Қазіргі Қазақстан әйелдері - еліміздегі бейбітшілік пен жасампаздықтың бірлік пен тұрақтылықтың, болашаққа деген сенімінің бастауы. Қоғамда саясат тұтқасын ұстаған, отбасында аяулы жар, асыл аналар шаңырақтың ұйытқысы, перзенттеріне саналы тәлім-тәрбие беріп салихалы ұрпақ тәрбиелеуде. Отбасының береке бірлігін ойлап та, мемлекеттің дамуына үн қосып жүрген әйелдеріміз іскерліктің үлгісіне айналды. Бұл нұрға толы жандардың халыққа адал қызмет етуімен қатар әлі де бағындырар биігі көп.
1941-1945 соғыс жылдары әйелдерді өндіріске тарту туралы үндеу жарияланып, көптеген жұмыстар жүргізілді. Біздің әйелдер мен қыздар ерлері мен ағалары, әкелері орнына мұнай кәсіпшілігінде 8-12 сағаттан жұмыс жасап, үндеуге қызу үн қосты. Олар әрбір іске ұйытқы, ынтымаққа тірек, береке-бірлікке мұрындық болып, Жеңіс күнін жақындатуға зор үлес қосты. Асыл аналардың ұрпақтары үзілмей, олардың қыздары да ежелден қалыптасқан қайраттылығын, төзімділігін көрсеткен. Бұлардың қатарында мұнайшы Балғаным Нұрсатқызы Доспаева КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болған алғашқы қазақ әйелі және ол Парламентке үш мәрте сайланды. Балжан Жұмағалиева - ірі мұнай кәсіпшілігін басқарған алғашқы әйел. Сегізалиева Жібек Доссорда қаршадайынан қатардағы мұнайшы боп істеген. Аудан халқы оны Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесіне депутат етіп бірауыздан сайлаған. Нәбира Шағырова саналы өмірін түгел мұнай өндірісіне арнап Еңбек Ері деген құрметті атаққа ие болды. Оның есімімен Мақатта көше атауы бар. Ал ауданымыздың тыл еңбеккерлерінің қажырлы, жанқиярлық еңбегі бір мәрте. Олар, Доссорлы мұнайшы арулар Төлегенова Лена, Төлеуова Қалима Таласбайқызы болса, Мақаттық Жұмағалиева Ырысжан, Исалиева Қапиға, Жұмағалиева Орындық, Бигалиева Үнзада, Кенжегалиева т.б теміржол саласы мен басқа шаруашылықтарда өнегелі еңбектің үлгісін көрсетіп, мемлекеттік марапатқа ие болғандар. Аталған тыл қайраткерлері әлі тың, немере-шөбере сүйіп отыр.
Атыраудан майданға 23 қыз аттанған. Ал қазіргі таңда еліміздегі әйелдердің 10,1 пайызы саяси мемлекеттік қызметші, Парламентте 33 адам немесе депутаттардың жалпы санның 22 пайызы әйелдер, шағын және орта бизнес субъектілерінің 43 пайызын әйелдер басқарса, ал жұмыс орындарының 31 пайызы (964 мың) әйелдер құрайды. Бұл - Тәуелсіздіктің арқасы. Әйелді сөз жүзінде емес, іс жүзінде құрметтеу - ұлағатты үрдіс. Ол Елбасының Жолдауында «Ана мен баланы қорғау» ең басты міндетіміз деген. Шынында да біздің қоғамдағы орны ерекше, кәсібі мен тірлігі мол, жаңа келбетте, жаңаша мазмұн, жаңа сипатқа ие, әйел ана, әйел дана деген теңдеудің көрінісі. Біздің аруларымыз әйел заты үшін салмағы ауыр билік пен сойылы қиын саясаттың алаңынан табылып, әлсізге - қолдау, мұқтажға - қайырымдылық, қорғансызға - көмек көрсете білді. Қоғам мүддесін жоғары ұстап, отбасы мен саяси мансабын және кәсіби жауапкершілігін ұштастырып, ел болуына әділ, әлсізге - қамқор, кедейге пана болған ана ұрпақ тәрбиесінде аналық мейірімі мен шуағын төгіп жүр.Қазақ арулары тұнып тұрған ұлттық тәрбиенің, салт-сананың, дәстүр мен ғұрып, әдемілік пен әдептіліктің тұлғасы. Бұлар адам бойындағы жағымды қасиеттердің бірі. Әдеп-жақсы тәрбие, жақсы мәміле, көркем мінез, ұяттылық, нәзіктік, сыпайлылық.
С.Халенов,
аудандық ардагерлер
Кеңесінің төрағасы