Атырау облысы полиция департаментінің хабарлауынша, 2018 жылдың қараша айында полицияға қала тұрғыны арызданған. Істің фабуласы келесідей: тегершік жөндеу шеберханасында ол кездейсоқ адамнан арзан бағамен машина мен контейнер сатып алуға уағдаласады. Күдікті жәбірленуші мен оның таныстарынан 400 мың теңге алып, бірақ уәде етілген уақытта көлікті де, контейнерді де жеткізіп бермеген. Одан кейін қоңырауларға да жауап бермей, із-түзсіз жоғалып кеткен. Жәбірленуші өзінің алданғанын түсініп, полицияға жүгінген.
- Атырау қалалық полиция басқармасының жедел уәкілдері қылмысқа қатысты деген күдікпен Атырау облысының 35 жастағы тұрғынына іздеу жариялады. Тергеу барысында оның басқа біреудің мүлкін сатуға тырысқаны анықталып, ҚР ҚК 190-шы – "Алаяқтық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалады. Екі жылға жуық құқық қорғау өкілдерінен жасырынып жүрген алаяқтық фактісіне қатысы бар күдікті БҚО-да ұсталды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, - деп хабарлады Атырау облысы полиция департаменті баспасөз қызметі.
Сурет: ашық дереккөз