ХАЛЫҚ ТАБЫСЫН АРТТЫРУ ЖОЛДАРЫ ҚАЛАЙ?

(0 Votes)

Ел игілігі үшін қабылданған мемлекеттік бағдарламалар қатары аз емес. Оның ішінде өз мақсатына жете алатын бағдарламалар болады. Мұндай бағдарламалардың шарапатын ел сезінеді, үміт күтеді, сенеді. Халықтың жүрегіне жеткен, бір сөзбен көкейіне қона кеткен бағдарламаның бірі – халық табысын арттыру бағдарламасы.

Әзірге бұл бағдарлама бойынша білек сыбана жұмыс басталып кетпегенімен, көпшілік жылы қабылдады. Бәлкім, атауы ұнады, болмаса үлкен үміт күтті ме, әйтеуір қуанған ел аз болмады десек артық айтқандық емес. Шынында, табысыңды арттыруға мемлекет арнайы бағдарлама қабылдап жатса, қуанарлық жаңалық екені даусыз. Себебі күн сайын инфляция жеңген, ақшаның құны қалмаған уақытта табысты арттыру – көкейтесті мәселе. Бағдарлама атын естігенде, елдің елең ете қалғаны да осы. Сонымен бағдарлама нені көздейді? Халық табысын арттырудың жолы қандай?

Мемлекет басшысы биылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 70 мың теңгеден 85 мың теңгеге дейін арттыруды тапсырған болатын. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің айтуынша, барлық саладағы меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмыскердің, оның ішінде 350 мыңға жуық бюджет қызметкерінің ақшалай табысы көбейеді. Ең төменгі жалақы – қатардағы, біліктілігі жоқ жұмысшыға ақшалай төлемдерді анықтауға арналған ең төменгі еңбек стандарты. Бұл ретте жұмыскердің жалақысы оның біліктілігіне, орындалатын жұмыстың күрделілігіне, саны мен сапасына қарай қалыптастырылады. Айта кету керек, Қазақстанда ЕТЖ мөлшері 2022 жылдан бастап жыл сайын артып келеді. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап 85 мың теңгеге дейінгі кезекті өсімді ескеретін болсақ, үш жыл ішінде ЕТЖ мөлшері 2 есе артпақ. Ең бірінші кезекте ЕТЖ-ның өсуі жалақысы төмен жұмыскерлерге әсер етеді. Екіншіден, жалақы деңгейін белгілеу кезінде ЕТЖ көрсеткішін пайдаланатын жұмыс берушілер, сондай-ақ разряд аралық біліктілік жүйесін ескере отырып, қызметкерлердің басқа санаттарының жалақысын қайта қарайтын болады.

Осының нәтижесінде барлық салада әртүрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмыскердің, оның ішінде 350 мыңға жуық бюджет қызметкерлерінің ақшалай табысы өседі.Бұдан басқа Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Дүниежүзілік банктің сарапшыларымен бірлесіп, ең төменгі жалақы мөлшерін айқындау әдістемесін әзірледі. Оған сәйкес ЕТЖ мөлшері медианалық жалақы мен еңбек өнімділігіне қарай айқындалады.

Елдегі халық табысының төмендігін, кедейшілік үлесін есепке ала отырып, талдау негізінде қабылданған бағдарламаның алға қойған мақсаты бар. Яғни бағдарлама жүзеге асқанда елде 2 млн жұмыс орнын құру, халықтың нақты табысының 4-5 пайыз орташа жылдық өсу қарқынына ықпал ету. Бағдарлама 4 бағыт бойынша іс-шараларды қамтиды: Бірінші, бюджеттен төленетін жалақыны арттыру. Екінші, жаңа жұмыс орындарын құру арқылы халықтың табысын арттыру. Үшінші, халық табысының сатып алу қабілетін арттыру. Төртінші, табыс деңгейін арттыруды қамтамасыз ететін шаралар қабылдау.Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжановтың айтуынша, бағдарламаның маңызды бөлігі жаңа экономикалық өсуге арналған. Сонымен қатар халықтың жұмысқа орналасуына жағдай жасау, жаңа дағдылар мен кәсіпке баулитын жанама шаралардан құралған. Бағдарлама аясында 1,1 млн-нан аса жұмысшының еңбекақысын арттыру көзделген. Соның ішінде бюджет саласының 850 мыңнан аса қызметкерінің лауазымдық айлығы өспек. Дәрігерлердің жалақысы 320 мыңнан 531 мың теңгеге дейін, орта медициналық қызметкерлердің жалақысы 173,5 мыңнан 250 мың теңгеге дейін артпақ.

Премьер-министрдің кеңесшісінің айтуынша, бағдарламаның жанама шаралары – өңдеуші өндірістің өнімділігін арттыруға, кәсіпкерлікті дамытуға, жұмысқа орналасуға жәрдемдесуге, кәсіптік даярлауға бағытталған. Азаматтардың кәсіпкерліктен түсетін табысын арттыру мақсатында елімізде 50-ден аса ірі кәсіпорындар айналасында шағын және орта бизнес белдеуін құру көзделген. Оның бір көрінісі ретінде Қызылорда облысындағы шыны зауыты айналасында 8 шағын зауыттан тұратын шағын және орта кәсіпкерлік белдеуі құрылмақ.Сондай-ақ креативті индустрияны елде дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асыруға мүмкіндік болмақ.«Бүгінде табысты арттырудың жаңа әрі әлеуетті бағытының бірі – креативті индустрия саласы. Әлемдегі креативті индустрияның қаржы айналымы 2,3 трлн долларды құрайды. Осы салада 12 жыл бұрын арнайы бағдарлама қабылдаған Оңтүстік Корея 2020 жылы әлемдік медиа-ойын-сауық нарығында жетінші орынға шықты. Бүгінде бұл елдің креативті экспорт көлемі 12 млрд доллардан асты. Сондықтан креативті индустрияны дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Біріншіден, елімізде 3 мыңға жуық мәдениет ұйымы бар. Ең алдымен осы ұйымдардың креативті идеялар үшін ашықтығын қамтамасыз етеміз. Екіншіден, мәдениет ұйымдарында құрал-жабдықтар қолдана отырып, жаңа креативті өнім шығаруға ниетті азаматтарға толықтай мүмкіндік беріледі. Үшіншіден, қазір мәдениет ұйымдарының мүлкін пайда табу мақсатында тиімді пайдалану механизмдерін реттейтін заң жобасы әзірленіп жатыр. Түскен табыс сол ұйымдарды материалдық-техникалық жабдықтауға және қызметкерлердің жалақысын арттыруға жұмсалады. Бұл мәдениет ұйымдарын экономикалық айналымға енгізуге мүмкіндік береді», – дейді Премьер-министрдің кеңесшісі.

Бағдарлама аясында халықты жұмыспен қамтудың барлық мүмкіндіктерін қарастыру назарға алынған. Мәселен, жастар үшін «Алғашқы жұмыс орны», «Түлектерге арналған жастар практикасы», «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы жүзеге аспақ. Сондай-ақ түлектерді жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу үшін ЖОО-лар жанынан мансап орталықтарын құру, жастарға 400 АЕК-ке дейінгі мөлшерде өтеусіз гранттар беру арқылы 10 мың жаңа бизнес идеяны іске асыру көзделген. Ал зейнет алды жасындағы адамдарды жұмысқа орналастыруға арналған «Күміс жас» бағдарламасы іске аспақ.Елде бағдарламаны жүзеге асыру жұмысы басталып кетті. Ең бастысы, бағдарлама нәтижесін халық сезінуі тиіс. Елді жұмыспен қамтуға, кедейшілікті азайтуға, халықтың табысты болуын мақсат еткен бағдарламадан күтеріміз көп. Ендігі міндет – бағдарламаның мақсатына жетуі.

ШҚО«Ауыл – ел бесігі» деп жатамыз. Қазақ баласына ежелден ауыл жат емес. Соңғы уақытта билік тарапынан ауылға көп көңіл бөлінуде. Жасалып жатқан көмек те, бөлініп жатқан қаржы да аз емес. Ауыл шаруашылығына беріліп жатқан жеңілдетілген несиелер де бір төбе. Жоғарыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халық кірісін көтеруге байланысты тапсырмасы болғанын айттық. Оның ішінде ауыл азаматтарының әл-ауқатын көтеруге бағытталған бағдарлама да бар. Әл-ауқат дегеніміз, ең алдымен табыс көзі ғой, бірақ табыс көзіне жету үшін ең алдымен ауылда тұратын азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету – міндет. Бұл ауылдың ғана мәселесі емес, бүкіл қазақтың мәселесі деп айтуға болады. Осы бағытты көздеген ауылдарымызда қазіргі кезде инфрақұрылымды дамыту, жұмыс орындарын ашып, табыс көзін арттыру мәселелері бойынша көптеген игілікті жұмыстар қолға алынуда. Соның ішінде біздің ойымызша, ең бірінші, елді мекендердегі халықтың табысын арттыру мәселесін шешу керек. Өйткені, қандай керемет ғимарат, мектеп-аурухана, инфрақұрылым салынса да, егер де халықта табыс болмаса, онда тұрғындар ауылға тұрақтамай, жұмыс іздеп, басқа жаққа көшіп кетеді. Сондықтан тамыры ауылға байланған ағайындардың табыс кірісін арттыру бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отыр.

Аяпберген САЛИХОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT