Ұлттық жоба «Келешек мектебі» – тек инфрақұрылымды жаңарту емес. Бұл – оқушылар мен мұғалімдердің психологиялық және әлеуметтік әл-ауқатына тікелей ықпал ететін маңызды қадам. Жаңа мектептер – жай ғана ғимарат емес, баланың тұлға ретінде дамып, өзін қауіпсіз әрі маңызды сезінетін ерекше орта. Осы тұрғыдан алғанда жоба заманауи білім беру философиясына толық сәйкес келеді.
«Жайлы мектеп» жобасы аясында бастауыш және жоғары сынып оқушыларына арналған блоктардың бөлек орналасуы – өте дұрыс шешім. Өйткені әр жастағы балалардың әлеуметтік әрі психологиялық қажеттіліктері әртүрлі. Бастауыш сынып оқушылары үшін ең әуелі эмоционалдық тұрақтылық пен бейімделу маңызды болса, жоғары сынып оқушылары үшін – жеке кеңістік пен дербестік қажет. Мұндай ерекшеліктер ескерілгенде, балалар өзін еркін әрі жайлы сезінеді және мектеп ортасына сеніммен қарайды.
Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған бейімделген ортаның жасалуы қоғамда инклюзивті ойлаудың дамып келе жатқанын көрсетеді. Мұндай балаларға тең білім беру мүмкіндігін қамтамасыз ету – әрі адами, әрі педагогикалық тұрғыдан маңызды қадам. Бұл олардың әлеуметтік ортаға толыққанды бейімделуіне және қабілеттерін еркін ашуына жол ашады.
Сондай-ақ арнайы жабдықталған мамандар кабинеттерінің – психолог, логопед, дефектолог және әлеуметтік педагог бөлмелерінің болуы да үлкен жетістік. Балалардың эмоционалдық жағдайы, күйзеліске бейімділігі мен әлеуметтік бейімделуі – бүгінде ата-аналар мен ұстаздар үшін ең өзекті мәселелердің бірі. Мұндай мамандардың қолжетімділігі проблемаларды ерте анықтап, дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Оқушылардың қауіпсіздігі үшін мектептерде жедел басқару орталығына қосылған бейнебақылау жүйесі орнатылады. Бұл ата-аналардың алаңсыз болуына жағдай жасап, балалардың мектепке сенімді келуіне мүмкіндік береді. Мұның өзі психологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды фактор.
Жалпы, егер мектеп – баланың екінші үйі болса, онда ол өзін сонда жайлы сезінуі тиіс. Ұлттық жоба «Келешек мектебі» осы талаптарды толық қамтиды. Мұндай мектептер оқушылардың қабілетін ашуға, білімге деген қызығушылығын арттыруға және өмірлік дағдыларды қалыптастыруға кең мүм
кіндік береді.
Атырау облысында осындай жаңа білім ордаларының бой көтеруі – болашаққа сенім ұялататын қуанышты жаңалық.
Амангүл Баймұханова,
Атырау қаласындағы №50 жалпы орта мектептің директоры