Жастарды зиянды әдеттерден сақтандыру, есірткі қылмыстарының алдын алу және жас буын арасында есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыру мақсатында Атырау облыстық мәслихаты мен Amanat партиясының ұйымдастыруымен «Лудомания және нашақорлық тәуелділігі» тақырыбында ауқымды форум өтті. Іс-шараға білім беру ұйымдарының өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, медицина мамандары, психологтар, жастар ұйымдарының белсенділері және ата-аналардан құралған 200-ге жуық адам қатысты.
Форум барысында есірткіге қарсы күресте белсенділік танытып жүрген түрлі сала мамандары өз тәжірибелерімен бөлісті. Атырау облысы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі полиция подполковнигі Марьяна Джангалиева жастардың тәуекел тобына ену себептерін атап өтті. Сондай-ақ, ол есірткінің жасырын таралу жолдары, психологиялық тәуелділіктің алғашқы белгілері, рухани және физикалық иммунитетті қалыптастыру тетіктері туралы жан-жақты ақпарат берді. Форумға қатысқан Атырау облыстық мәслихат төрағасының орынбасары, әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Нұрлыбек Даралиев жастарды қоғамға бейімдеу, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және профилактикалық шаралардың маңыздылығына тоқталды.
Форум қорытындысында білім беру мекемелері мен тиісті салалық құрылымдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту, ата-аналар мен оқушыларға арналған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жетілдіру, профилактикалық бағдарламаларды жаңарту, сондай-ақ жастардың мәдени және спорттық іс-шараларға белсенді қатысуын ынталандыру бойынша нақты ұсыныстар талқыланды.
Қызмет бағыты