ЕСЕЛІ ЕҢБЕГІМЕН ЕЛГЕ СЫЙЛЫ

(0 Votes)

Еңбек – адамды өсіретін, алға қойған мақсатқа жеткізетін алғашқы құрал. Атауы бір болғанымен еңбектенудің әртүрлі жолдары бар. Білектің күшімен, қара жұмыспен айналысудың жөні бір бөлек болса, техниканың тілін біліп, бір мекемеде ұзақ жыл қатарынан табан аудармай қызмет етудің жөні тым бөлек.

Ауданымызда да елге игілікті іс істеп, қоғамға пайдасы тиген азаматтар жетерлік. Солардың бірі – жарты ғасырдан астам ғұмырын ауыр техниканың тізгінін ұстаған Ғиззат Арыстанғалиев.

Ол 1954 жылы Қызылқоға ауылдық округінде дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң, Сағыз ауылдық округіндегі қазіргі Қызылқоға аграрлы-техникалық колледжінен, көлік жүргізушісі мамандығын алып шығады. 1972 жылдан бастап осы күнге дейін жүргізуші болып еңбек етіп келеді. Бүгінде кейіпкеріміз ауданның ауыл шаруашылығы және басқа салаларында қаймықпай жұмыс жасап, отбасын адал еңбекпен өсірген ел ағасы. Сырт көзге «Техниканы жүргізудің не қиыны бар?» деп ойлаушылардың табылатыны анық. Алайда мыңдаған шақырым жерді техникамен кезіп, күндіз-түні қара жолды жүріп өтіп, отбасынан жырақта жүру оңай емес. Жүргізушінің әйелі болу да үлкен жауапкершілікті қажет етеді десем артық болмас.

Кейіпкеріміз 52 жыл бойы жолда болса, жары Айжан Сейілханова жолдасының сапардан аман-есен келуін тілеп, түннің жарымында келсе де ас-суын дайындап, алдынан жылы шырай танытып күтіп алады. Отағасына сүйеу бола білген ол 6 баланы дүниеге әкелген «Күміс алқаның» иегері. Мәдениет саласының ардагері. Қазіргі таңда екеуі немере-жиен сүйіп отырған ардақты ата мен әже. Ауданның тыныс-тіршілігіне етене араласып жүрген кейіпкеріміз ауыл тазалығына да өз пайдасын тигізіп келеді. 1993 жылы су тасқыны кезінде де тынбай еңбек еткен. Одан кейінде су тасқынынан зардап шеккендерге арнап салынған «Мөлтек» ықшам ауданындағы үйлерді тұрғызуға қол ұшын созған. Биылғы өр суының күрт көтерілуі кезінде де көмек қолын созып, өз үлесін қосты. Ауыл ішілік, Миялы-Индер-Сағыз тас жолдарын төсеуге қатысқан. Халел Досмұхамедұлы атындағы орта мектепті, аудандық орталық аурухананы, мешітті, басқа да тұрғын үйлерді тұрғызуда оның да үлесі бар. 2000 жылдан бастап жеке кәсіпкер болып еңбек етіп келеді. Ауданды жанар-жағар май мен көмірмен үздіксіз қамтамасыз етуге бар күш-жігерін жұмсады.

Ұзақ жыл Миялы Автобазасында жүргізуші болып, абыройлы қызмет атқарды. Еселі еңбегіне сай бірнеше медаль, грамотамен марапатталған. Ендеше, осындай қарапайым, елге ерен еңбегі сіңген ел азаматтары еленіп, келер ұрпаққа үлгі өнеге болса нұр үстіне нұр емес пе?!

Өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT