Осыдан отыз төрт жыл бұрын, қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сессиясында «Егемендік туралы» Декларация қабылданды. Осылайша, бұл күн еліміздегі ең басты ұлттық, мемлекеттік мерекелердің қатарына қосылды.
Бірақ, бертінде осы дата маңызды мерекелердің тізімінен алынып тасталғаны да шындық. Арада он үш жыл өткенде, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы Жарлығымен алдыңғы жылдан бастап 25 қазан Республика күні ретінде атап өтілетін болды. Ел өміріндегі осынау ерекше күн, тарихи сәттің куәгері болған азаматтардың бірі – әріптес жерлесіміз, белгілі қаламгер, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі, Мәдениет қайраткері Самат Ибраим болатын. Ол өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында сол уақытта Қазақ КСР Жоғарғы Кеңестің басылымы ретінде шығып тұрған республикалық «Халық кеңесі» газетінің Парламенттегі тілшісі қызметін атқарған. Сөйтіп, Самат Бектенұлы ел өміріндегі аса маңызды саяси оқиғалардың бел ортасынан табылды. Сол себепті, Қазақстан Республикасын егемен ел атандырған ерекше күн төңірегінде ағамыздың айтары аз емес екен. Орайы келген сәтте сол әңгімені қағаз бетіне түсіріп алғанбыз. Соны оқырман назарына ұсынғанды жөн санадық.
Тарихи оқиға неден басталды?
Қай істің де бір негізі, бастауы болатыны белгілі ғой. 1990 жылдың 15 қазанында ХІІ сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің екінші сессиясы басталып, онда Декларацияның жобасы туралы баяндама жасалады. Мәселе сессия алдында мұқият талқылаудан өткен еді. Жобаны талқылаудың алғашқы күндерінен-ақ «Көш қозғалды», «Үміт пен күдік шарпысып…», «Жеті рет өлшеген өкінбес» тақырыптарында газет беттерінде репортаж жанрындағы бірнеше жарияланымдар жарық көреді. Олардың авторы да жоғарыда есімі аталған Самат ағамыз еді. Сол күндері Жоғарғы Кеңес депутаттарының еліміздің егемендігін заңдастырып, құжат ретінде қабылдауға деген ұмтылысы мен құлшынысы ерекше болған көрінеді. Әрине, о бастан-ақ кертартпалыққа салынып, жобаның алдын ала талқылауға ұсынылғанына қарсылық білдіріп, оның қабылданатына күдікпен қарап, шек келтіргендердің кездескені де жасырын емес-ті.
Алайда, Жоғарғы Кеңестің төрағасы Ерік Асанбаев табандылық танытып, мәселенің сессиядан бұрын мұқият талқыланып, көпшілік дауыспен мақұлданғанын жеткізіпті. Жалпы алғанда, Декларация жобасын талқылау қызу пікірталаспен басталған. Айтыс-тартыстың күштілігі сондай, «бұл құжат қабылдана ма, жоқ па?» деген үміт пен күдіктің, екіұдай көзқарастың шарпысқаны да ақиқат. Депутаттардың бір тобы Декларация жобасын талқылауды тоқтатып, басқа мәселеге көшу, келесі топ жобаны толықтырып, сессияға қайта ұсыну үшін арнайы комиссия құру жөніндегі пікірлерінен айнымаған. Ақыры, басым көпшілік дауыспен комиссия құруға келісіліп, оның төрағасы болып депутат Салық Зиманов сайланады. Мұндай комиссияны құруға қол жеткізудің өзін демократия толқынына ілесіп, егемендік алуды аңсаған халық қалаулыларының алғашқы жеңісі деп бағаланған.
– Депутаттардың бір тобы Декларацияда ұлттар туралы айтып жатпай-ақ, жалпы азаматтық қоғам құру жөнінде мәселе көтерді. Оның авторлары «Демократиялық Қазақстан» тобының мүшелері, депутаттар Б.Қадырбеков, Ю.Сухов және басқалары еді. Олар республикада екі мемлекеттік тіл болудың қажеттілігін, осы мәселені күн тәртібіне енгізуді, жобадағы жалпы қазақ деген сөзді алып тастауды, республиканың құқықтық мемлекет, не жалпы азаматтық қоғам болуы керек деген ұсыныстарын көлденең тартқан. Алайда, қай уақытта да, қандай мәселені де таразыға салып, байыппен шешуге дағдыланған депутаттар С.Зиманов, С.Сартаев, Ә.Кекілбаев, т.б. аталған ой төңірегінде терең де, салиқалы пікірлерін айтты. Мәселен, С.Сартаев өз сөзінде құқықтық мемлекет пен ұлттық мемлекеттің екі түрлі мәселе екендігін, ал азаматтық қоғамның мәнісін түсінбеушілік бар екендігін айта келіп, егеменді ұлттық мемлекеттің республика жағдайында маңыздылығына тоқталды, — деді әңгімесінде Самат ағамыз.
Ұлт тағдыры – ұлы мұрат Декларация жобасындағы «…қазақ ұлтының тағдыры үшін жауапкершілікті ұғына отырып…», «Қазақстандағы миграцияны реттеу» тәрізді ұғымдар, мемлекеттік тіл мәселесі бірқатар депутаттардың ойынан шықпағаны да ашық айтылды. Сессияның алғашқы күні-ақ миграцияны реттеуге қарсы шыққандардың ойы «оның Қазақстан үшін қажеті жоқ» дегенге жетелегені айқын аңғарылып тұрды. Мәселен, депутат В.Козлов «қазақстандық миграция процесін қолға алудың соңы қым-қиғаш сипат алуы мүмкін» деген күмәнін келтіріпті. Одан бетер «Демократиялық Қазақстан» тобы республикадағы ұлттық мемлекеттілік туралы мәселені ғана емес, жалпы қазақ ұғымы, атауы туралы сөздерді алып тастауға жанталасқаны ащы да болса шындық еді. Әйткенмен, еліміздің, халқымыздың тағдырын ойлаған депутаттардың ел халқы мен ұлттың негізін құрайтын көпшіліктің келешегіне кесел келтіріп, қиянатқа ұрындырмау үшін тайсалмай, табандылықпен айқасқаны нағыз батылдықтың үлгісі болатын. Солардың бірі сол уақыттағы Жезқазған облыстық кеңесі атқару комитетінің төрағасы, депутат Шәріпбек Шардарбеков еді. Ол республикамызда «Тіл туралы» заңның күшіне енгеніне санаулы ай өткенін, онда қазақ тілі – мемлекеттік, ал орыс тілі халықаралық қарым-қатынас құралы ретінде айқындалғанына тоқталған. Самат ағамыздың естелік әңгімесінде баяндалғанындай, бүкіл еліміз де, депутаттар да асыға күткен Декларация жобасы пысықталып, сессияға ұсынылатын 25 қазан күні де келіп жетеді. Мінберге комиссия төрағасы, депутат Салық Зиманов көтеріледі. Ол кісі өзінің телегей теңіздей терең білімділігін, ғұлама ғалымдығын, білікті заңгерлігін, керемет ұстамдылығын, туған халқының болашағы үшін ештеңеден тайынбайтын қайсарлығын көрсетеді. Сөйтіп, қарсы уәж айтып, таласқысы келгендер екпіні қатты тау өзенінің ағысындай білім мен білікке төтеп бере алмайды. Сөйтіп, баяндама жасап, қойылған сұрақтарға жауап берген академик, депутат Салық Зиманов күні бойы тізе бүкпей мінберде тұрып, әріптестерінің қолдауымен «Егемендік туралы» Декларация жобасын қорғап шығады.
Осындай күрделі жағдайда, сындарлы шақта ел басшылығының да, депутаттардың да, халқымыздың да «Егемендік туралы» Декларация қабылдауға тәуекел еткені, алға қойған мақсаттарына қол жеткізгені тарихта алтын әріппен жазылып қалды. Өйткені, сол 1990 жылдың күзінде ескі жүйе құрсауынан бұлқынып шығып, еліміздің болашағын болжау, оған бастар тыңнан жол салу, тәуелсіздіктің іргетасын бекіту оңай шаруа емес-ті. Әңгіменің тоқетері осыған тірелді. Бір сөзбен түйіндесек, бұл – ұлт тағдырын бәрінен де биік қойған рухты, намысшыл отаншыл азаматтардың айнымас ұстанымы, берік байламы болатын.
Дәулетқали АРУЕВ