НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Кәсіподақ мүшелері болып саналмайтын қызметкерлердің мүдделерін білдіру бойынша сайланбалы өкілдердің өкілеттіктері бекітілмек. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде еңбек мәселелері жөніндегі заң жобасын талқылау кезінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Келіссөздер жүргізу және ұжымдық шарттарға қол қою барысында барлық жұмыскерлердің пікірін ескеру үшін кәсіподақ мүшелері болып саналмайтын қызметкерлердің мүдделерін білдіру бойынша сайланбалы өкілдердің өкілеттіктерін бекіту жоспарлануда. Сондай-ақ ұжымдық шарт қатынастарының дамуын күшейту мақсатында бір ұйымда бір ұжымдық шарт қана жасалуы туралы талап ұсынылады», - деді министр.
Бұдан бөлек, жеке еңбек дауын реттеудің сотқа дейінгі тәртібін нақтылау үшін жұмыс берушіге келісім комиссияларын құруды міндеттеу ұсынылады.
Мұнымен қоса, Б. Нұрымбетов әлеуметтік әріптестікті реттеу саласына қатысты өзгерістерге тоқталды. Кәсіподақтар қызметіне байланысты Халықаралық еңбек ұйымының ұсынымдарын орындау мақсатында аталған заң жобасы аясында Еңбек кодексіне және «Кәсіподақ туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.
«Еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау саласындағы Қазақстан заңнамасын одан әрі жетілдіру мақсатында кәсіпорындарда еңбекті қорғауды басқару жүйесін енгізу ұсынылады. Еңбекті қорғауды басқару жүйесі жұмыс орнындағы кәсіптік тәуекелдерді бағалауға негізделетін болады. Жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігін басқар жүйесін енгізу және оның қызмет атқаруына бақылау жүргізу бойынша міндеттері, сондай-ақ еңбек саласындағы уәкілетті органның осыған байланысты үлгілік ережесін, жұмыскерлер санының салааралық үлгілік нормативтерін әзірлеу мен бекіту бойынша міндеттері көзделеді», - деді ведомство басшысы.
Атап айтқанда, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауда ішкі бақылауды күшейту мақсатында кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңес құру мерзімін заңды түрде белгілеу жоспарлануда.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Заң жобасында жұмыскердің лайықты еңбек және тұрмыс жағдайларына құқығын белгілеу және әкімшілік заңнамаға тең еңбек жағдайлары бойынша кемсіту фактілеріне жол бергені үшін жұмыс берушілерді жауапкершілікке тартуға негіздеме енгізуге ұсынылады.
Құжат еңбек қатынастарын, әлеуметтік серіктестікті, қауіпсіздік және еңбекті қорғау мәселелерін реттеуге бағытталған.
Сондай-ақ заң жобасында компаниялардың бір тобы шеңберінде, яғни бір құрылтайшылары, қатысушылары немесе акционерлері бар заңды тұлғалар арасында қызметкерлерді іссапарға жіберу мүмкіндіктерін кеңейту қарастырылған.