2025 жыл Қазақстанда “Жұмысшылар жылы” деп жарияланғаны баршаға мәлім. Бұл бастама еңбек адамдарының қоғамдағы орнын айқындап, олардың еңбегінің бағасын арттыруға бағытталған үлкен қадам болды.
Еліміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген жұмысшылар – экономика мен әлеуметтік өмірдің барлық саласында табанды еңбек етіп келеді. Мейлі ол мұнайшы, теміржолшы, құрылысшы немесе ауыл шаруашылығы саласының өкілі болсын, әрқайсысының маңдай терімен төгілген еңбегі ел дамуының берік іргетасы саналады.
Жұмысшылар жылы аясында республика көлемінде түрлі іс-шаралар өткізілуде.
Еңбек озаттарын марапаттау, өндірістік форумдар мен конференциялар ұйымдастыру, жас мамандарды қолдау және тәжірибелі жұмысшылардың еңбегін насихаттау.
Одан бөлек, мектептер мен колледждерде еңбекке баулу және мамандыққа бағдар беру бағытындағы бағдарламалар жаңартылды. Бұл жастарды еңбекқорлық пен кәсіби шеберлікке баулудың айқын дәлелі.
Еңбектің қадірін терең сезінген халық қашанда өркендейді. Сондықтан да, жұмысшылар жылы – ел рухын, халықтың бірлігін, еңбектің маңыздылығын айқын көрсеткен ерекше жыл болып қалмақ.
Биылғы жылы еңбеккерлердің даңқын дәріптеп, олардың табанды еңбегіне құрмет көрсету – әр азаматтың борышы.
Еңбек етсең – еленесің. Жұмысшылар жылы – осы ұстанымды қайта жаңғыртқан қасиетті кезең.
Нұрдәулет Тынышқалиев,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің 4 курс студенті