заман көшінен артта қала береді. Сондықтан, жастар білім алумен қатар, еңбектеніп, еліміздің дамып, өркендеуіне өз үлесін қоса білуді міндет деп санауы керек. Себебі, өзіміздің жарқын болашағымыз - біз сияқты жастардың қолында, - дейді Алсу Жылқыбай.

Иә, жастар - ел ертеңі. Ал еліміздің ертеңі жаңашылдыққа үндейтін еңбекқор жастарымыз барда қашанда жарқын болары сөзсіз.

Ә.ҚАСЫМ

9996a29f-13cc-40ec-bad7-625de5369f44

ca27ffe2-b313-4f84-b489-d5dd5c855d59

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521