«Ерлігі үшін медалін таққан ер»

(0 Votes)

Мемлекетіміздің қауіпсіздігін қадағалап, ел тыныштығын күзетуде полиция қызметкерлерінің еңбегі өлшеусіз. Себебі олардың басты ұстанымы – антына берік болып, адал қызмет ету.

Шапшаңдық пен қырағылықты қажет ететін мамандықтың жұрт білмейтін қыр-сыры көп-ақ. Себебі полиция қызметкері болу үшін ең алдымен – білім мен біліктілікті қатар ұстап, дер кезінде шешім қабылдай білуі керек. Міне, бүгінгі әңгімеміз де осындай қасиетті бойына жиып, бүгінде ел қорғаны болуды мақсат еткен полиция қызметкері – Тойғожа Айтқалиұлы жөнінде болмақ.
Аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің аға учаскелік полиция инспекторы Тойғожа Әзбергенов 1984 жылы Атырау облысы, Балықшы поселкесі, Рембаз ауылында дүниеге келген. 1991-2001 жылдар аралығында Х.Санбаев атындағы орта мектепте білім алып, 2001-2005 жылдары арасында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын тәмамдаған.

«Полиция қызметкері болу бала күнгі арманым. Бірақ, мектепті аяқтаған соң мұғалім мамандығы бойынша жоғары оқу орнына түстім. Себебі, мектепте осы пәндерді жақсы оқығанмын. 2007-2008 жылдары Маңғыстау облысы 25/744 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышымды өтеп келген соң, 2009 жылы дипломым бала тәрбиесі саласына сай келгендіктен Атырау қалалық полиция басқармасының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторы лауазымына жұмысқа орналастым. Содан соң, 2011-2013 жылдары арасында Орал қаласындағы Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде құқықтану заңгер мамандығы бойынша білім алып шықтым»,- дейді кейіпкеріміз.

Айта кетейік, Тойғожа Айтқалиұлы «Ерлігі үшін» төс белгісімен марапатталған аудандағы жалғыз полиция қызметкері. Сондай-ақ, ол жақында ғана ауданымызда көпқабатты тұрғын үйдің бірінде бүлдіршіндердің терезеден құлап кету қауіпін дер кезінде анықтап, жедел шешім қабылдай білген полиция қызметкерлерінің қатарында болғандардың бірі.

«2017 жылы Атырау қаласы вокзал маңында орналасқан асхананың ішінен аса ауыр қылмыс жасап жатқан жерінен қылмыскерді ұстаған болатынмын. Қызмет барысындағы еңбегім еленіп, 2018 жылы 5 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен «Ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталдым. Жалпы, біздің мамандық шапшаңдықпен қатар, төзім мен сабырлылықты қажет етеді. Дер кезінде қылмыс пен оқыс оқиғалардың алдын алу – біздің басты міндеттеріміздің бірі»,- дейді Тойғожа Әзбергенов.

Бала кездегі арманына қол жеткізу үшін осы мақсат жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан Тойғожа Әзбергенов 2014-2021 жылдар аралығында көліктегі полиция департаментінің Атырау стансасы желілік полиция бөлімінде қызмет өткереді. 2021 жылдан бастап аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің аға учаскелік полиция инспекторы лауазымын атқарып келеді.
Халықтың сенімін қашанда алдыңғы орынға қоятын ол қызмет бабындағы қызықты оқиғалармен де бөлісе кетті.

«Жұмысқа алғаш кірген кезімде қызығушылығым бізге берілген тапсырмадан басталды десем болады. Ол тапсырма Атырау қаласындағы балалар үйіндегі жаңадан дүниеге келіп, тастап кеткен немесе ата-анасының қарауынсыз қалған балалардың ата-аналарын табу болды. Нәтижесінде біз 50 ата-ананың 40-ын тауып, жұмысымызды жоғары деңгейде атқарып шыққан болатынбыз»,- дейді Тойғожа.

Ауданда абыройлы қызмет атқарып, қоғамдық тәртіпті қадағалап жүрген ол полиция қызметкерлеріне жүктелген жауапкершілікті атқару арқылы халықтың сенімі ақталатынын айтып өтті.
«Полиция қызметкерінің алдында үлкен жауапкершілік пен міндет бар. Біз сол жауапкершілікті арқалап, нәтижелі жұмыс жасау үшін уақытпен де санаспай, қызмет жасауға дайынбыз. Осы тұста, әріптестерімді келіп жеткен мерекемізбен құттықтаймын! Алда талай ел жолында атқарылар ігі істеріміз көп болсын!»,-деп ізгі тілегін білдірді.
Иә, тәртіп мен тыныштықты сақтап, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі полиция қызметкерлерінің жұмысын халық қашанда бағалайды. Сондықтан, ел үшін қызмет атқаратын жандардың еңбегі әрдайым жоғары болмақ.

Ә.ҚАСЫМ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521