Мемлекеттік қызмет табыстырған жұп

(0 Votes)

Адам өмірде екі нәрсе таңдаудан қателеспеуі керек дейміз: біріншісі – жар таңдаудан, екіншісі – мамандық таңдаудан. Кейде бір таңдауымыз екіншісіне себепші боп жатады. Әртістер әртістермен, спортшылар спортшылармен қосылуы да сондықтан. Бұл екі адамның бірін бірі түсініп, бір мақсатта еңбек етулері үшін жеңіл. Оның үстіне күнде көрісіп жүрген адамдардың арасында ұшқын жалт ету ықтималдығы да жоғары.

Басқа маман иелері секілді мемлекеттік қызметте екеулеп жұмыс жасап жүрген отбасылар жоқ емес. Тізіп айта берсек біздің ауданда да кездеседі. Олардың арасында жақында ғана отау құрып, махаббат хикаялары әріптестерінің көз алдында өрбіген жас жұптардың бірі – Жұмабай Қиылов пен Лена Жексенғалиева.

«Бала күнгі арманым еді»
1994 жылы қазіргі Атырау қаласы, Қайыршақты селолық округіне қарасты Бесікті ауылында өмірге келген Жұмабай ағасы мен әпкесінен кейінгі үйінің кенжесі. Әкесі трактор айдап, анасы үй шаруасында болған қарапайым жанұядан шыққан. 2001-2012 жылдары Бесікті мектеп интернатында тәлім алған ол, 2016 жылы Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «жерге орналастырушы» мамандығын игереді. Жұмабайдың оқу бітіргеннен кейін Атырау қалалық жер қатынастары бөлімінен жастар тәжирибесінен өткені болмаса еңбек жолы әрі қарай Мақат ауданында өрбуде. Алғаш 2017 жылдың қаңтар айында аудандық тұрғын үй инспекциясы бөлімінде бас маман болған ол, кейін аталған лауазымды аудан әкімі аппаратының жалпы бөлімінде жалғастырады. Тәжірибесі толысып қалғаннан соң 2018 жылдың қазанынан бері аудандық әкімдік аппаратының ұйымдастыру-бақылау және кеңсе бөлімінің басшысы болып еңбек етуде.
Жұмабайдың айтуынша, мемлекеттік қызмет оған жауапкершілікті алу, шешім қабылдауды үйрену, ұқыптылық, мұқияттылық секілді қабілеттерді дамытуды үйреткен. Ауданның дамуына өз үлесін қосуға келген жігіт бір оқпен екі қоянды атқандай жұмыс орнынан өмірлік серігін де жолықтырады.
Мақат топырағында дүние есігін ашқан Лена да жолдасы секілді 1994 жылғы. 7 жасқа толар тұсында жергілікті М.Баймұқанов атындағы мектептің табалдырығын аттап, 2010 жылы негізгі орта білімді алып шығады. Жүрек қалауы заң саласы болған бойжеткен 2013 жылы Атырау бизнес және құқық колледжінен, 2016 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінен «кеңесші-заңгер» және «заңгер» дипломдарына ие болады. Лена еңбек жолын 2016 жылдың тамыз айында аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде жастар тәжірибесінен өтумен бастаған. Бүгінгі күні “Мақат ауданы әкімі аппараты” мемлекеттік мекемесінің персоналды басқару бөлімінің басшысы.

«Менің анам өзінің өмірін балаларының тәрбиесіне арнаған жан. Сол тәрбиелеу кезінде анам әрдайым мені еліне қызмет ететін азамша болғанымды қалайтынын айтып отыратын. Әр кез анамның айтқаны жадымда сақталып «еліме қызмет ететін тұлға боламын» деген бала арманым мені мемлекеттік қызметке алып келді», - дейді ол.


Қос ғашықты табыстырған қызмет
«Жұмабай ең алғаш ауданға ауысып келгенінде әріптестерім «әкімшілікке қарапайым, пысық жігіт келіпті деп айтып жүретін», - деп өткен күндерді еске алады Лена. «Мен ол кезде аудандық экономика және қаржы бөлімінде хатшы, ол аудандық тұрғын үй инспекциясында бас маман қызметінде жұмыс атқарып жатырған еді. Кейіннен ол аудан әкімі аппаратының жалпы бөліміне, ал мен аталған мекеменің мемлекеттік қызмет көрсету және ұйымдастыру-бақылау бөліміне ауысқан болатынбыз. Сол кездері Жұмабайдың жұмысқа байланысты мәселелерде көп көмегі тиетін. Бертін келе бірге қызмет етіп, бір-бірімізді түрлі жағдайларда танығанның арқасында өзара бауыр басып, әңгімеміз жарасып кетті», - дегеніне қарап оларды тағдырдың өзі қосты дерсіз. Мақаттық арудың жүрегін жігіттің бойындағы қарапайымдылық, қамқорлық, өмірге деген ерекше көзқарас пен ең бастысы еңбекқорлық секілді қасиеттер тәнті еткен.
Ал Жұмабай Ленаның ақ жарқын мінезі, адамдармен тез тіл табысуы, үлкенді құрметтеуін мақтайды. «Жұмыс барысында екеуміздің ойларымздың бір жерден шығуы, бір - бірімізді толықтырып отыруымыз менің оған деген сезімді оятты. Кейін қыз бен жігіт ретінде сөйлесе бастадық. Бір-бірімізді толық зерттеп, өмірлік серік болуға әбден лайық жан ретінде қабылдап барып отбасын құрдық», - дейді Мақатқа карьера үшін 6 айға ғана келемін деп ойлап мұнайлы өлкедегі алтыншы жылын бір арудың жолдасы, бір қыздың әкесі ретінде қарсы алған жігіт.
Ауыртпалығы мол, жауапкершілігі жоғары жұмыстарын абыроймен атқарып жүрген екі жас бүгінде мемлекеттік мекеменің жас буын қызметкерлеріне адами және кәсіби тұрғыда үлгі бола білген жас отбасыға айналды. Әріптестерінің ілтипат-құрметіне бөленіп жүретін Жұмабай мен Ленаның Кәусар есімді қыздары бар. Жүздері бал-бұл жайнаған қос ғашықтың алдағы күндерден күтері мол.
Бір жылы дүниеге келіп, бірдей мамандықты таңдап, облыстың екі бөлек жерінен болса да ел игілігі үшін бірге еңбек ету бұйырған Жұмабай мен Лена бір үйдің тірегі мен ұйытқысы. Ендеше әкімшіліктің Қозысы мен Баянындай болған екі жасқа кәсіби мерекелерінің қарсаңында қызмет пен отбасылық өмірде қол ұстаса бақытты сәттерді бастан кеше беруді тілейміз!


А. Жұмабекұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521