Бүгінгі бүлдіршін - ертеңгі шәкірт

(0 Votes)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауы халықтың көңілінен шықты. Соның ішінде мектепке дейінгі ұйымдардан бастап жоғары оқу орындарындағы білім сапасы, заманауи оқу жүйесі жөнінде салмақты ойлар мен оң ұсыныстар жиі айтылды.

Президентіміз баланы мектепке дайындау мәселесі жөнінде айтқан өз сөзінде:

-Мектепалды білімге айрықша назар аударған жөн. Мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту ісіне мемлекетпен қатар ата-аналар да жауапты. Сондықтан мектепке дейінгі білім беру саласында әр балаға бөлінетін қаражат отбасының нақты табысына байланысты болуы керек. Осылайша, біз білім беру жүйесін одан әрі жетілдіру арқылы шын мәнінде мұқтаж азаматтарға көмек көрсетеміз және мемлекеттік қолдаудың ашық болуын қамтамасыз етеміз. Түптеп келгенде, азаматтарымыздың әлеуетін арттырамыз,- деген еді.

Иә, балалардың білім алуында тәрбиеші мен ұстаздың орны ерекше. Бүгінгі бүлдіршін - ертеңгі шәкірт. Сол үшін мектеп табалдырығын аттайтын титтей оқушылардың қалам ұстап, ой-пікірін еркін жеткізіп, анық сөйлеуіне біз, яғни, тәрбиешілер зор ықпал етеміз. Бүгінде Мемлекет басшысының мектепалды ұйымдарға көңіл бөлуінің арқасында сапалы шаралар ұйымдастырылып жатыр. Қазір балабақшаларда мектепке дайындық жұмысы ретінде ашық сабақтар, түрлі шаралар өткізіліп, заманауи білім жүйесімен жұмыс жасалынып жатыр. Тәрбиеленушілер оң-солын танып қана қоймай, жазу жазып үйреніп, әріп тануға ынталануда. Сондай-ақ мектепалды ұйым болсақ та балаларымыздың байқауларға қатысуына жұмыстанып, ән, би, сурет салу өнерінен бөлек көркем сөз оқу сайыстарына қатыстырып, өнерге баулып жатырмыз. Нәтижесінде мектеп жасына таяған балаларымыз анық сөйлеп, өз пікірін еркін айтып, еңбегіміз жемісін беруде.

Білім жүйесі заман талабына сай өзгерістерді қажет етері сөзсіз. Алайда өскелең ұрпақтың білім алу барысында олардың ақыл-ойына салмақ түсіп, мектеп табалдырығын аттамай жатып қиналғанын кез келген ата-ана қолдай бермесі хақ. Сондықтан бүлдіршіндердің заманауи технологиямен қызығушылығын оятып, жеңіл үрдіспен зейінін ашсақ олармен жұмыс жасау әлдеқайда жеңіл болары сөзсіз. Мемлекет басшысының осындай мәселелерге бей-жай қарамайтыны көңіл қуантады. Балаларға көңіл бөлінсе болашағымыздың жарқын болатынына сенеміз.

Сандуғаш Айтқұлова,

«Құлыншақ» балабақшасының тәрбиешісі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT