Доссорда «Сағындырған әндер-ай» атты аудандық ретро-фестиваль өтті

(0 Votes)

«Әннің де естісі бар, есері бар,
Тыңдаушының құлағын кесері бар.
Ақылдының сөзіндей ойлы күйді
Тыңдағанда көңілдің өсері бар...», - деп Абай атамыз айтқандай, бір әуеннен жанымыз ләззат алса, бір әуен құлағымызға түрпідей тиеді.

«Әу» демейтіні жоқ қазақ ән дегенде қашан да талғампаз келеді. Есірген эстрадада даңғаза музыка қаптағанда халықтың классикалық, лирикалық әуендерді жаны қалайтыны да сондықтан. Орта жастан асқан буын үшін жалындаған жастық шағын еске салатын қазіргі заманда ретро деп аталып кеткен әндер екендігі белгілі.
Міне, таяуда жылдағы дәстүр бойынша Доссор кентінің орталық сахнасында «Сағындырған әндер-ай» атты аудандық ретро-фестиваль өтті. Пандемия жылдары ғана болмай қалған фестивальді өнерсүйер жандар асыға күтті.
Доссор мәдениет үйі жанындағы облысқа танымал «Ардагерлер» ансамблі қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқовтың ел аузындағы «Арыс жағасында» әнін және оның алғашқы әні «Қаракөзді» шырқаумен кеш шымылдығы ашты.
Бұдан ары даңқты композитордың тағы бір әні «Теріскейді» Қабдол Өтепов орындады. Ажар Салиева Әсет Бейсеуовтың «Алтыным», Гүлзира Жаумитова Марат Омаровтың «Анашым», «Қоңырбаеватар» жанұялық ансамблі поляктардың «Сұлу қыз», Қайырбек Бағытов «Шынарым», Шакизада Қонысбаева Халықберген Әбілжановтың «Ана жүрегі», Гүлнар Ишанғалиева мен Алсу Жылқыбайдан құралған дуэт «Қазақ елі» және Гүлнар Ишанғалиеваның өзі «Өмір-өзен» әндерін орындап, тыңдарман көңілін бір серпілтіп тастады. Кейін Бағыт Жалмұханов Тұрдықожа Ізтаевтің «Нурикамал», Мейрамбек Құрманғазиев Ержан Серікбаевтың «Сен қасымда болмасаң», Бейсенбай Тіріжанов Естай Ғинаятовтың «Мұнайлы мекен», Данияр Ерімов «Жұмбақ сезім», Гүлжан Бисаханова Шәмші Қалдаяқовтың «Кешікпей келем деп ең», Ақболат Отаубай да Шәмші Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр», Айнұр Садуақасова «Отырардағы той» және Алихан Айжарық «Ерке қыз» әндерімен жиналған жұртшылықтың құлақ құрышын қандырды.
Фестиваль барлық өнерпаз қосыла шырқаған «Өнер қырандары» әнімен мәресіне жетті.
Көңілді атмосфераны қимаған көрермен ойнап тұрған музыкаға билеп, біраз тұрды...
А. Есжан

a9f99a91-4561-414a-9c8c-a2bbf31e0410

b32cf7dc-5895-43e1-9238-efb901d03ed4

bbfe0405-a125-4ccf-8a04-4d5aee51a7dc

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521